Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бізді той тойлау емес, шикізат базасы болуымыз байытпай отыр

15.06.2020, 17:20 1422

HALYQLINE.KZ

«Қазақ осы дүние мен малыңды, оңды-солды шашу үшін жинайтын», – дейді Қадір ақын. Қазақтың табиғатын дөп басып айтқан өлең бұл негізі. Біршама уақыттан бері той мәселесі қаузалуда. Мораторий деген шықты. Мына нақылды қараңыз: «Қуанышты бөліссең – көбейеді, қайғыны бөліссең – азаяды». Қазақ шашылу үшін той істемейді. Мақсат – қуанышын бөлісу. Баласын сүндетке отырғызған қазақ қалайша қуанбасын? Қуанышын қалай бөліспесін? І.Есенберлиннің «Көшпенділерінде» қазақ тойды қалай өткізгенін суреттейді. Қырық күн ойын, отыз күн тойын. Дүниеге келгенін де, кеткенін де, кеткеніне жыл өткенін де той етіп келген салтты қалайша санамыздан сырып тастамақпыз? Той дегенің тұтас дәстүр емес пе? Біз орыс емеспіз ғой жеті адамды жия сап «горька» мен «водка» болса жеткілікті боп қалар. Не неміс емеспіз немере ағайынын, түп нағашы мен жиеннен туған жиеншарды туыс деп білмейтін. Еврей емеспіз, қуаныш отбасылық болу керек дейтін. Ойлайтын шығар әлем сығандарды думаншыл келеді деп, жоқ қазақ думан үшін жаралған, өмірді думан деп ұғатын.

Менен қызық ұсыныс болсын, шын шығынды ойласақ, шылым шығаруды доғарайық. Арақ даярлайтын зауыттарды жабайық. Тек шығынды емес, елдің де саулығы қалыптасар еді. Елімізде орта есеппен 4 млн адам шылым тартады. Қазір темекінің «өлдімі» – 400 теңге. 4-ті 4-ке көбейтіп, артына 6 нөлді тіркеңіз. 16 млн теңге күніге шылымға жұмсалады. 360 күнде шылым өндірісі 5-6 млрд теңге табыс түсіреді. Есесіне әр қазақтың қалтасы осынша жұқарады. Арақ-шарап тұтынудан да еліміз әлемдік ондықтың арасында жүр. Бұл саудадан да ондаған млрд теңге далаға шашылады, пайда көретіндер тек шөкім бұлттай кәсіпкерлер. Міне, қазақтың шашылуын ойлағандар болса осы өндірісті тоқтату керек.

Тағы бір қызық жайт, несие мәселесі. 5,5 млн отандасымыздың несиесі бар. Егер шын мәнінде тұрғындардың қалта мәселесін ойласақ, несие пайызын азайтайық. Бірге-бір қосып алатын банктер елді шаршатқан, той емес.

Жуырда бір отандасымыз брендтік аяқкиімдерді қолдан жасап, әлемдік алпауыттарға шығын келтіріпті деген желеумен айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Қолдан келетіні бар, бірақ мүмкіндігі жоқ осындай азаматтарды қинау (қалтаңнан ақша төлеу, айыпталу қиналу емес пе?) доғарылуы тиіс. Бізді байытпай отырған шикізат базасы болуымыз, той тойлау емес. Қытай болмаса тұрмыссыз, неміс болмаса көліксіз, қырғыз бен түрік болмаса киімсіз қалатынымыз айдан анық.

Қазақты тойдан ажырату – түп тамырынан ажырату. Өйткені көп дәстүр осы тойға біте қайнасып жатыр. Санап жатудың қажеті жоқ, бажайлап бағамдасаңыз жетіп жатыр.

Кезінде ұран шықты «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін» деген. Бұл собеттік идеологияның бір лаңы еді бізге салған. Қазір не болды? Бір-біріне қайрылмайтын қоғам түздік. «Не ішсең де руыңмен іш» деген бар еді, қазір әр адам өз уын өзі ішіп жүр. Содан пайда болды, жетімді жылату, жесірді қаңғыту. Көршісі соқыр бола тұра «көзін қысып» жүретіндер жоқтың қасы. Рушылдықта да қазақтың қанша қасиеті жатыр еді. Біразынан айырылдық. Енді, міне, сол собеттікше ойлайтындар тойға шықты. Той жасауға емес, тойшыл қазақты бар дәстүрінен айыруға. Үнемдер болсақ, үнем қылар басқа жайттар жетеді ғой, мәселен шошқа субсидиясы…

Дастанбек  САДЫҚ,

журналист

Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: