«Қазақстан тәуелсіздігін сақтап қала алмайды» деген жазбасымен көп талқысына түскен ақын соңғы постында Астана қаласының Сарайшық ауданы полициясынан хабарласқанын жазып еді. Сол жазбада автор 7 наурыз күні жарияланған әлгі постына eGov арқылы бір адамнан шағым түскенін айтады.
Полицияға адвокатсыз бара алмайтынын ашық айтқан ақын адвокатқа кететін шығынды жабу үшін өз кітаптарын сатуға шығарып, төлем алу құралы ретінде өзінің банк картасын желіге жүктеп қойған. Оның қаншалықты қауіпті екенін замандас әріптестің мысалында айтып қояйық деп шештік.
Негізі, мұндай жағдайда 16 саннан тұратын карта нөмірін немесе картаға байланған телефон нөмірін қалдырса жеткілікті. Ал картаның бетін суретке түсіріп, желіге салып қойған адам алаяқтарға жем боп қалуы мүмкін.
Көп адам картаның 16 санын жазып отыруға ерінеді. Я болмаса, (картаның артындағы үш саннан тұратын) «CVV-кодты білмеген адам не істей алады» деп келте ойлайды. Сіз де солай ойлап жүрсеңіз — «жөскі» қателесесіз.
Қауіп неде?
Айтайық. Біріншіден, әлемде (әсіресе, батыс елдерінде) CVV-кодсыз да төлем қабылдай беретін онлайн дүкендер бар. Мысалы, сөзге тиек болып отырған ақынның жағдайында автордың аты-жөні, картасының жарамдылық мерзімі, 16 саннан тұратын дерегі — бәрі (іздеген адамға) дайын тұр.
Тіпті, қаласа, CVV-кодқа керек 000-999 арасындағы үш санды тез табатын құрылғының/программаның көмегімен де қолға түсіре алады. Ол кезде жағдай тіпті қиындайды.
Мысалы, сіздің аты-жөніңіз бен картаңыздың деректерін білетін алаяқ «банк қызметкерімін» деп еркін хабарласа алады. Ол адам картаның бетіндегі мәліметті жаңылмай айтса, «пәленбай нөмірлі картаңыздан күмәнді операция байқалады…» десе, оған кез келген адам сеніп қалуы мүмкін.
Сосын, өзіңіз де білесіз, кейбір сервистер қандай да бір қызметті ұсынғанда алғашқы тегін айға тіркелу үшін тек карта деректерін сұрайды. Алаяқтар қолға түскен картадағы мәліметтерді түрлі ақылы қызметтерге тіркеп тастауы мүмкін. Оны түп иесі байқамай қалса, ай сайын картасынан ақша кете береді.
Не істеу керек?
Интернетке карта суретін жүктемеу керек! Тіпті «жаңа карта алдым» деп мақтанғың келіп тұрса да, суретке түсіріп, әлемге жар салмас бұрын жақсылап ойлану керек. Мұндай қателікке көбіне жастар жағы, балалар жол беріп алуы мүмкін.
Қорғану үшін банк картасына интернет-транзакцияларға лимит қойып қойған дұрыс. Сонда алаяқтар карта деректерін біліп қойса да, иесінің рұқсатынсыз (немесе белгілі бір сомадан артық) ақша шеше алмайды.
Виртуал карта ашып қойған да артық емес. Ол туралы бұған дейін де жаздық. Ол картаны тек интернет-саудаға қолданасыз. Яғни тек сауда жасайтын кезде ғана ақша салып, төлем жасай бересіз.
Сондықтан, халайық, картаның алдыңғы беті біздің үйіміздің адресі секілді. Оны білген адам үйге баса-көктеп кіре алмаса да, тереземізден сығалап, есігімізді қағып, мазамызды ала алады. Ал заманға бейімделген әккі ұрылар сол есікті бұзып кіретін құралдарды оңай табатыны анық. Осыны біліп жүрейік, ұрынып қалмайық, картамызға ие болайық.
Фото: kazgazeta.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!