ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында «Ауыл» партиясы» фракциясының депутаттары және Аграрлық мәселелер комитеті мүшелері елдегі мал шаруашылығын жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесі көтерілді. Депутаттар Үкімет бекіткен 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру үшін ең алдымен жем-шөп базасын нығайту қажет екенін айтты.
Депутаттық сауалда алдағы бес жылда еліміздегі мал басын 47 миллионға дейін ұлғайту және ет экспортын екі есе арттыру міндеті қойылғаны атап өтілді. Бұл агроөнеркәсіптік кешен үшін маңызды бастама болғанымен, оған жету үшін мал азығы қорын жеткілікті деңгейде қалыптастыру шешуші мәнге ие екені айтылды.
Мәжілісте келтірілген мәліметке сүйенсек, қазіргі жоспар бойынша жем-шөп дақылдарының егіс алқабын 4 млн гектарға дейін жеткізу көзделген. Алайда депутаттар бұл көлемнің жеткіліктілігіне күмән келтірді. Олар өткен ғасырдың 90-жылдарында Қазақстанда мал басы шамамен 50 млн болған кезде жем-шөп дақылдарының алқабы 11 млн гектарды құрағанын алға тартты. Осыған байланысты, мал санын 47 млн-ға дейін жеткізу жоспарланып отырған жағдайда 4 млн гектар егістікпен жеткілікті азық қорын қалай қалыптастыруға болатыны нақтылауды қажет ететіні айтылды.
Депутаттар бұл салада қордаланған бірнеше жүйелі мәселені атады. Олардың айтуынша, жем-шөп өндірісі әлі күнге дейін табиғи-климаттық жағдайларға тікелей тәуелді. Қуаңшылық жылдары шөп түсімі күрт төмендеп, мал азығының тапшылығы сезіледі. Бұған қоса, елде суармалы жер көлемі жеткіліксіз, ал қолданыстағы суару инфрақұрылымының бір бөлігі ескірген. Каналдардың тозуы, су үнемдеу технологияларының баяу енгізілуі де саланың дамуын тежеп отыр.
Сонымен бірге Мәжіліс отырысында мал азығы дақылдарының өнімділігі төмен екені де айтылды. Көптеген шаруашылықта ескі агротехнологиялар қолданылады, сапалы тұқым мен заманауи техника тапшы. Әсіресе шағын және орта шаруашылықтардың қаржылық әрі техникалық мүмкіндігі шектеулі екені атап өтілді. Бұдан бөлек, тұқым шаруашылығы мен селекциялық жұмыстардың әлсіздігі де өзекті мәселе ретінде көрсетілді.
Осыған байланысты депутаттар Үкіметке жем-шөп өндірісін дамытуға бағытталған жүйелі шаралар қабылдауды ұсынды. Атап айтқанда, жем-шөп дақылдарының алқабын 2030 жылға қарай кезең-кезеңімен кемінде 10 млн гектарға дейін ұлғайту, қуаңшылыққа төзімді дақылдарды көбірек егу және өңірлерге нақты жоспарлы тапсырма беру қажет екені айтылды.
Сондай-ақ су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, суару инфрақұрылымын жаңғырту, селекция мен тұқым шаруашылығын дамыту, жем-шөп өндірісіне берілетін мемлекеттік қолдауды күшейту мәселелері де көтерілді. Депутаттар фермерлер сатып алатын тұқым құнын субсидиялау көлемін арттырып, дәлме-дәл егіншілік пен агромониторинг секілді цифрлық технологияларды енгізуді ұсынды.
Депутаттық сауалда Үкіметтен мал шаруашылығын жем-шөппен қамтамасыз ету мәселесіне жан-жақты талдау жүргізіп, жем-шөп базасын күшейтуге бағытталған нақты шаралар қабылдау сұралды.
Фото: kazgazeta.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!