Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Дәулет Мұқаев тұрғын үй бағдарламаларын сынады

05.04.2023, 14:05 253

HALYQLINE.KZ Мәжіліс депутаты «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламаларының талаптарына өзгеріс енгізуді ұсынды.  

«Үйі жоқтың, күйі жоқ… Елімізде қолжетімді баспана – ең өзекті мәселелердің бірі. Халқымыздың «Ұлы дала квартиранттары» атанғаны да жанға қатты батады. Анығын айтқанда, үйсіз-күйсіз жүрген қазақстандықтарды қолжетімді және сапалы баспанамен қамтамасыз ететін мемлекеттік бағдарламалар қолжетімді болмай отыр», – деді ол ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында. 

Ел алдында Дәулеттен аталып кеткен депутаттың сөзінше, бүгінгі таңда тұрғын үй бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар халықтың сұранысын қанағаттандырмайды. Сондықтан депутат ел арасынан жиналған мәліметтер мен сұраныстар нәтижесі бойынша  өзінің төрт ұсынысын айтты. 

«Біріншіден, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламаларының талаптарына өзгеріс енгізу. «Бақытты отбасы» бағдарламасы елімізде 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жыл сайын бюджеттен 50 млрд теңге төңірегінде ақша аударылып, 8 мыңға жуық отбасы үйлі болды. Бағдарлама аясында максималды несиелеу сомасы аймақтар бойынша (Алматы, Астана, Шымкент, Атырау, Ақтау) максималды сома 15 млн теңгеге тең еді. 2019-2020 жылдары бұл ақшаға 2 бөлмелі үй алуға мүмкіндік болса, қазіргі уақытта пәтер бағасы өскеннен тек 1 бөлмелі үй алуға мәжбүр. «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында көпбалалы отбасы деп кемі 4 бала олардың ата-анасын қоссақ, кемі 6 адам. Дәл қазіргі уақытта жаңа үйлер конкурс негізінде берілгендіктен, кейбір отбасылар 32-40 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтерде тұруға мәжбүр. Осыған байланысты бұл бағдарламаға өзгеріс қашан жасалмақ?», – деп сұрады Дәулет Мұқаев.

Екіншіден, Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымдастыру департаментінің мәліметі бойынша 2022 жылы 129 707 жұп некеге тұрса, 51 220 жұп ажырасқан. Бұл дегеніміз үйленген жастардың 40%-ға жуығы, яғни, әрбір үшінші жұп ажырасады деген сөз. 

«Ажырасудың басты себебі материалдық қажеттілік екенін ескерсек, баспана – бірінші орында. Жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету біршама мәселелердің алдын алары сөзсіз. Сондықтан мемлекеттік деңгейде «Жас отбасы» бағдарламасын бастапқы жарнасы 10 пайыздан аспайтындай ұсынамын. Бүгінгі таңда «Отбасы банкі» тарапынан жүзеге асып жатқан «Жас отбасы» бағдарламасында бастапқы жарна – 50%-ды құрайды. Мұндай қаражат жинау жастарға қиындық тудыртады», – деп түсіндірді Дәулет Мұқаев. 

Депутаттың кезекті ұсынысы, «7-20-25» бағдарламасына қатысты болды.  Ол жоба жұмыс істеп тұр деп есеп беріп, бірақ несие беруді шектеген бағдарлама операторын сынға алды.  

«Бағдарлама ұйымдастырушылары «ақша бар, бәрі жақсы, бағдарлама жұмыс істеп тұр» деп көрсетеді. Бірақ неге бұл жағдайда «7-20-25» бағдарламасы бойынша қазір Қазақстанда бірде-бір банк ипотека бермейді? Себебі маусым сайын лимит қойып қойған. Халық банктер алдында түнеуге мәжбүр болуда. Бұл тұрғыда «7-20-25″ бағдарламасы бойынша лимитті алып тастау қажет. Бағдарлама 2029 жылға дейін созылады дегенімен, оған дейін аты бар заты жоқ бағдарламаға айналуы әбден мүмкін. Мыңдаған адам банктен мақұлдау алғанымен, лимит кесірінен үйдің кілтін ала алмай жүр», – деді Мұқаев. 

Оның төртінші көтерген мәселесі жастарға берілетін жалдамалы пәтерлерге қатысты болды. Айтуынша, жыл сайын Астана, Алматы, Шымкент қалаларында кемі 1000 пәтерден 3000 пәтер берілу керек. Алайда, үйдің уақытында салынбауынан жастар жалдамалы пәтерлерін өткен жылы (2022) толық алмады. Яғни, бағдарлама істеп тұрған жоқ. 

«Жастар санаты 29 жастан 35 жасқа дейін өскендіктен, алдағы уақытта берілетін пәтерлер саны да өсуді талап етеді. Әрі бұл бағдарлама тек 3 қаламен ғана шектелмей, еліміздің барлық аймақтарында іске қосылу керек. Осы мәселеге байланысты Үкімет тарапынан нақты қандай іс-шаралар атқарылмақ», – деп сұраған мәжілісмен баспанаға  деген мұқтаждықты жою мақсатында мемлекеттік бағдарламаларды жаңартып, қайта қару қажет деп есептейді. 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: