Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бар жақсылық тазалықтан басталады

05.04.2021, 11:30 468

HALYQLINE.KZ Сенбілікке шығып, айналаны мұнтаздай ету – туған жерімізге жылы сезімін білдірудің бір түрі екенін бүгінде жас та, жасамыс та жақсы біледі.

Осыған орай, Қазалы ауданында тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.

Аудан көркін ажарландыру, келбетін аша түсу өз қолымызда деп білетін аудан әкімі Мұрат Ергешбаев тазалық жұмыстарына өзі бастап шықты.

– Бар жақсылық атаулы тазалықтан бастау алады. Бұл сенбілік – ауданымыздың әдемілігі мен сән-салтанатын арттыратын, тазалығы мен тәртібін қалыптастыратын игі үрдіс. Осынау тазалық шарасына жүрек қалауымен шыққан азаматтар өз істері арқылы туған жерге деген ықылас-ниетін, құрметін білдіріп жатыр, – деді аудан басшысы Мұрат Нәлқожаұлы тазалық жұмыстарын жүргізіп жатқан қызметкерлермен кездесуде.

Аудан орталығындағы тазалық жұмыстарына Әйтеке би кентіндегі мекеме-кәсіпорын ұжымдары және білім ошақтары мен балабақшалардың қызметкерлері белсенді атсалысты. Әрқайсысы өздеріне бекітілген аймақты азғантай уақыттың ішінде жинастырып, тап-тұйнақтай етіп тазартты.

Аудан орталығында тазалық жұмыстары 6 бағыт бойынша жүргізілді. Аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев бастаған білім саласының қызметкерлері Водокачка елді мекеніне баратын жолды, аудан әкімі аппаратының басшысы Қайрат Әубәкірұлы жетекшілік ететін топ 5 квартал аймағындағы қазақ қорымы аумағын, аудандық әлеуметтік бағдарламалар, жұмыспен қамту және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Совет Бабанаев бастаған әлеуметтік сала, мәдениет, спорт және медицина қызметкерлері шығыс беткейдегі теміржол өткелінен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолына дейінгі аралықты қоқыстардан тазартты. Ал, Әйтеке би кенті әкімінің орынбасары Ардақ Жанұзақ бастаған дербес бөлімдер мен бірқатар мекеме-кәсіпорындар «Биг бен» сағаты мен «Алтын көпір» аумағын, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Дәурен Тілеумбетов бастаған ұжымдар Р.Сабырбаев көшесінен шығыс беткейдегі теміржол өткеліне дейінгі аралықтағы арықтардың шөптерін шауып, қоқыстардан арылтты. Ардақ Кәдір басшылық жасайтын Қазалы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің қызметкерлері Әйтеке би кентіндегі жасыл белдеулерде қызу жұмыстар жүргізді.

Тазалық – денсаулық кепілі. Сондықтан ауданымыздың көркеюіне, тұрғындардың дені сау, тәні таза болуына бір адамдай жауапкершілікпен қарауға шақырамыз!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: