Әлгі «Алдараспан» театрының «Жедел жәрдем» деген қойылымы бар ғой. Әйелінің толғағы қысып, жолдасы жедел жәрдемге қоңырау шалады. Сонда дәрігердің «Құдай қаласа, бір жарым сағатта кіріп барамыз» дейтіні бар. Әзіл де болса, ащы шындық.
Әнеугүні жақыным сырқаттанып, кешкілік «103»-ке қоңырау шалдық. Телефоннан «осындай да осындай, мынадай адресте тұрамыз. Үлкен кісі ауырып жатыр. Жүрегі қысылып, ыстығы көтеріліп тұр» дедік. Телефонның арғы жағынан «Науқастың есімі кім? Қай жылғы? Ауырып жатқанына қанша уақыт болды? Есепте тұра ма?» деп тергеудің астына алғанын қайтерсіз? Сөйтсек, ереже бойынша соның бәрін сұрау керек екен. Қысқасы, диспетчермен 3 минуттай тілдестік. Содан терезеге телміріп отырмыз. Ақ халаттыларды аңдып. Ал, туысымыздың тынысы тарылып, одан сайын қиналып барады…
20 минут өтті. Жедел жәрдемнің көлеңкесі де көрінбейді. Болмағасын, қайта қоңыраулаттық. «Ау, айналайындар, қашан келесіздер? Науқастың жағдайы қиындап барады ғой» десек, диспетчердің мұндай жайттарға еті үйреніп кеткен-ау, жұлып алғандай «Шыдаңыздар! Автокөлік жетіспей жатыр. Қоңырау көп» деп тұтқаны қоя салды. «Жазған құлда шаршау бар ма?».
Дәрігерлер келем дегенше қазақы ем-домның сан түрін жасадық. Құдай-ау, не істемедік? Адыраспанмен аластадық. Үйдің іші көк түтін болды. Өзімізше ем-дом жасап жүріп, бір сағатты да артқа тастаппыз. Жедел жәрдем әлі жоқ. Тағы да хабарластық. Бұ жолы диспетчер бағанағы жауапты айна-қатесіз қайталады. Туысым да тілден қағынған адам еді. Ол:
– Жедел жәрдем жеткенше, ауруымды ұмытып қалатын шығармын,- дейді.
Кенет, есік алдына көлік тоқтағандай болды. Бақсақ, ақ халаттылар екен. Анау-мынауларын асынып, үйге кіріп келді. Сағатты қарасам, диспетчерге алғашқы қоңырауым тура бір жарым сағат бұрын соғылған екен.
Мәліметтерге сүйенсек, Қызылорда облысында жедел жәрдем стансасына күніне 1 мыңнан аса қоңырау түсетін көрінеді. Қыстыгүні бұл сандар көбейеді екен. Аталған орталықтың техникалық базасы 75 пайызға жаңарыпты. Дегенмен, шұғыл шақыртуға бір жарым сағатта жетіп келген жедел жәрдем стансасының жұмысы «жақсарды» деп айтуға бола ма?
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!