Асылхан МАМАШҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты:
Қоғамдағы толқыныс пен саяси өзгерістердің екпіні күшейген сайын, сан түрлі сұрақтың туындауы заңды. Билік пен бұқара арасындағы байланыс, жауапкершілік пен сенім мәселесі әлі де күн тәртібінен түскен емес. Осы және өзге де өзекті тақырыпты талқылау үшін журналист, документалист Асылхан Мамашұлымен ашық әңгіме өрбіттік.
ҚАЗІР ЖАУАПКЕРШІЛІК ХАЛЫҚТА ЕМЕС, БИЛІКТЕ ҒАНА
− Қайырлы күн, аға! Сауалымызды былай бастасақ, саяси элита мен қоғам арасындағы сенім алшақтығы жайында не дейсіз?
− Саяси элита дегенде негізінен билікті меңзеген боларсыз. Бүгінде билік пен қоғам арасындағы сенімде үлкен селкеу бар. Қазіргі қолданыстағы конституцияда да, таяуда референдум арқылы қабылданған конституцияда да биліктің қайнар көзі, биліктің бастауы – халық деп көрсетілген. Халық осы құқығын пайдаланғысы келеді. Оны пайдаланудың жалғыз және төте жолы – еркін, әділетті сайлау. Сол арқылы билік өкілдерін халықтың, қоғамның өзі таңдауы керек. Өкініштісі сол, бізде күмәнсіз сайлау өтетін кезі өте сирек. Өз басым түрлі деңгейдегі сайлауларды журналист ретінде бақылап жүргеніме 20 жылдың жүзі болды. Сонда жергілікті жерлердегі кей сайлауда ғана, нақтырақ айтқанда кейінгі кездері кейбір ауыл әкімдерін сайлау кезінде жергілікті тұрғындардың белсенділігі арқасында ғана біршама әділ сайлау өткенін аңғардым. Ал жоғары билік сайлауларында әділ сайлау өткізу тетіктері жеткілікті қамтамасыз етілмейтіні, көрінеу бұрмалаушылықтар болатыны және жергілікті биліктің «жасырын мүддесі» қалайда жүзеге асырылатыны – бұл күнде ешкімге құпия емес. Мұны талай сайлауды көрген, куә болған журналист ретінде айтып отырмын. Бұл азаматтардың сайлау және сайлану құқықтары ұдайы бұзылатынын білдіреді. Ондай болса қоғам билікке сенбейді деп өкпе айтудың өзі орынсыз. Қоғам өзі таңдап, өзі сайламаған билікке сенбеуі – заңды. Мемлекеттік қызметтегі меритократия қағидалары сөз жүзінде айтылғанымен, іс жүзінде тамыр-таныстық арқылы шешілетінін де қоғам көріп отыр. Оны түпкілікті шешудің жолы – тағы да сол әділ сайлау. Әділ сайлаудың пайдасы – қоғамның өзі таңдаған өкілдері билікке барады, сол арқылы қоғамның, халықтың өзі де мойнына жауапкершілік алады, белсенділігі артады, сенімі күшейеді. Өзің сайлап алдың – өзің жауап бересің деген сөз. Қазір жауапкершілік халықта емес, билікте ғана. Бұл дұрыс емес.
ҚАЗАҚСТАН БАҚ-тары БИЛІКТІҢ АШСА АЛАҚАНЫНДА, ЖҰМСА ЖҰДЫРЫҒЫНДА
− Алтынбек Сәрсенбайұлының сұхбатынан «Тұрмыс тұрақталған сайын агрессивті ақпараттың тұтынушылары да азаяды» дегенін оқыған едім. Сіздің журналист ретінде тәжірибеңізге сүйенсек, қазіргі Қазақстандағы ақпарат тұтыну мәдениеті мен қоғамның тұрмыстық деңгейі журналистік этикаға, ақпаратты тізгіндеу мәселесіне қалай әсер етеді?
