Сұранысқа сай маман болу – қазіргі заман талабы. Әлемде адамдарға көмек көрсетуге бағытталған, сұранысқа ие сан алуан мамандық бар. Солардың бірі – дефектология білім беру бағдарламасы. Бұл білім беру бағдарламасы өзіндік ерекшеліктерге ие, өйткені ол педагогика, медицина, психология тәрізді бірден бірнеше ғылымның элементтерін біріктіреді. Дефектолог психикалық немесе физикалық дамуында ауытқулары бар ерекше білім алуды қажет ететін балалармен жұмыс істейді. Ол маңызды әлеуметтік тапсырманы орындайды, ерекше бүлдіршіндерге қоғамда әлеуметтенуге және бейімделуге көмектеседі.
Сөз болып отырған білім беру бағдарламасы «Болашақ» университетінде 2010-2011 оқу жылында ашылған. 2018 жылдан бері өңірдегі сұранысқа байланысты бұл білім беру бағдарламасына облыс басшылығы тарапынан «Әкім гранты» бөлініп, осы мамандыққа құлшынысы бар бітірушілерге мүмкіндіктер есігі ашылуда. Жыл сайын 80-100-ге жуық түлек бітіріп, маман ретінде еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етіп келеді.
6B01901-Дефектология білім беру бағдарламасы мамандандырылған аккредиттеуден 2020 жылы «Аккредиттеудің тәуелсіз Қазақстандық орталығынан» 5 жыл мерзімге өтіп, куәлікке ие болды. (Тіркеу нөмірі: НЕ-SA №00009, берілген уақыты 13.06.2020 ж.).
Кафедраның профессор-оқытушылар құрамы ғылым кандидаттары мен білікті ұстаздардан құралған. Кафедраның әрбір профессор-оқытушысы студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарға қатысу тиімділігін арттыру бойынша іс-шараларды ұдайы ұйымдастырып отырады. Нәтижесінде, соңғы 5 жылда студенттер республикалық және халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, түрлі басылымда олардың 100-ге жуық мақаласы жарық көрді.
«Болашақ» университетінің құрылтайшысы, мемлекет және қоғам қайраткері, ҰҒА академигі Б.Досманбетов аталған білім беру бағдарламасының талаптарына сәйкес келетін материалдық-техникалық базаға аса назар аударып, жыл сайын қомақты қаржы бөліп, қажетті құралдармен жабдықтауда.
Студенттердің теориялық білімін тәжірибемен ұштастыру, жас ұрпақтың білікті маман болып қалыптасуына жол ашу мақсатында «Қызылорда облысы білім басқармасының №1 «Облыстық балалар оңалту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде университеттің «Арнайы педагогика және психология» кафедрасының филиалы ашылып, жұмыс істейді. Студенттер кафедра филиалында оқу үдерісінің практикалық бағытын жетілдіріп, кеңейтіп, сонымен бірге мекеме қызметкерлерімен бірлескен ғылыми-зерттеулер жүргізіп, олардың нәтижелерін өндіріске енгізеді. Осы мекемемен тығыз қарым-қатынас жасау барысында ерекше білім алатын бүлдіршіндерге 2019 жылдан бері университет тарапынан демеушілік жасалынып келеді. Сонымен қатар, дуалды оқыту жүйесі негізінде бірқатар мекемемен келісімшарт негізінде студенттер теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыра алады.
Кафедра студенттері «Дефектология» білім беру бағдарламасы бойынша республикалық пәндік олимпиадаларға белсене қатысады. Мәселен, 2019 жылы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ұйымдастыруымен өткізілген ХІ Республикалық пәндік олимпиадада университетіміздің «Belief» командасы жүлделі ІІІ орынға ие болса, 2021 жылы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің ұйымдастыруымен өткізілген ХІІІ республикалық пәндік олимпиадада «Intelligense» командасы «Шығармашыл зерттеу тәсілі» номинациясымен маратталып, 3-курс студенті Шолпан Ермағанбет жүлделі ІІІ орынды иеленді.
2022 жылы кафедраның аға оқытушысы, п.ғ.к. С.Жәнібекованың жетекшілігімен Деф-18-1 оқу тобының студенті Нартай Айгузин «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы мен Үздік студенттер академиясының ұйымдастырумен президент Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласын жастардың арасында кеңінен насихаттау мақсатында өткізілген «Жастар саясаты – ел болашағының жарқын кепілі» тақырыбындағы республикалық байқауға қатысып, жүлделі ІІІ орын дипломымен марапатталды.
Студенттердің өз мамандығының қыр-сырын меңгеруіне, білім-біліктілігін тәжірибе жүзінде қолдану шеберлігін қалыптастыруына бағытталған көптеген іс-шара жоспарланып, жүйелі түрде жүргізіліп отырады. Соның негізінде, ерекше білім алуды қажет ететін балаларға білім беру, тәрбиелеу, дамыту, диагностикалау және түзету жұмыстары бойынша тәжірибелерін одан әрі жетілдіру мақсатында «Болашақ дефектологтар» атты 1-4-курс студенттері мен кафедра оқытушыларынан құралған үйірме жұмыс істеп келеді. Үйірме барысында студенттер бір-бірімен пікір алмаса отырып, шығармашылық қабілеттерін дамытады, кәсіби шеберлігін жетілдіреді. Студенттер мен оқытушылардың қарым-қатынасы нығая түседі.
Оқытушы-профессорлар құрамы университеттің және жоғары мектептің қоғамдық өміріне белсене араласып, кездесулер, дөңгелек үстелдер мен конференциялар ұйымдастыруға ат салысады. Атап айтар болсақ, 2023 жылдың 13 сәуірінде «Арнайы педагогика және психология» кафедрасының ұйымдастыруымен ерекше білімді қажет ететін балаларды инклюзивті оқыту нәтижесіне сәйкес, әр оқушының жемісті білім алуы үшін қолдау көрсету мақсатында «Ерекше білімді қажет ететін балаларды қолдау – қоғам қажеттілігі» тақырыбында облыстық семинар өткізілді. Семинар барысында Қызылорда облысы бойынша ерекше қажеттіліктері бар балаларды медициналық және әлеуметтік қолдау шаралары, инклюзивті білім берудегі ерекше білімді қажет ететін оқушыларды оқыту мен тәрбиелеудің ерекшеліктері, ерекше күтімді қажет ететін балаларға оңалту орталығында көрсетілетін қызмет түрлері, жалпы білім беретін мектептерде инклюзивті колдау кызметтерін ұйымдастырудың маңыздылығы, аутизм спектрінің бұзылуы бар балалардың түсінік деңгейін қалыптастыру мәселелері талқыланды. Университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер семинарға белсене қатысып, кеңес алып, іс-тәжірибе жинақтады.
Семинарда Қызылорда облысы білім басқармасының «Облыстық балалар оңалту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Ж.КИбраимова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Ана мен бала денсаулығын қорғау» бөлімінің маманы М.Мырзаханова, Т.Есетов атындағы №264 мектеп-лицейіндегі облыстық ресурстық орталықтың педагог-ұйымдастырушысы С.Кумекбаева, Қызылорда облысы білім басқармасының «Асыл Мирас» аутизмі (аутистік спектр бұзылыстары) бар балаларды қолдау орталығы КММ дефектолог мамандары М.Қожабеков, Д.Әлмамбет, А.Матназарова баяндама жасап, өз тәжірибелерімен бөлісті.
2023 жылдың 13 қазанында «Арнайы педагогика және психология» кафедрасының филиалы орналасқан Қызылорда білім басқармасының №1 облыстық балаларды оңалту орталығында кафедраның аға оқытушылары Айнұр Бақытбайқызы, Сандуғаш Зиядинқызы «Ерекше білімді қажет ететін балалардың ата-аналарына педагогикалық-психологиялық қолдау» тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Тренингтің мақсаты – ата-аналарға педагогикалық-психологиялық қолдау көрсете отырып, баланы қоғамға біріктіру. Тренинг барысында ата-аналар белсенділік танытып, жаңа мәліметтер алды. Тренинг бірнеше кезеңді қамтыды.
2023 жылдың 12 қазанында «Аутизм спектрінің бұзылуы бар балалардың түсінік деңгейін қалыптастыру» тақырыбында Қызылорда облысы білім басқармасының «Асыл Мирас» аутизмі (аутистік спектр бұзылыстары) бар балаларды қолдау орталығының тәжірибелі педагогтары А.Кәрімбаева және С.Муратбаева «Арнайы педагогика және психология» кафедрасына қарасты «Дефектология», «Логопедия», «Педагогика және психология» білім беру бағдарламаларының студенттеріне дәріс өткізді. Іс-шара барысында аутистік бұзылыстары бар балаларды психологиялық-педагогикалық сауықтырудың мақсаты, міндеті, айқындамалары, клиникалық-психологиялық мінездемелері, жұмыстың бастапқы сатысында аутистік бұзылыстары бар балаларға арналған арнайы дамыту тақырыптары аясында дәрістер оқылып, мамандар тәжірибелерімен бөлісті. Білім алушылар өз ой-пікірлерін ортаға салып, белсенділік танытты. Олардың барлық сауалына мамандар нақты әрі толық ақпарат берді.
2023 жылдың 20 қарашасында 3-курс студенттері дуалды оқыту жүйесі бойынша білім алатын Қызылорда облысы білім басқармасының «Асыл Мирас» аутизмі (аутистік спектр бұзылыстары) бар балаларды қолдау орталығында «Алтын күз-2023» атты байқау ұйымдастырды. Байқау барысы «Авангард шоу», «Икебана» және «Өз өнерін көрсету» секілді бөлімдерді қамтыды. Үздік өнер көрсеткен балалар марапаттарға ие болды.
Жоғарыда әңгіме болған іс-шаралар «Болашақ» университеті «Арнайы педогогика және психология» кафедрасы оқытушы-профессорлар құрамының студенттерге беріп жатқан сапалы білім, саналы тәрбиесінің бір көрінісі ғана. Ертеңгі күні қоғам аутистік спектр бұзылыстары бар немесе қалыпты адамдар болып екіге жарылмай, балаларымыздың бірдей сапада білім алуына «Болашақ» университетін «Дефектология» білім беру бағдарламасы бойынша тамамдаған түлектердің өлшеусіз қызмет жасайтынына сеніміміз мол.
Дефектология сөзі, қазақтың қарапайым тілімен айтқанда, ауытқушылығы бар балаларды әлеуметтендіру, тәрбиелеу, оқыту, үйрету дегенге саяды екен. Адам болғаннан кейін ағзадағы жетіспеушіліктер немесе аздаған кемшіліктер болуы мүмкін екені даусыз. Ал, ол кемшіліктерді қалпына келтіріп, баланың бойындағы ерекше қабілеттерін оятатын мамандар дайындауда «Болашақ» университетінің алдыңғы қатарда екеніне дау жоқ. Қаратаудың қойнауындай тереңде жатқан кенді ашып, білім мен ғылымның жемісті дәмін таттыратын, армансызға арман ұялатып, қанатсызға дарын қанатын бітіретін ғажайып күш иелерін дайындаудағы қызметіміз нәтижелі болғай!
М.Қасымбекова,
Қызылорда «Болашақ» университеті Арнайы педогогика және психология кафедрасының меңгерушісі, әлеуметтік ғылымдар магистрі
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!