Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Делегаттар Нағи Ілиясов ауылының тұрмыс-тіршілігімен танысты

17.08.2024, 18:45 116

Сенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі – ауылды дамытудың негізі» атты республикалық семинарға қатысты. Іс-шараға ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, Парламент Сенатының, Мәжілісінің депутаттары, ведомство басшылары, барлық облыс әкімдерінің орынбасарлары, ауылшаруашылығы басқармаларының басшылары және ірі шаруашылық құрылымдарының төрағалары арнайы келді.

Алдымен аймақ басшысы делегация өкілдерімен бірге Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов ауылына барып, елді мекендегі көркейту, абаттандыру жұмыстарын көрді. Ауылдық округ орталығында «Абзал и К» толық серіктестігінің демеушілігімен бірқатар әлеуметтік нысан салынған, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жыл сайын жүргізілуде. Тұрғындардың пікірінше, ауыл қаладан кем емес.

Қазақстанның Еңбек Ері, «Абзал и К» толық серіктестігінің директоры Абзал Ералиев делегация мүшелеріне ауылда салынған әлеуметтік нысандарды таныстырды.

Мәселен, «Еңбек аллеясында» тұрғындардың демалуына барлық жағдай жасалған. Брусчатка төселіп, темір шарбақтармен қоршалған. Орындықтар, беседкалар, төр жағына далалық сахна және жарықшамдар, субұрқақтар орнатылған, гүлдер, газон отырғызылған. Аллея ортасына күріш бейнесіндегі орнамент тұрғызылған.

Мұнан бөлек, компания елді мекеннің орталық алаңын көркейтіп-көгалдандырып, канн, петуния, авалон, катарантус, пеларгония гүлдерін еккен. Сонымен қатар, 12 көше бойындағы ағаштар күтімге алынған. Гүл егу, тал отырғызу және тазалық жұмыстарын ауылдың 30 тұрғыны атқарады.

Серіктестіктің демеушілігімен ауылдық округ әкімдігінің ғимараты пайдалануға беріліп, мәдениет үйі қайта жаңғыртылды. №132 орта мектеп және «Балдырған» бөбекжай- балабақшасы күрделі жөндеуден өтіп, жаңа дәрігерлік амбулатория салынды. Сондай-ақ, компания мешіт тұрғызып, сауда орталығын ашты. Мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясында 2015 жылы 1000 орындық спорт кешені пайдалануға берілді.

Заманауи, көрікті ауыл тұрмысын қонақтар жоғары бағалады. Әрі қарай «Ауыл аманаты» жобасы аясында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін тамашалады. Аймақ кәсіпкерлері Сыр өңірінде шығарылатын тамақ өнімдері мен өзге де тауарларын ұсынды. Оның ішінде қақталған балық, тартылған ет және шұжық, қаз, үйрек, бөдене еті, сүт өнімдері, бал, жеміс-жидек пен көкөністер, нан-тоқаш, жартылай дайын өнімдер бар. Сонымен қатар, попкорн, жүгері сусыны секілді ерекше өнімдер таныстырылды. Өңірде пластик шөлмек, құрылыс материалдары, ұлттық киімдер, көрпе-жастық, қолөнер бұйымдары, дәретхана қағазы секілді заттар да шығарылуда.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: