Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бұқараны басқарудың 10 тәсілі

18.12.2025, 10:40 133

Көп адам өз ойы, көзқарасы мен ұмтылысы мұқият жоспарланған үгіт-насихаттың нәтижесі екенін тіпті аңғармайды. Себебі саяси биліктің мақсаттары мен ел азаматтарының мүдделері жиі бір-біріне қайшы келеді, сондықтан үкімет өзіне қажетті нәтижеге қол жеткізу үшін түрлі әдісті қолданады. Ол халықтың санасын, соның нәтижесінде іс-әрекеттерін басқарады. Адамдар қазіргі саясатқа наразы болмас үшін  билік  олардың  ойларын  бағыттап, түзетіп  отырады.

Осы әлеуметтік құбылыстарды байқап, түсіну үшін жағдайға әр қырынан қарап, түрлі деңгейде талдай білу маңызды. Массачусетс технологиялық институтының лингвистика профессоры, көрнекті америкалық саяси публицист, философ және теоретик Аврам Ноам Хомский биліктің халықты жаппай басқару  үшін  жиі  қолданатын  әдістерін сипаттаған.

1-әдіс. Назарды басқа жаққа бұру

Халықтың санасын басқарудың ең қарапайым әрі ең тиімді тәсілі – адамдардың наза­рын үкімет қабылдап жатқан маңызды мәселелер мен шешімдерден басқа жаққа аудару. Биліктің шынайы жоспарлары туралы халық ойланбас үшін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы оларға түкке тұрмайтын, мәнсіз ақпарат  көп  көлемде  ұсынылады.

Бұл тәсіл өте тиімді, өйткені адам психология, қазіргі заман философиясы, экономика, алдыңғы қатарлы технологиялар сияқты маңызды салаларда терең білімге ие болмағандықтан әлсіз. Керісінше, шоу-бизнес, спорт, телесериалдар мен мистицизм туралы жаңалықтар  кең  көлемде  таратылады.

Негізгі мақсат – адамның төменгі инс­тинктісін ояту: оның ойын тамақ, жыныстық қатынас және «басқалардың жағдайы менен де жаман» деген ойға аудару. Мұндай жағдайда адам дамымайды, әлемде шын мәнінде не болып  жатқанын  түсінуге  ұмтылмайды.

Мақсат – адамның уақытын толықтай жұтып қойып, ойлануға мүмкіндік бермеу. Сонда оны басқару, манипуляция жасау әлде­қайда  жеңіл  болады.

2-әдіс. Ойлаудан эмоцияға назарды ауыс­тыру

Эмоция – адамның логикалық ойлау қабіле­тін әлсіретеді. Бұл тәсіл нейролингвис­тикалық бағдарламалауда жиі қолданылады. Эмоцияға әсер ету арқылы манипулятор екі бағытта бірдей жұмыс істейді: тыңдаушының рационалды ойлап, ақпаратты сыни тұрғыдан талдау қабілетін бұғаттайды және адамның түйсігіне қол жеткізіп, сол жерге идея, көз­қарас, қорқыныш, күдік, тілек немесе қажет мінез-­құлық  үлгілерін  «енгізе»  алады.

Адамдар қорқынышты терактілер, жаппай қырғын, Африкадағы аш балалар, биліктің әділетсіздігі туралы естігенде, олар қорқыныш, үрей, қайғы, мұң, аяушылық сияқты жағымсыз эмоциялар сезінеді, бірақ бұл құбы­лыстардың себептері туралы ойламайды. Біз оқып  отыр­ған  ақпарат  рас па? Неліктен осындай оқиғаларға жол беріледі? Шынымен оларды болдырмау мүмкін емес пе? Эмоцияға толы адам болып  жатқанның  шынайы  себептерін  түсінуге  қабілетс­із.

3-әдіс. Қиындықты әдейі тудыру, кейін оның «шешімін» ұсыну

Бұл әдісті «проблема – реакция – шешім» деп атауға болады. Билік әдейі бір мәселе туындатады, ол халықтан алдын ала белгілі реак­ция күтетіні анық. Халық өзі сол мәселені шешуді талап етеді және дәл билікке қажетті, алдын  ала  жоспарланған  шараларды  күтеді.

Арнайы медиа арқылы, мысалы, қаладағы қылмыс деңгейі күрт өсті деп халықты сен­діруге болады. Сонда тұрғындар қауіпсіздік шараларын күшейтуді және өз азаматтық бостан­дығының  шектелуін  өздері талап етеді. Немесе жасанды түрде экономикалық дағдарыс тудыруға, террористік не техногендік қауіп қалыптастыруға болады. Халық мұндай жағдайдың салдарын жоюға, әлеуметтік құқықтарын шектеуге дайын бола бастайды. Алайда, есте сақтайтын жайт бар: ешбір дағдарыс  өздігінен  пайда  болмайды.

4-әдіс. Халықтың ақпаратқа қол жеткізуін шектеу

Халықты бақылаудың тағы бір тәсілі – адамдардың ойлануын тоқтату, тіпті мүлде ойлануға мүмкіндік бермеу. Оларға тек өз міндеттерін орындауға жететіндей, бірақ мани­пуляцияның жүріп жатқанын түсінбеуге бола­тын көлемде әрі мазмұнда ақпарат беріледі. Егер адам бұқараға ықпал етудің әдістері мен принциптерін білсе, оны басқару әлдеқайда қиын болады, сондықтан мұндай ақпарат әдейі жасырын  ұсталады.

Мысалы, қоғамның төменгі топтарына берілетін білім сапасы барынша төмен әрі үстірт болуы тиіс, сонда надандық деңгейі өзгеріс­сіз қалып, төменгі тап пен жоғарғы тап арасындағы алшақтық сақталады. Ал жоғары тап өкілдеріне керісінше, сапалы әрі толық­қанды  білім  беріледі.

Осылайша, жалпы білім беретін мектептердің қатарында лицейлер мен басқа да арнау­лы оқу орындары жұмыс істейді, ал ол жерге тек қоғамда ықпалды, беделді ата-­аналардың балала­ры ғана түсе алады. Мәселе тек ақшасында емес: сіз балаңыздың оқуына қажетті қаражатты толық ұсынсаңыз да, бәрібір қабылдамай қоюы мүмкін, өйткені мұндай орындарға тек «таңдалғандар» ғана қабылданады, ал тізімдер «жоғарыда» жасалады. Сондай-ақ, «дұрыс» деп танылған белгілі көзқарастар әдейі насихатталады, ал олармен келіспеген адамның ойы тар деп жарияланып, оның пікірі жұртқа  жеткізілмейді.

5-әдіс. Біртіндеп  енгізу

Халыққа қолайсыз болатын өзгерістерді енгізу үшін оларды біртіндеп енгізу жеткілікті. Жұмыссыздықтың артуы, халық табы­сының төмендеуі, тұрақсыздық, өмір сүру деңгейінің нашарлауы, салықтың көтерілуі, жекешелендіруді енгізу, жұмыс орындарының қысқаруы – осы тәсілдер арқылы жүзеге асыруға болатын жағымсыз жаңалықтардың тек  бір  бөлігі  ғана.

Егер мұндай өзгерістер бір сәтте болса, жаппай қарсылыққа немесе тіпті көтеріліске әкелуі мүмкін еді. Ал біртіндеп енгізу тек наразылық пен өсек-аяң тудырады, кейде тіпті ешқандай  реакция  болмайды.

6-әдіс. Таяздықты  насихаттау

Бұл әдіс халықтың ақпаратқа қол жеткізуін шектеумен тығыз байланысты. Бұқаралық ақпарат құралдарына үкімет «қазіргі әлемде ақымақ, тәрбиесіз, арсыз болу – сән» деген ойды халыққа сіңіруді тапсырады. Әртүрлі ақпарат көздерінен саясатта, ғылымда, өнерде, дінде және басқа салаларда адамдардың орташа немесе тіпті әдепсіз мінез-құлқы тура­лы хабарлар пайда бола бастайды. Біз күн сайын жұлдыздардың тұрпайы әрекеттерін, даулы жанжалдарды, сиқырды, күмәнді әзілді естиміз.

Осының нәтижесінде қоғам азғындап, сана­ны пайдалы біліммен толықтыру мүмкіндігінен айырылады, ой-өрісін кеңейтуден қала­ды. Егер адамдар ақылды бола бастаса, олар айналасында не болып жатқанын түсінеді. Бірақ бұл ешкім­ге қажет емес, тіпті саяси және экономикалық  элита үшін қауіпті болуы мүмкін.

7-әдіс. Орындауды  кейінге  қалдыру

Бұл да – жағымсыз ақпаратты жеткізудің тиімді тәсілдерінің бірі. Әдістің мәні – адамдарға: «Өзгерістер жағымсыз, бірақ олар өте қажетті. Алайда бұл өзгерістер қазір емес, кейін жүзеге асады» деп айту. Мақсат – халық­тан идеяны болашақта іске асыруға келісім алу. Адам баласы қазіргі сәттегі емес, болашақтағы құрбандықтарға  оңайырақ  келіседі.

Мысалы, «біз электр энергиясының бағасын 3 жылдан кейін көтеруге мәжбүрміз» деген сөз халыққа «бағаны дәл қазір көтеру керек, өйткені бұл аса маңызды» дегеннен әлде­қайда жеңіл қабылданады. Біріншіден, уақыт өте келе адамдар бұл өзгерістердің ерте ме, кеш пе болатынын мойындап, сол ойға үйренеді, ал сол сәт келгенде оны үндемей қабылдайды. Екіншіден, біз өз-өзімізді «мүмкін бұл құрбандықтың қажеті болмай қалатын шығар, бәрі жақсы болып кетер» деген аңғал үмітпен жұбатуға  бейімбіз.

8-әдіс. Кінә  сезімін  күшейту

Бұқараны басқарудың  тағы  бір  тиімді тәсілі – адамды өзінің барлық қиындығы үшін тек өзі кінәлі екеніне сендіру. Мәселен, оның ақыл-ой қабілетінің жеткіліксіздігінде, дұрыс емес мінез-құлқында немесе жеткілікті күш салмай жүргенінде деп түсіндіріледі. Нәтижесінде адам бәріне өзін айыптап, кінә сезіміне батып, өзін-өзі жазғыра бастайды. Бұл күйзеліс тудырып, әрекетсіздікке әкеледі. Ал нақты әрекет пен рухың өршіп тұрмаса жүйеге қарсы шықпайсың, революция ұйымдастырып немесе  тіпті  наразылыққа  қатыспасың  анық.

Адамды өзінің дәрменсіздігіне және құн­сыздығына сендірудің көптеген әдісі бар, оларды қажет болған жағдайда билік халыққа керек ой қалыптастыру және олардың әреке­тін бағыттау үшін пайдаланады. Мысалы, адамдарға олардың өмір сүру деңгейі төмен, себебі олар жеткілікті білімді емес, аз немесе нашар жұмыс істейді деп сендіруге болады. Ал, шын  мәнінде, себеп төмен жалақы мен жоғары  салықта  болуы  мүмкін.

9-әдіс. Халықпен  бала  секілді  сөйлесу

Халыққа жетілмеген, инфантильді адамдар ретінде қарау – сананы манипуляциялаудың және оны шексіз бақылаудың тиімді тәсілі. Кең аудиторияға жағымсыз ақпаратты жеткізу қажет болғанда, оратор балаларға сөйлеп тұрғандай интонация, дәлелдер, қимыл-әрекет­тер мен сөздерді қолданады. Адамдарды неғұрлым тереңірек адастыру керек болса, спикердің сөздік тіркестері де соғұрлым инфантильді  бола  түседі.

Бұл әдіс өте әсерлі, өйткені адамға сын тұрғысынан ойлай алмайтын балаға қарағандай сөйлегенде, оның да дәл сондай – аңқау, тез сенгіш бала сияқты реакция білдіру ықтималдығы жоғары. Әрине, бұл тәсіл әр адамға бірдей әсер етпейді. Бірақ жоғарыда және төменде сипатталған басқа манипуляциялардың әсеріне ұшыраған кең аудитория үшін мұндай инфантилизация орасан зор ықпал етеді.

10-әдіс. Адам болмысын оның өзінен артық түсіну

Бұқараны басқару үшін психология, нейро­биология және биология салаларынан терең білім қажет. Ғалымдар адамды жан-жақты зерттеп, көптеген зерттеу жүргізеді, ал осы еңбектер­ден алынған құнды тұжырымдар қара­пайым халыққа емес, билік басындағы топтардың қолына түседі. Соның салдарынан билік элитасы мен қарапайым адамның білімі арасындағы  алшақтық жылдан-жылға ұлғайып келеді.

Жүйе қарапайым адам туралы оның өзінен де көп ақпаратқа ие – әрі физиологиялық, әрі психологиялық тұрғыдан. Сондықтан жүйенің адамға үстемдігі де, ықпалы да зор. Адам өз болмысы жайлы білімге ие болса, өзін басқаруға қабілетті болады. Ал біздің жағдайда бұл білім жүйенің қолында, демек адам қалай ойлай­тынын  және  қалай әрекет ететінін де солар  шешеді.

Біз сізге қоғамды манипуляциялау әдістері туралы айтып бердік және көріп тұрғаныңыз­дай, олар аз емес. Бұл ақпаратқа ие бола отырып,  сіз:

— сізге шындыққа жанаспайтын, біреуге тиімді ойды сіңіруге тырысқан кезді тани аласыз;

— нені шынайы деп қабылдайтыныңызды өзіңіз  шешесіз;

— әлемнің жеткізетін бейнесін емес, нақты көрінісін көре аласыз.

Біреу білмей, бейқам өмір сүргенді қалайды, ал біреу өз ойымен ойлап, шынайы жағдайды түсінгісі келеді. Енді сіз адамдарға қалай ықпал етуге тырысатынын білесіз әрі оған жол беру  не  бермеу – өз  таңдауыңыз.

Ноам  ХОМСКИЙ.

Аударған  Шынар  ӘБІЛДА.

«Жас Алаш» газеті.

Фото: ашық дереккөзден.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: