Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Pfizer мен BioNTech компаниялары шығаратын вакцинаны Covid-ке қарсы жедел қолдануға рұқсат берді. Вакцина қауіпсіздігі мен тиімділігі жағынан барлық талапқа сай және қатерлі дертке қарсы пайдалануда артықшылықтары бар екен.
ДДСҰ коронавирус инфекциясына қарсы күресуге қажетті бірақ, сынақ нәтижелері әзірге көпшілікке белгісіз вакцинаны жедел егуге рұқсат беріп отыр. Бұл шешім әлем елдеріне лицензия берудің ішкі тәртібін жеделдетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, БҰҰ енді вирусқа қарсы вакцинаны кедей елдерге сатып алуды бастай алады.
Айта кететін жайт, бұл – ДДСҰ-дан қолдануға рұқсат алған алғашқы вакцина. Қазіргі таңда екпені АҚШ, Ұлыбритания және Еуроодаққа мүше елдер Covid-ке қарсы қолдануды бастап кеткен.
Естеріңізге сала кетсек, ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап елімізде ресейлік «Спутник V» вакцинасын егу жұмыстары басталады. Ал Pfizer вакцинасы тек екінші жартыжылдықта ғана жеткізілуі мүмкін. Өкінішке қарай, үздік деп танылған екпені ертерек алу мүмкін болмай тұр.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!