Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Білімнің бірегейі

19.07.2023, 15:10 200

Қосымша білім беру орталығының балалар үшін алар орны ерекше. Себебі балалардың мектепте ашылмаған талай қырлары мен қабілеттерін осы алтын ұяда ашылып жатады. «Қалауын тапса қар жанар» демекші оқушылар өздерінің қызығушылықтарын, қандай өнерге бейім екенін аңғарған уақытта қосымша білім беру ұйымдарындағы үйірмелер балақайларға есігін айқара ашатын болады. Не ексең соны орасың деген жақсы бір сөз бар. Бала бойына әртүрлі өнерді, білім мен біліктілікті, сөйлеу қабілетінің шебер болуымен қатар ой ұшқырлығына жетелейтін талай жақсы дүниелерді дарытуға мүмкіндік беріледі.

Орталықта тәжірибесі мол, жаңа заман талабына сай  бейімделген, шәкірт жанына мол азық бере алатын педагогтер жұмыс істейді.

Балаңыздың қазақтың ұлттық аспабы домбыра тартуға, сурет салуға, ақпараттық технологияларды еркін меңгеруге, робототехниканың сан-саласын игеруге, шешен сөйлеп, топ алдында қысылмауға, шынығып, шымыр болуға, ойын қорытып, «жеті рет өлшеп бір рет кесетін» жан болуға әсем ән, ширақ қозғалыс, әдемі би, он саусағынан өнер тамған шеберқол, архитектуралық қабілетін шыңдауда, мултимедиялық сауаттылығын қалыптастыруда да талай мүмкіндіктер жасалынған.

Тәрбие басы – талбесік. Расында, балаға кішкентайынан берілген тәрбие мен талап, есейген шағында үлкен азық болары сөзсіз.

Адам баласына білім мен тәрбие егіз берілгенде ғана мақсатына жетеді.

Бала қабілеті мен дарынын толық ашу тек қана бала үшін емес, ең алдымен қоғам үшін де маңызды алғышарттардың бірі де бірегейі. Мектепте білім нәрімен қаруланған ұрпақты одан әрі жетілуіне, жан-жақты тұлға болып қалыптасуына, шығармашылық шыңға жетуіне қосымша білім беру мекемелерінің атқарар рөлі зор.

Көп аға буын өкілдерінен «Біздің кезде, біздің уақытта жоқтан бар жасаушы едік, ал, бүгінгі күні жасаймын, көремін, ізденемін деген жанға талай игілікті істердің бастаушысы болуға барлық есіктер айқара ашылған» дегенді естіп жатамыз Тек ниет пен шексіз қиял, жаңалыққа құмар, идеяға бай жандар болса жеткілікті.

Енді неге осы мүмкіндікті пайдаланбасқа? Жас шыбық қалай исең солай майсады емес пе? Сол секілді ата-ана бала болашағына кішкентайынан мән берсе, ересек уақытында жақсы жеміс беретіні сөзсіз!

Ұлылық пен дaрхандықтан тамыр тартқан дана халқымыз «білімдінің мыңды жығатынын» ескертіп, «оқу – білім азығы, білім – ыpыс қазығы» деген тағылымға толы өсиет қалдырған. Білім беру ісі кез келген қоғамның жан-жақты кемелденіп өсуіне ерекше ықпал етеді. Өйткені, осы жүйенің сапасы арқылы мемлекет пен жеке тұлғаның интеллектуалдық әуелеті қалыптасатыны сөзсіз!

Гүлдана АСАНЖАН

Қызылорда облыстық білім басқармасының

Қызылорда қаласы бойынша қосымша білім беру оқу әдістемелік орталығы жанындағы

“Жас тілші”үйірмесінің жетекшісі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: