Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен республикалық кеңес өтті. Күн тәртібінде су тасқынының алдын алу шаралары талқыланды.
Жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысып, аймақтағы су шаруашылығының жағдайын, су тасқынының алдын алу жұмыстары туралы баяндады. Бұл туралы Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазіргі таңда «Шардара» су қоймасынан Сырдария өзенінің төменгі ағысына секундына 650 текше метр су жіберілсе, оның 150 текше метрін Көксарай су реттегіші алады. Облыс аумағына секундына 469 текше метр су келіп түсуде (12.02.2024 жылы секундына 242 текше метр).
«2024-2025 жылдардағы қысқы-көктемгі кезеңде Сырдария өзенінен үлкен көлемдегі суды қауіпсіз өткізу жоспары» бекітілді. Су деңгейін төмендету үшін магистральды каналдар мен көлдердің су алу кестесі әзірленді. Мұздан тазарған соң секундына 1 000 текше метрге дейін су қабылдауға болады.
Су басу қаупі бар 29 аймаққа арнайы техника, күш-құралдары жеткілікті 135 жауапты мекеме бекітілді. Оларда 410 арнайы техника және 1 234 адам күші бар. Су тасқынына қарсы қолданылатын 129,7 тонна жанармай, 95 110 дана қап және басқа да материалдар қоры толық жасақталған. 61 эвакуациялық жинақтау және 71 қабылдау пункті бар. Облыс аумағындағы су шаруашылығының жағдайы тұрақты бақылауда, қауіп жоқ», – деді Н.Нәлібаев.
Айта кету керек, тиісті сала мамандары («Қазгидромет» және «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалдары) Сырдария өзені арнасындағы 10 бекет мен 4 тораптағы су деңгейіне күнделікті мониторинг жүргізеді. Жергілікті атқарушы органдар мен су шаруашылығы мамандары тәулік бойы кезекшілікте.
Арнайы мамандандырылған мекемемен мұз жару бойынша да келісімшарт жасалды.
Өткен жылы 3 нысандағы қорғаныс бөгеттерін жөндеу-қалпына келтіруге облыстық бюджеттен қаржы бөлінді, бюджеттен тыс көздер есебінен 20 нысанда да осындай жұмыстар атқарылды.
Облыс аумағында 37 гидротехникалық құрылыс бар, коммуналдық меншіктегі 3 су қоймасына тексеру жүргізіліп, қауіпсіздік декларациясы рәсімделді. Биылғы күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы қарастырылуда.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!