Мәжілісте екі бірдей кодексті су заңнамасымен сәйкестендіруге арналған заң жобасы қаралды, – деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі KAZINFORM сайтына сілтеме жасап.
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген түзетулер су заңнамасын бұзған жеке және заңды тұлғалардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Су қатынастары субъектілерінің жаңа міндеттемелерін енгізу көзделіп отыр», – деді Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев.
Оның сөзінше, аталмыш заң жобасы жер қойнауын пайдалануды реттейтін заңдарды да су заңнамасымен сәйкестендіруге бағытталған.
«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекске өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасында жерасты сулары бөлігінде бірыңғай терминологияны қолдану және оның ерекше экологиялық мәртебесін ескере отырып, Арал теңізінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізуге тыйым салуды белгілеу көзделді», – деді депутат.
Айта кету керек, наурыздың соңына дейін Солтүстік Аралға 1,6 млрд текше метр су жіберу жоспарланған.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!