Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Береке-бірлік бастауы – шынайы достықта

01.05.2024, 12:20 1438

1 мамыр – 1996 жылдан бастап Қазақстанда жыл сайын тойланатын мереке. 1995 жылдың  18 қазанында Қазақстан президентінің жарлығы бойынша 1 мамыр «Қазақстан халқының бірлігі күні» деп жарияланды. Бұл мерекенің мақсаты – ел ішіндегі түрлі ұлттың бір-біріне деген сый-құрметін арттыру,  татулықты, бірлікті, ортақ құндылықтарды  насихаттау.

Қазақта бірлік туралы даналық сөздер жеткілікті. Ең алдымен ойға «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген сөз оралады. Қазақтың осы даналығы ғасырлар бойы қазақ халқын небір қилы кезеңде бірігуге шақырып, еңсесін түзеп келе жатқан рухани қамал болды. Соғыстан күйрей жеңілгенде, осы ұранды жалаулатып қазақ жауға қарсы тұрды. Бейбіт мамыр тірлікте де бұл сөз ел арасын жақындастырып, құданы құдандастырып «құйрық-бауыр жегізіп», нағашы-жиенді бауырластырып, ағайын-туысты айрандай ұйытып, берекеге бастаған. Сондықтан да қазақ «Береке бастауы – бірлік, ел іші тату тірлік» атты қағиданы ұрпақтан-ұрпаққа өсиет етіп қалдырып  отырған…

Ғасырлар өтеді, замандар өзгереді… Онымен бірге халық та заманға бейімделіп, «береке бастауы» атты тіршілік қағидасын үнемі де жаңа мағынамен толық­тырып отырады. Бағзы замандарда тілі бір, ділі бір, салт-дәстүрі бір ел ру-тайпа болып, бір-бірімен аралас-құралас отыр­ғанда «береке бастауының» мәні туыстық қатынастардан туындады. Араласқан ел бір-бірімен құдаласып, тараған ұрпақты «нағашы-жиен», «құда», шежіре заңы бойынша «аға-іні», қыздан тараған ұрпақ желісімен «бөле» және тағы сол сияқ­ты көптеген туыстық-бауырлық қатынаста  тәрбиеледі.

Оларда  бәріне  ортақ  отбасылық  тәрбие болды. Сондықтан, олар аралары алшақ жатса да, жолыққанда ешбір қиындықсыз адамгершіліктің ортақ үлгісімен бір-бірін таныды. Мысалы, отбасылық тәрбиедегі маңызды шарт болатын «Үлкен тұрып, кіші сөйлегеннен без» деген қағида отбасымен ғана шектелмеді. Ол қағида аса ірі елдік мәселелерде де негізгі «береке бастауы» ережесіне айналды. Ел тағдыры шешілер сәттердегі Ұлы жиындарда да, Құрылтайларда да рубасылары сөз аларда «Аға ру, Іні ру», «Ұл баласы, Қыз баласы» және т.т. тәртібімен өз парасаттылық­тарын танытты. Міне, сөйтіп, осындай нақты әрі мығым жүйе негізінде құрылған «Береке –  бірлік бастауы» «қырық рудан құралған» Қазақ Елін тарихи өткелдерден аман-есен өткізіп, бүгінгі күндерге алып келді… Және де, «алып келген» межесі қандай  десеңізші: табан тіреген жері – қиыры  шетсіз-шексіз сайын дала, тұғырын орнатып, туын тіккен тауы – Хан Тәңірі мен Өр Алтай, көне Қаратау, гүлденген Алатау, алып суы – кәрі Каспий мен Балқаш, Арал, Алакөл мен Зайсан, Марқакөл мен Бурабай, Іле мен Есіл-Нұра, Жайық…, туған жердің қойнауы – тұнып тұрған табиғат, жерінің асты да – адамзатқа  керек  небір  асыл  зат…

Міне, осы межеге қарап-ақ, бүгінгі ұрпақ Қазақ Елінің ұстанған «Бірлік барда – тірлік бар» атты Өмір сүру Ережесінің пассионарлық, яғни болашаққа бастарлық ішкі қуаты қаншалықты мығым болғанының, қаншалықты дана болғанының  куәсі  бола  алады.

Қазір заман өзгерді дедік… Бүгінде бұрынғы «рулық-туыстық» негізде құрылған «береке – бірлік бастауы» біртіндеп өз мағынасын өзгерт­ті. Алып жеріміз енді тек Қазақ Елінің ғана емес, осы жерге небір тағдыр тауқыметімен келген өзге ұлттар мен ұлыстардың ортақ Отанына айналды… Ендігі жерде Қазақстанда барлығына бірдей мағынадағы туыстық атауларды қол­дану өзінің түпкі мазмұнынан ажырады. Қоғамға біріккен Қазақстан халқы енді «береке – бірлік бастауының» басқаша мағынасын іздей бастады. Әуелі араға «Тамыр» сөзі келіп енді. Қазақ даналығы  бұл  жерде  де  айшықты болды: Тамыр – жайқалып өскен өсімдіктің көзге көрінбейтін жағы. Ендеше, екі ұлт өкілдерінің арасындағы «тамыр» сөзі – «Осы жерге кіндігімізбен байландық» деген мағынаны білдірді. Яғни, «береке  – бірлік бастауы», сөйтіп, біртіндеп «туыстық қатынастан» көтеріліп, «Отан, Жер, Туған жер, Атамекен» сияқты іргелі мағыналармен  ауысты.

Иә, ол – ақиқат. Себебі, «тамыры бір» деген сөз туыстықты міндеттемейді. Ол сөз, ең алды­мен, «бір жерден нәр алдық», «туған жеріміз бір», «өскен ортамыз ортақ» деген сакралды Елдік  бастауды  білдіреді. Ол  сонысымен  де  құнды.

Ендігі жерде Қазақстан халқы үшін «бауырластық» дегеннің мағынасы «бір ауаны жұттық, суын іштік» дегенге жақындады. Ол ұлттық сипат­тан асып, елдік-азаматтық сипатқа қарай ойысты. Әрине, бұл процесс қазақ халқы үшін оңайлықпен өткен жоқ. Осы жолда Қазақ Елі бұрыннан қалыптасқан рулық-тайпалық жүйесінен ажырады. Бұрын әр ру, әр тайпа өздері отырған өңірдің Сақшысы мен Жауынгері болатын. Ал, рулық-тайпалық жүйе ыдырауымен, өңірлерді қорғау Жалпыұлттық, Қазақстан жағдайында «азаматтық» парызға айналды. Сөйтіп, ол барлық ұлтты ОТАН деген шегара­лық сөздің шеңберінде біріктірді. Яғни, қазақ­стандықтардың санасында «Отаның бір  – Тамыр­ың бір» деген қағида берік орнықты.

Бүгінде бұл өмір сүру ережесінің символдық атауы «Достық» сөзімен алмасуда. Бұл, әрине, халықаралық мағынадағы сөз. Дегенмен, «Достық» сөзі дәл мағынаны білдіреді. Біз ұлт­аралық қатынаста «Сүйіспеншілік» сөзін қолданбаймыз, себебі, «сүйіспеншілік» екіжақты қатынастың теңдігін білдірмейді  – ол кейде, біржақты мағынаға ие. Сол сияқты, адамдар арасындағы жақындықты білдіретін «махаббат», «сыйластық» және басқа көптеген атау да белгілі жағдайларда «біржақты» бола алады. Мысалы, «жауапсыз махаббат» секілді…

Осының ішінде тек қана «Достық» қана біржақты мағынаға бағынбайды. «Дос болу» деген – досыңмен рухани жақындық пен толық түсіністік болуды әрі ол екі жаққа тең болуын меңзейді. Егер осы шарттың «бір үтірі түсіп қалса», онда ол, енді, шынайы достық бола алмайды.

Сондықтан, қазіргі таңда Қазақстандағы ұлт­аралық қатынастар тек қана бір сөзбен – Дос­тық сөзімен бағалануы тиіс. Егер, өзіңді дос санасаң, онда сен де досыңның тілін, ділін, мәдениетін, салт-дәстүрін сыйлап, оның қуанышы мен мұңын да шын достай бөлісе алуың керек. Егер олай болмаса, онда мұндай достық күмәнді.

Олай болса, Ұлтаралық достықтың негізгі даналығы (философиясы) мынадай болса керек: «Қазақстан – тарихи әділеттілік бойынша Қазақ Елінің байырғы жерінде құрылған мемлекет. Оның автохтонды ежелгі халқы Қазақ Елі болып табылады. Қазақ Елі бізбен өз жерімен, өз байлығымен шын көңілімен бөлісті. Енді, оған жауап ретінде, біз де Қазақ Еліне достық құшақты ашып, оның бар құндылықтарын сыйлаймыз, құрметтейміз. Ал, қазақтар өзінің шынайы достығын тарихта дәлелдеді – қиын кезде пана болды, мәдениетімізді, тілімізді сыйлап келді, өз тілінде ғана емес, біздің тілдерде де сөйлеуді «дос болайық» деп меңгеріп алды. Біз де оларға лайық­ты дос болуға тырысамыз».

Міне, бүгін  мені  осы  ойлар толғандырды…

Әбдірашит  БӘКІРҰЛЫ,

философ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: