Жақында Арал ауданы әкімінің төрағалығымен «Есіл өзенінің тасқындарын орта ағысында басқару, ағынның бір бөлігін Торғай мен Арал теңізі бассейніне жіберу» жобасы талқыланды. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиынға теңізге жанашыр азаматтар мен сала басшылары, балық, су шаруашылығының ардагерлері мен мамандары қатысты.
Алдымен аудан әкімі Кіші Арал теңізінің қазіргі жай-күйіне тоқталды. Кіші Арал теңізінің жалпы су көлемі 27 млрд текше метрді құраса, қазіргі таңда теңізде 22 млрд текше метрге жуық су бар.
Одан соң аталмыш жобаның ғылыми жетекшісі, «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас ғылыми қызметкері, техника ғылымдарының докторы Оразхан Қарлыханов және «Каспий-Арал бассейнінің экожүйесін жаңғырту және су тасқынын басқару» халықаралық қорының жоба үйлестірушісі әрі менеджері Арман Тоғатай жоба барысымен таныстырды.
Жоба жетекшілерінің түсіндіруінше, Есіл өзенінің тасқын суын ұтымды басқару арқылы алдымен Торғай өзеніне, одан кейін Арал теңізіне бағыттау экологиялық ахуалды жақсартуға, ауданның экономикалық жағынан ілгерілеуіне, Арал теңізінің дағдарыстық жағдайын жоюға септігін тигізеді. Сондай-ақ, су тасқынынан болатын шығын көлемі де азаяды.
Бұл үшін алдымен каналдар жүйесін салу, Торғай өзенінің салаларының арналарын пайдалана отырып, Қостанай облысы Торғай ауданынан «Сарықопа» және Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданынан «Торғай» су қоймасын салуды қажет етеді.
Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесінде бірнеше нұсқа әзірленген. Аталған жобаға «Каспий-Арал экожүйесін жаңғырту және тасқын суды басқару» халықаралық қоры демеушілік жасайтын болады.
Жиынға қатысушылар жобамен таныс болған соң іске асыруда күш-жігерімізді біріктіріп, Кіші Арал теңізін құтқару мен жандандырумен қатар, болашақ ұрпақтың игілігіне де өз үлес қосатындықтарын білдірді.
Басқосу қорытындысымен қатысушылар теңізге су түсіру жобасына қуанышты екендіктерін айтып, бірауыздан қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!