Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Adal Adam youtube арнасына берген сұхбатында билік құрылымындағы рушылдық факторын зерттеу қажет екенін айтты.
«Мен биліктегі адамдардың руларын талдамаппын. Ондай тенденция барын білеміз. Ол Қонаевтың да, Назарбаевтың да заманында болды. Рушылдықтың әсерімен бір ауылдан бірнеше лауазымды адамдар шыққаны жасырын емес. Осындай тенденция әлі күнге дейін сақталып отыр. Оны әлеуметтанушылар арнайы зерттеу керек. Қай министр қай рудан, аппаратында сол рудың қанша адамы бар деген сияқты сараптама жасау керек деп ойлаймын. Өйткені бұл – мемлекеттің дамуына кедергі келтіретін нәрсе. «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» деген принцип болмау керек. Мемлекетшіл, ойын ашық айта алатын, елге қажет жобаларды риясыз, жемқорлықсыз атқаратын мықты адамдар көтеріліп қызметке келмесе, рушылдық, сыбайластықтың тасасында қалып қоятын болса, белгілі бір саланың, өңірдің, тіпті мемлекеттің дамуына тежеу болады. Сондықтан басы жасайтын, ары таза, адал жігіттерді өсіру керек», – деді депутат.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!