− Алтынбек Сәрсенбайұлы «тұрмысы жақсарған халық әртүрлі дақпырт пен қырайық, жояйық» дейтін әсіребелсенділікке ермейтінін меңзесе керек. Әділетсіздік көріп отырған, ашық айта алмаса да іштей наразы халық агрессивті ақпаратқа иланады, нағыз шындық міне, осы деп қабылдайды. Егер бұл процесс ұзаққа созылса, белгілі бір деңгейде мәдениетке айналады. Бұл мәдениетті орнықтыруға агрессивті ақпарат таратушылар ғана емес, соған шынайы ақпараттан гөрі билікті немесе оның жекелеген өкілдерін дәріптеумен айналысатын, пропагандамен шұғылданатын баспасөз де себеп. Сондықтан билік «агрессивті немесе жалған ақпарат таратушылармен күрестен» гөрі, шынайы ақпарат таратуға көбірек мән беруі керек. Оның жолы – баспасөз еркіндігіне жол беру, сынға төзімді болу, сынаған журналистерді қуғындамау және сыннан қорытынды шығару. Дамыған елдер осы қағиданы ұстанады. Әйтсе де мұны Ахмет Байтұрсынов «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деп осыдан бір ғасырдан астам бұрын-ақ айтып кеткен жоқ па? Халықтың көзі мен құлағына, тіліне тиіспеу қарапайым қағида болуы тиіс. «Қоғамның тұрмыстық деңгейі журналистік этикаға қалай әсер етеді?» деген сұрағыңызға айта кетейін, журналистік этикаға қоғамның тұрмыстық деңгейі әсер етпеуі керек. Журналистік этика – журналистің немесе ақпарат құралының кәсіби мәдениеті мен қызметі ғана.
− Соңғы кезде қоғам белсенділерінің ұсталу фактілері жиілеп кетті. Бұл үрдіс азаматтық пікір білдіру кеңістігін тарылтып жатқан жоқ па? Әлде мәселе тек билікте емес, қоғамның өзі де кей шындықпен бетпе-бет келуден қашып жүр ме? Өзімізден қандай шындықты жасырып отырмыз?
− Қоғам белсенділері бұрын да ұсталатын. Бірақ олардың көбі көшеге немесе алаңға шығу арқылы ой-пікірін ашық айтып, нақты әрекетін көрсеткен соң түрлі жазаға тартылатын. Қаңтар оқиғасынан кейін қоғамдық белсенділік күрт азайды. Қазір билікті әлеуметтік желіде сынағандардың өзі қысымға алынатыны байқалады. Әлеуметтік желіге жазған постын алдырып тастау, жалдамалы белсенділер мен жалдамалы журналистерге тапсырыспен пост жазғызып, пропаганда жасау көбейді. Ой-пікірін ашық жазған журналистерді жазалау, қамаудың нәтижесі қазірдің өзінде көрініп тұр. Қазақстанда билікке тәуелсіз ірі баспасөз қалған жоқ. Қалт-құлт етіп отырған некен-саяқ БАҚ ауа райына әсер ете алмайды. Конституцияда цензура жоқ деп жазылса да, шын мәнінде Қазақстан БАҚ-тары биліктің ашса алақанында, жұмса жұдырығында. Айтқанға көнбеген БАҚ-ты бір-ақ сәтте жауып тастауына шамасы жетеді. Бұл проблеманы қоғамнан көруге болмайды, өйткені шешім қабылдайтын тетік – биліктің қолында.
ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЫРҒАЛЫП-ЖЫРҒАЛЫП ЖҮРЕТІН УАҚЫТЫ ЖОҚ
− Салаларға реформа жүргізілмейді дей алмаймыз. Десек те, бәрі толыққанды жемісін берді деу қиын. Сіздіңше, нанымды нәтижеге қол жеткізіп, оң өзгерісін кібіртіктемей кесіп айтатын сала қайсы?
− Қазақстан цифрландыру жағынан біршама ілгері жылжыды-ау деп ойлаймын. Бұл саланы жетік білмесем де күнделікті тұрмыс тіршілікте байқаймыз. Әсіресе халыққа қызмет көрсету орталықтары қағазбастылықты көп азайтты. Анықтама алу, құжат әзірлеу, куәлік алу сияқты мың сан жұмыс әлдеқайда оңайлады. Қолма-қол ақшасыз төлем де дамыды. Бұған айналамыздағы шетелдіктер де тамсанып қалатынын аңғарып жүрміз. Менің білуімше, бұл саланың дамуына жеке сектор мен жекелеген энтузиастардың бастамасы себеп болды.
− Аға, архив ақтарып отырып, «Ана тілі» газетінде жарық көрген «Құрсаудағы қабылан: Иранның ядролық қаруға ие болуы кімге пайда, кімге зиян?» тақырыбындағы мақалаңызды көзім шалды. Қазір сол Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс өршіп отыр. Ормуз бұғазы арқылы мұнай транзиті қауіпке ұшырап, әлемдік нарықта баға өзгерісі байқалуда. Таяу Шығыстағы тұрақсыздықта Қазақстан қалай әрекет етуі керек?
− Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қабылданып, жаманды-жақсылы бертінге дейін ортақ стандарт ретінде сақталып келген халықаралық нормалар оңды-солды бұзылып жатқанын, ешкім ешкімнің қауіпсіздігіне кепіл болмайтынын көріп отырмыз. Ядролық қаруы бар әлемнің бес елі Украина секілді Қазақстанның да қауіпсіздігіне кепіл болып, 1994 жылы Будапешт келісіміне қол қойған. Қазір оның құны келісім жазылған бір жапырақ қағаздың құнына да татымайтыны белгілі болды. Әрине айналадағы елдермен татулық, достық қатынас жалғаса беруі керек. Әйтсе де қорғанысы тастай, қару-жарағы заманға сай, экономикасы өскен, мәдениеті, ғылым-білімі, технологиясы дамыған елге айналмай болашағымыз тым бұлыңғыр. Бұл тұрғыдан көп елден 50 жылға көш кейін қалып қойғанымыз да мәлім, соны қуып жету басты мақсат болуы керек. Совет кезінде де, 90-жылдары да «қуып жетіп, басып озайық» дейтін ұрандар болатын. Сырт қарағанда жалаң ұран көрінгенімен, шын мәнінде жүзеге асыратын болса жақсы мақсат деп санаймын өз басым. Қазақстанның ырғалып-жырғалып жүретін уақыты жоқ. Темір етік тебендей болғанша қызмет етіп, елді күрт өзгерту керек.
ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНДА ӘУЕЛБЕКОВ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕПКЕ КІРГІЗБЕДІ…
− Көптің көңілінен шыққан «Қилы кезең» жобаңыздың негізінде зерделі зерттеулер жүргіздіңіз ғой. Үлкен еңбек! Сізді таңғалдырған дерек, оқырманға көрсетуге асыққан қай эпизод болды? Ал, тарихи параллельге салсақ, бүгінгі саяси және әлеуметтік ахуалды қай дәуірмен салыстырар едіңіз?
− «Қилы кезеңде» 1985-1995 жылдар аралығында еліміз бастан өткерген ірі қоғамдық-саяси оқиғалардың мән-жайын баяндауға тырыстым. Жаңалық аштым деп айта алмаймын. Иә, халықтың біршама жылы қабылдағаны және кейбірі жаңалық боп көрінгені де рас. Себебі оқулықта айтылмаған, ұмытыла бастаған саяси тарихымыз еді. Тарихшыларымыз зерттеуге тартынды, рұқсат болған жоқ. 12 серияда жұрт кейде көптеу, кейде аздау білетін алуан түрлі оқиға айтылды, мен соны жүйелеп шықтым. Ол оқиға неден пайда болды, арғы себебі не, салдары қандай дегенді шама-шарқымша хронологиясымен баяндадым. Басынан аяғына дейін көрген көрермен он жыл ішіндегі оқиғаның мән-жайын біршама реттілікпен түсініп шықса деген ой болды. Әсіресе мына эпизод деп баса айта алмаймын, шындығында ондай эпизод көп. Кезінде Қызылорда облысын басқарған Еркін Әуелбековтің Қонаев пен Назарбаевты сынаған сөздері жарияланды, қалай, қандай жағдайда сынағаны көрсетілді, Мұхтар Шахановтың 1989 жылы Мәскеудегі съезде Желтоқсан шындығын қандай жағдайда айтқаны, шын мәнінде сол съезде одан бұрын қырғыздың атақты жазушысы Шыңғыс Айтматовтың айтқаны кейбіреулерге тосын болған шығар деп ойлаймын.
Тіл туралы заңның талқылануы мен кейінгі эволюциясын және ондағы Назарбаевтың рөлі де көрінді ғой деймін. 1993 жылы теңгенің қандай жағдайда қабылданғаны, тәуелсіздік алғанымызға екі жыл болса да, Ресей рублінен кетпейміз деп қиғылық салғанымыз да ойланған адамға ой салатын болар. 1993 жылы және 1995 жылы екі рет Жоғарғы кеңесті таратып, жеке-дара билікке көшу жолындағы тартыстарды да біреу біліп, біреу білмеуі мүмкін. Бұл оқиға елімізді мүлде басқа жолға салғаны да мәлім. Айта берсе көп. 1 серияның жартысын Еркін Әуелбеков тұлғасына арнадым. Қызылорда облысында аңызға айналған Әуелбеков − нағыз халықшыл, елшіл, қара басының қамын елден биік қоймаған, адал және іскер басшы образын қалыптастыра білген сирек коммунистің бірі. Бүгінгі басшылар коммунист деп қарамай, үлгі алуға тиісті қайраткер адам. Әрине ол кісінің образын жеткілікті аштым деп айта алмаймын. Қаржылық мүмкіндігіміз де шамалы болды. Арнайы іздеп барғанымызда Қызылорда қаласында тұрған Әуелбеков атындағы мектепке кіргізбей, музейіне жақындатпай, екі мұғалімі екі жағымыздан қақпалап шығарып жібергені де есімізде қалды. Болашақта қаржылай мүмкіндік туса, Әуелбеков туралы жеке деректі фильм жасағым келетінін де жасырмаймын.
− Азаттықта қызмет атқарып жүргендегі «Жалғыздың үні, қорғансыздың күні назарымда» деген жазбаңыз есімде. Сізге «қиянат көрдім» деп жүгініп, мұң-мұқтажын жазғандар көп болды ма және ондай сәтте не сезіндіңіз? Ерекше есіңізде қалған оқиғамен бөліссеңіз…
– «Азаттық радиосында» 14 жылға жуық қызмет еттім. Баспасөз ретіндегі басты миссиясы – адам құқығы мәселесін көтеру еді, соның үдесінен шығуға қолдан келгенше қызмет еттік. Қазақстанда адам құқығы мәселесі – ең өткір мәселенің бірі. Сондықтан қиянат көргендерді, әділдік іздегендерді өте көп көрдім. Бірақ журналистің мақсаты шағымданған адамның мәселесін шешіп беру емес, мәселені қоғамға жеткізу, жазу, айту, соны ажырата білу керек. Есімде ерекше қалғаны мынау деп бөле-жара атай алмаймын, өйткені әрқайсысы – әрқилы тағдыр. Жаңаөзен сотынан бастап, Қазақстандағы ірілі-ұсақты әлеуметтік жарылыстар мен жанжалдардың көбінің ішінде болып, көзбен көрдім. Соның ішінде, әрине Қаңтар оқиғасындағы трагедия ерекше ауыр болды.
БИЛІККЕ ТӘУЕЛДІ БОЛУДЫҢ ЖОЛЫ КӨП
– «Әдебиетте құлдық болмауы тиіс». Бірақ зиялы қауымның бір бөлігі биліктің, бір бөлігі қоғамның көңіл күйіне қарап сөзін өлшеп сөйлейтіндей көрінеді. «Сен тимесең, мен тимейін» деген ұстаным ұшпаққа шығара қояр ма екен?
− Біздің қоғам ылғи да зиялы қауым өкілдерінен үміт күтеді. Өз басым ештеңе күтпеймін. Осылай неге айтып-айтып тастамайды билікке деп өкпелемеймін, бұлар неге сый-сияпатқа құмар деп сөкпеймін. Өйткені белгілі бір интеллектуалды жетістікке жеткенімен, олар да – пенде. Билікке жағымпаздану арқылы материалды игілікке жету – тұрмысты жақсартудың төте жолы екенін осы уақытта көпшілігі ұғып болды. Билікке де солар ұнап тұрса, оны тоқтату дегеніңіз – тауға тас итеріп шығаратын Сизифтің еңбегі сияқты әурешілік.
− Қоғам мәселесін ашық айту үшін тәуелсіз болу қаншалықты маңызды? Егер, билік тарапынан сізге депутаттық орын немесе кеңесші қызмет ұсынса, қабылдайсыз ба? Мінберде де басын бұқпай, ашық позициясын білдіріп жүр деп кімдерді атар едіңіз?
− Әрине тәуелсіз болудың маңызы зор. Тәуелсіз адам ойындағысын ірікпей айта алады. Алайда барлық адам тәуелсіз бола алмайды ғой. Қызметі арқылы, бизнесі, кәсібі арқылы билікке тәуелді болудың жолы көп. Парасатты билік соны пайдаланбауы керек, керісінше, барынша еркін ойлы қоғам қалыптастыруға жол ашуы қажет.
«Билік сізге депутаттық орын ұсынса» дейсіз. Заң бойынша билік ешкімге депутаттық орын ұсына алмайды. Депутатты халық сайлайды. Өкініштісі сол, қазіргі жағдайда биліктің келісімінсіз, әсіресе, парламентке депутат болуы мүмкін емес. Сондықтан бұлай сұрақ қойғаныңызға түсіністікпен қараймын. Біздің билігіміздің табиғатын жақсы білгендіктен, маған депутат бол немесе кеңесші бол деп ұсыныс жасауы мүмкін емес деп есептеймін. Парламентке немесе билік тармақтарына барып, басын бұқпай ашық ұстаным айтып жүрген ешкім жоқ. Оған жылдар бойы қалыптасқан саяси жүйе жол бермейді. Билік жүйесіне кірдіңіз бе, сол жүйеге бағынасыз, тырп еткізбейді, бүйректен сирақ шығарғандарды сол сәтте шығарып тастайды, оған мысал көп.
ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНАН БҰҒАН ДЕЙІН ЕШКІМ ІЗДЕМЕПТІ
− Аға, өзіңізді білікті журналист деп танимыз. Оның үстіне фейсбук парақшаңыздағы жазбалар да бізді бейжай қалдырмайды. Сөзбен түйреп өтетін сатиралық жанрға жақындығыңыз байқалады. Осы бағытта кітап шығару ойыңызда бар ма?
− Өзімді сатирикпін деп санамаймын. Сатирик болу ойымда жоқ. Кей жазбаларым ұқсап кетсе, бәлкім дәні бар шығар. Сатирамен сатириктер айналыссын. Әркім өз ісімен шұғылдануы керек.
− Өмірде кімнен және неге ұялуыңыз мүмкін?
− Өмірде ұялатын жерім жоқ деген адам өтірік айтады. Ұялатын жерім басымдағы шашымнан да көп. Кейінгі кездері білімсіздігімнен, аз оқығандығымнан ұялып жүрмін.
− Өзіңізді қай ойдан құтқарғыңыз келеді?
− Кей кездері ойсыз адам болғым келеді. (Қарның тоқ, киімің бүтін болса болды емес пе деп).
− Жерлестеріңізге жолдайтын лебізіңіз болса…
− Журналистикада біраз тәжірибеңіз бар деп сұхбат алғысы келетіндер бар, бәлсінгендей болмайын деп келісім беремін. Әйтсе де шошаңдап сұхбат бергіш, ақыл айтқыштың бірі болғанды қаламаймын. Бірақ туған өлкем Қызылорда облысынан бұған дейін ешкім іздемепті, сіз хабарласқанда таңырқағаным рас. Өскен жеріме барғанда біз сықылды журналистерге «оппозиция, дұшпан» деп сақсына қарайтынын байқаймын. Билікті сынағанның бәрі жау емес, билікті мақтағанның бәрі дос емес, соны ұмытпайық дегім келеді.
− Уақыт бөлгеніңізге рақмет, аға!
Сұхбаттасқан
Замира АХМЕТ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!