Біреу айтар жағымсыз сөз мастықпен,
Біреу айтар қыршаңқы сөз қастықпен.
Қимастықпен бір ауыз сөз айтылар,
Шығар кезде кеудедегі ақтық дем.
Бір жақсы сөз жадыратар жаныңды,
Бір ауыз сөз тасытар-ау қаныңды.
Бір ауыз сөз жігеріңді құм қылып,
Бір ауыр сөз сындырады сағыңды.
Сәттеріңде шаршаған бұл өмірден,
Шақтарыңда уайым-мұңға көмілген.
Бір ауыз сөз ұмыттырар бәрін де,
Айтылса егер саған адал көңілден.
Болар кейде жылы сөз де жұбаныш,
Жылы сөзді әркез тілеп тұрады іш.
Достарыңның мұңайғанын көргенде,
Жылы сөйлеп, сыйлай білші қуаныш.
Бір жылы сөз ауырғанға ем болар,
Сынаққа шаршағанға дем болар.
Жақсы сөз айтар болсаң шын ниетпен,
Ол садақа бергеніңмен тең болар.
Бір ауыз сөз қателікті кешірер,
Бір ауыз сөз мерейіңді өсірер.
Бір ауыз сөз жегідей жеп жаныңды,
Сенімің мен үмітіңді өшірер.
Жақсы адам сөзден ешбір жаңылмас,
Сөз сүйектен өтеді, ол жағы рас.
Тән жарасы жазылар жаңқа кірсе,
Ауыр сөздің жарасы бар жазылмас.
Бір-біріңе жылы сөйлеп, адамдар,
Жылы сөзбен басташы әрбір таңыңды.
Амандықты, сұрап біліп жағдайды,
Жаңалықпен бөлісіңдер жағымды.
Сұрап тұрса достар әркез халіңді,
Мына өмірде аман-есен барыңды,
Одан артық сый-құрмет болар ма екен,
Аман-саулық мен үшін ең маңызды.
Аман-сау боп жүрейікші бәріміз,
Таусылмасын бірге айтар әніміз,
Аман болсын, бала-шаға, немере,
Жанымызда сүйеу болып жарымыз.
Ералы ЕСІМОВ,
зейнеткер,
Астана қаласы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!