Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бос құмыраның жаңғырығы әуезді келеді

24.08.2023, 10:40 308

«Сізді өз қалауыңызбен алдап, ақшаңызды жымқырып, тақырға тастап кетемін» десем сенесіз бе? Соңғы уақытта интернет желісі алаяқтардың алаңқайына айналған-ды. Таңдай қақтырар түрлі тәсілдің «арқасында» қалтасын қалыңдатып, көпшілікті  көк тиынсыз қалдырған кімдер? Әлемжелідегі  алаяқтардың көбеюінің  кесірі  қандай?

Интернет  пен телефон таптырмас құралға  айналғалы, алаяқтардың айла-тәсілі  көбейген. Тіпті  кейде алданғаныңды сезбей де қаласың. Ақылды ұрының айтқанына алданып, «аһ» ұрған азамат көп. Сіз де олардың кезекті  құрбаны болудың  алдын  алу үшін  қулықтардың  жасалу үлгісін ұсынамыз.

Ең қарапайым тәсіл – сізге қоңырау шалып, өзін «банк қызметкерімін» деп таныстырады. «Есепшотыңызда мәселе бар» деп, сол ақауды түзеу үшін банк реквизиттерін сұратады. Сіздің есепшоттарыңыз жайлы бүкіл ақпарды алғанша іші-бауырыңызға кіріп, сізді иландырумен әлек болады. «Қаражатыма қауіп төніп тұр» деген ой салып, барынша асықтырады. Ал, керек ақпарат қолға тиген соң, «қызметкер» де жоқ, қаражатыңыз да жоқ. Қаржыңыз қалтаңызда қалсын десеңіз, бейтаныс баз біреуге банк реквизиттерін айтудан алыс болыңыз.

Әлемжеліде курстардың да көптігін байқауға болады. Инфобизнестің көптігі сонша, қайсысы қажет, қайсысы керексіздігін ажырату қиын. Курс ашып, тиісті ақшасын алғаннан соң, не курс жоқ, не ақша жоқ жайттар да аз емес. Келесі бір түрі – «айдағаны бес ешкі, ысқырығы жер жарардың» кейпі. Бір ғана айдың ішінде миллион теңге табыс табуға жол сілтейді-мыс. Алайда, бос құмыраның жаңғырығы әуезді келетінін ұмытпаған жөн-ақ. Сол себепті де, тек өз ісінің маманына  сенген  жөн.

Алаяқтықтың келесі бір жолы – интернет-дүкендер. Тартымды тауар мен тиімді баға ұсынатын дүкендер қарасы көп желіде. Расымен бар дүкеннен жалған дүкенді қалай ажыратуға болады? Ең алдымен, дүкен парақшасындағы мекенжайға мән беріңіз. Картадан парақшада белгіленген мекенжайды қарап, бар-жоғын анықтаңыз. Келесі қадам – дүкен ұсынатын телефон нөмірі. Телефон иесін анықтайтын түрлі қосымша арқылы телефон нөмірдің кімге тиесілі екенін анықтаңыз. Кезекті тәсіл, міндетті түрде дүкен жайлы пікірлермен танысыңыз. Әлемжеліде жарияланған жазбалардың пікірі маңызды рөл ойнайды. Алданған адам жақсы пікір білдірмейтіні белгілі, ал алаяқтарға жағымсыз пікірдің қажеті жоқ. Ең маңызды кезең – төлем жүйесі. Алаяқтар көбіне ақшаны телефон нөмірге бірлік етіп салуыңызды яки басқа банк картасына аударуыңызды сұрайды. Егер осындай төлем жүйесін ұсынатын дүкендерге тап болсаңыз, олардан құтылуға амал етіңіз. Себебі, ақшаны олар ұсынған тәсілмен аударған жағдайда оларды табу, ақшаны қайтару мүмкін  емес.

Аңқау елге арамза молда болу – әсте оңай. Алдану – одан да жеңілірек. Сол себепті де, қаражатыңыздың қауіпсіз жерде болуын қамтамасыз етіңіз. Банк картасы жайлы деректерді оңды-солды шашпаңыз. Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында болу – тек сіздің таңдауыңыз. Алданбайық! Алдамайық! Арам  тапқан  ақшаның  қашанда қайтарымы  барын  естен  шығармайық!

Мерей  КӨШЕРБАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: