Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арал  табанына  жаңа  өмір:  дронмен  дән  себу  жобасы  басталды

01.12.2025, 15:05 113

HALYQLINE.KZ

Жарты ғасыр бойы әлем экологтарының дабыл қағып келген Арал трагедиясы енді  жаңа шешімдерге жол ашып отыр. Бір кездері алып айдын болған теңіздің құрғаған табанында жиналған ондаған миллиард тонна тұз бен улы шаң бүгін тек Қазақстанға емес, бүкіл әлемге қауіп төндіретін деңгейге жетті. Иә, Арктика мен Гималайға дейін жететін бұл улы бөлшектер миллиондаған адамның денсаулығына тікелей әсер етеді. Осындай сындарлы жағдайда Болат Өтемұратов қоры халықаралық серіктестерімен бірге Арал түбінің экожүйесін қалпына келтіруге бағытталған инновациялық жобаны іске қосты. Жаңа бастама алғаш рет Е-seed технологиясын, тұқымды өздігінен көметін капсулаларды дрон арқылы отырғызу әдісін нақты шөлейт ландшафтта сынап көрмек. Бұл жоба – өңірдің ғана емес, тұтас планетаның экологиялық қауіпсіздігі үшін шешуші қадам.

Осыған байланысты өткен аптада Болат Өтемұратов қоры Арал теңізін қалпына келтіру жұмыстары басталғаны туралы өзінің серіктесі Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің мамандарымен бірге жариялап, ақпараттандырған болатын.

Арал теңізі әлемдегі ең ірі экологиялық апаттардың бірінің символына айналды. Оның аумағы 90 пайызға дейін тартылып, құрғаған табанынан улы шаңның көзі саналатын миллиондаған гектар сортаң жерлер пайда болды. Экологтардың бағалауы бойынша ондаған миллиард тонна тұз шөгіп, ол желмен мыңдаған шақырымға ұшады екен. Улы заттар мен пестицидтердің қалдықтарына қаныққан бұл шаң топырақты, суды, ауаны уландырып, көптеген елдегі барлық адамзаттың денсаулығы мен азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіруде. Осындай күрделі жағдайда Арал өңірін қалпына келтіру жаңа ғылыми тәсілдер мен халықаралық ынтымақтастықты талап етуде.

Осы тұрғыда Болат Өтемұратов қоры іске қосып отырған пилоттық жоба дәл осы міндетке жауап береді. Бастама Арал түбінің экожүйесін ұзақмерзімді қалпына келтіруге бағытталған және Берклидегі Калифорния университетінің E-seed инновациялық технологиясын нақты жағдайда сынауды көздейді. Бұл технология биологиялық ыдырайтын қабықшаға салынған, өздігінен көміле алатын тұқымдарды дрон арқылы отырғызуға негізделген. Мұндай тәсіл үлкен аумақты тез қамтып, тұқымның топыраққа тереңірек енуін қамтамасыз етеді, нәтижесінде өсімдіктердің жерсінуі айтарлықтай артады. Сонымен қатар, технология еңбек шығындарын азайтып, шөлейттенген аумақтарды қалпына келтіруді бұрынғыдан да тиімді етеді.

Кездесуге Болат Өтемұратов қорының Зерттеу, даму және интернационализация бойынша директоры Темірлан Ербосынов және осы сала мамандары мен Қорқыт ата атындағы ҚУ жанынан ашылған Арал өңірінің экожүйелерін зерттеу халықаралық орталығының жетекшісі, биология ғылымдарының кандидаты Рахат Құрманбаев, Қызылорда облысы бойынша ауыл шаруашылығы және жер қатынастары мамандары және Халықаралық Аралды құтқару қорының эксперттері мен студенттер  қатысты.

Арал теңізі – ғаламшардың жан жарасы, оны елемеуге болмайды. Біз тұз бен улы шаңға қарсы тосқауыл жасайтын, адамдардың денсаулығын жақсартатын және бүкіл Жердің болашағына үлес қосатын жобаны іске қосып жатырмыз. Технологияның бірегейлігі сол, шөлдерді жасыл аймаққа айналдырып қана қоймай, сонымен қатар өртенген ормандарды қалпына келтіруге де, орман отырғызудың тиімділігін арттыруға да ықпал етуге мүмкіндік береді.

Дронмен егу әдісін қолға алмас бұрын көптеген тәсілді байқап, тәжірибеден өткіздік. Нәтижесінде, ең жақсы тәсіл мен өсім түрі АҚШ пен Австралиядан табылды. Бірақ ондағы өсім деңгейі 15-20 пайыздан аспайды. Одан әрі зерттеу жұмысы барысында Беркли университетінің жасаған технологиясына тоқталып, нақты шешімге келдік. Зерттей келе, егілген дәннің ерекшелігі – ылғалды өзіне жинап, өңір ыстығына шыдамды, желмен ұшып кетуден, құстарға жем болудан қорғайды, — дейді Болат Өтемұратов қорының Зерттеу, даму және интернационализация бойынша директоры Темірлан Ербосынов.

Мамандар айтып өткендей, пилоттық сынақ 2026 жылдың наурыз айынан бастап 1 гектар аумаққа тұқым отырғызудан басталады. Егер ғылыми негізделген жерсіну көрсеткіші 20 пайыздан асып түссе, 2027 жылы жоба екінші кезеңге өтіп, Аралдың 50 гектар құрғаған табанына тұқым себу жоспарланған. Эксперименттік жобаның жалпы құны 600 мың АҚШ долларын құрайды. Ғалымдардың айтуынша, инновациялық технологияны тиімді пайдалану галофит өсімдіктерінің өсуіне жағдай жасап, топырақ құрылымын қалпына келтіруге, белгілі бір радиуста шаң мен тұздың таралу деңгейін төмендетуге оң әсер етеді.

Қазіргі уақытта бірнеше түрлі өсімдікті тәжірибен өткізіп, сынақты бастап кеткендіктен, күтілетін үміт зор деп айтқым келеді. Яғни, дронмен әртүрлі өсімдік тұқымдарын егу жұмыстары жүргізілуде. «Дронмен дәндер қалай егіледі?» дейтін болсаңыздар, дрон арқылы жоғарыдан жерге қарай лақтырылған тұқымдар жер астына арнайы үшкір құрылымның көмегімен өздігінен кіріп кетеді. Бұрын айтылғандай, жер бетінде қалып қойып, желмен ұшып кеті қаупі жоқ. Сондықтан да күтілетін нәтиже жоғары.

Бұл бастаманың ықпалынан 2028-2029 жылдары биологиялық алуантүрліліктің артуы күтіледі, яғни жәндіктер, құстар және ұсақ омыртқалы жануарлар қайта көбейіп, ауаның ылғалдылығы артуы мүмкін. Ұзақмерзімді мақсат – 2040 жылға қарай өңірдің микроклиматын жақсартып, температураны 1-2 градусқа төмендету және экожүйені елу шақырымға дейін тұрақтандыру. Бұл – өңірдің болашақ қауіпсіздігіне үлкен үлес қосатын қадам, — деді Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры Рахат Құрманбаев.

Жоба Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев басқаратын Халықаралық Аралды құтқару қорына еліміздің 2024–2026 жылдардағы төрағалығы аясында іске асырылып жатқан бастамалармен тығыз байланысты. Бұл кезеңде бір миллион гектардан астам тартылған теңіз түбін көгалдандыру жоспарланған. Өтемұратов қорының пилоттық жобасы – осы ауқымды жоспарды жүзеге асыруда маңызды ғылыми-тәжірибелік негіз бола алатын бастама.

Арал апаты – тек бір өңірдің емес, бүкіл планетаның мәселесі. Улы шаң шекара танымайды. Ал Аралды қайта жасылдандыру – жаһандық экологиялық қауіпсіздікке қосылған үлес.

Егер бұл жоба күткен нәтижесін берсе, онда бір кездері өмір тоқтаған аймақ қайта тыныстап, шөлдің орнына жасыл белдеу пайда болуы ғажап емес. Бұл – Аралдың тағдырын өзгерте алатын үмітті бастамалардың бірі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: