Қазақстан бас прокуратурасы Қаңтар оқиғасына байланысты 717 адамға сот үкімі оқылғанын мәлімдеді.
Оларға «жаппай тәртіпсіздікке қатысу», «ұрлық», «тонау», «қару-жарақ сақтау, қару алып жүру» және өзге баптар бойынша айыптар тағылған. Бұл жөнінде бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады. Ведомствоның хабарламасынан үзіндіні Vlast сайты жариялады.
«Бүгінгі күнге дейін оқиғаны тергеу нәтижесі бойынша сотқа 474 қылмыстық іс жіберілді, 717 адам тәртіпсіздікке қатысып, ұрлық, тонау, қару-жарақ сақтау мен алып жүру сияқты қылмыстар үшін сотталды» деп хабарлады ведомство өкілдері.
Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері 1077 адамға қатысты негізсіз қозғалған қылмыстық іс тоқтатылған. Бірақ олардың қаншасы Қаңтар оқиғасына байланысты екені нақтыланбаған. Уақытша қамау изоляторынан 512 адам босатылған.
Бұған дейін бас прокуратура айыпталушылардың көбіне шартты жаза берілгенін мәлімдеген.
Осыған дейін Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болғандардың кейбірінің туыстары тергеудің әділетсіз жүріп жатқанын айтып, Нұр-Сұлтанға барып, наразылық білдірген. Олар жақындарын ақтауды, оқиғаны әділ тергеуді талап еткен. Қазақстанның түрлі өңірінен келген, бірнеше күн Ақорда маңында қонған наразы топқа жергілікті билік өкілдері барып, уәде беріп, үйлеріне қайтарған.
Қаңтардың басында елде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты митинг өтіп, наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан. Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасында 232 адам қаза болды. Бұған қоса, оқиға кезінде ұсталған тағы алты адамның тергеу изоляторында көз жұмғаны белгілі болды. Билік қоғам талабына қарамастан опат болғандардың есімін және олардың қандай жағдайда қаза болғаны жайлы ақпаратты жарияламады.
Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған азамат ұсталып, жүздеген адамға «терроризм», «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру», «заңсыз қару-жарақ сақтау» секілді айыптар тағылды. Қамауда болғандардың арасында азапталғанын айтып шағымданғандар көп, бірақ оларды азаптау фактісі бойынша ұсталғандар некен-саяқ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!