Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Біртанов дәрігерлерден кешірім сұрады

10.04.2020, 12:33 576

Елдегі жарияланған төтенше жағдайға байланысты қазір дәрігерлердің көбісі демалыссыз жұмыс істеп жүр. Қауіп-қатердің ортасында жүрген олар үшін мемлекет барынша жағдай жасап жатыр. Бұл жөнінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев айтқан еді.

  • Бірінші топ, реанимация бөлімдерімен қоса алғанда, жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, барлығы 3284 маман. Олардың жалақысына үстемақы айына – 850 мың теңге. Яғни, орташа айлығын қосқанда, олар айына, шамамен 1 миллион теңгенің үстінде алады. Ал екінші топ – провизорлық стационарлар мен жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері.Олардың айлық үстемақысы – 425 мың теңге. Орташа айлығын қосқанда, шамамен 600 мың теңге алады. Үшінші топқа карантиндік стационар дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер, жедел жәрдем жүргізушілері жатады. Олар айына 212 мың теңге үстемақы алады. Орташа айлығын қосқанда, олар шамамен 380 мың теңге алады, – деді Д.Абаев.

Осы мәлімдемеден кейін әлеуметтік желілерде көптеген пікірталас туындап, медицина қызметкерлерінің кейбірін бұл санаттан шеттетіп жатқандығы айтылды. Мәселе министрдің құлағына жетіп, ақыры Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қазақстандық дәрігерлерден кешірім сұрады. Оған Алматы қаласындағы балалар жұқпалы аурулар ауруханасындағы қабылдау бөлімінің қызметкерлеріне коронавирус жұқтырған науқастармен жұмыс істегені үшін үстемақыны берілмегені себеп болды.

Министрдің айтуынша, медицина қызметкерлерін бірінші санаттағы дәрігерлер қатарына қосудың орнына, жедел әрекет ету бөліміне, үшінші санатқа жіберген. Бірінші санаттағылар 20 АЕК қосымша қаражат алса, үшінші санаттағылар 58-169 мың теңге үстемақы алады. Министр бұл үндеуге көңіл бөліп, Алматы қаласының Денсаулық сақтау басқармасы қателік жібергенін айтты.

  • Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы Министрліктің бұйрығын қате түсініп, сәйкесінше әрекет еткен. Барлық дәрігерлер, медбикелер, кіші медициналық персонал бірінші санатқа жатады. Басқарма басшылығы жағдайды реттеп, ертең мәлімдеуі тиіс, – деді еліміздің бас дәрігері.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: