Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Балалық пен даналық

13.07.2023, 9:20 198

* Бір бала өзеннен су әкелмек болыпты. (Бұл – тағдыр)

* Бала үйдегі өзі көтере алатын ең үлкен ыдысты алып жүреді. (Үйдегі ыдыстар – оның таңдауы)

* Өзен біршама алыс, ал бала межелі жерге барар жолда қанша демалу керектігін, кім көмектесетінін және не кедергі болатынын білмейді. (Бұл – өмір)

* Бала үлкен шелекпен барсам, көп су әкелемін деп ойлайды. (Бұл – арман)

* Бала өзенге келіп, су алып жатып қараса, өзеннің барлық тастары алтын екен. (Бұл – өмірдің қате түсінігі)

* Бала су алған ыдысына біраз алтын салып алыпты. (Бұл өмірдің мүмкіндігіне қарай шешімі болмақ)

* Бала алтын салынған суды көтеріп жүргенде сәл ауырлау болып сезілсе де, алға қарай ұмтыла берді. (Бұл – кешуге тиіс, көтеруге тиіс тағдыр тауқыметі)

* Жолында көптеген асыл тас кездесіпті дейді. (Бұл – өмірде кездесетін тағдырдың қымбат құрбандары)

* Бала суын азайтып, асыл тастардан салып алады. (Бұл – нәпсі)

* Бала ары қарай әрең жылжып бара жатса, алдынан шөлдеп қаталаған қарт адамға тап болады. Ол баладан су сұрағанда, бала суына қараса, суы өте аз болып көрінгендіктен сараңдығы ұстап суынан бермей, ары қарай тырмысып жүре берген екен. (Бұл – қара басын күйттеген эго)

* Жол әлі алыс, далада ыстық болғандықтан бала суынан аз-аздап ұрттап жүріп отырды. (Бұл – адамның өзін-өзі асырау қажеттілігі)

* Бала суы таусылуға таяғанын біліп, алтын, күміс, асыл тас­тар емес, ең пайдалысы су екенін түсінді. (Бұл – өмірді түсінуі)

* Шөлдеп, шаршап жүре алмай жатқанында жанынан бір бала су толы ыдысын көтеріп өтіп бара жатқанын көріп су сұраса, ол бала: «Ақсақал, сізге су берсем, сіз алтыныңыздан бересіз бе?» депті. (Бала өзін алғаш рет қарт деп атағанын естігенде таңғалыпты. Өзіне алтын емес, су қажет екенін білуі өмірдің тәжірибесі болмақ)

* Қарт болып қойған әлгі бала жас жігітке алтынын беріп, біраз су ішіп, онымен бірге біраз жүріпті. (Бұл серіктесу болмақ)

* Көп ұзамай бала өз жолына түсіп, қарт асыл тасымен ғана қалыпты. (Бұл – жалғыз­дық)

* Қарттың асыл тастарын артынан кел­гендердің ешқайсысы елемей, суға айыр­бастамайды, бірақ алдынан шығып суға бара жатқан кішкентай балалар өте қызыққан екен. (Бұл – өмірлік тәжірибедегі айырмашылық)

* Ақырында қария асыл тастарынан суға бара жатқан балаларға бір-бірден беріп, былай деп тапсырыпты:

«Суға  барар  жолдарыңда  жақсылап  көріп  қызық­тап  алыңдар  да, су алған кезде бұл тастарды сол жерге тастап, суларыңды толық алып келіңдер» депті.  (Бұл – қарттың  даналығы)

* Аз ғана адамдар қарттың ақылын ұстанып үйіне ыдыстарында толы сумен оралатыны – үлкен сауап. Демек, тағдырдың ыдысын өмірге мүлдем пайдасыз, еш қажетсіз нәрселермен толтырып, әрең-пәрең өмір сүру  бақыт  емес, азап болмақ. Біз мүмкіндігінше жақсы  өмір  сүріп, пайдалы заттармен ыдысымызды толтыра  білейік.

Сенің  тағдырыңның ыдысында болуы керек нәрсе­нің  бәрі  дұрыс,  өз  мөлшерінде  екеніне сенесің  бе?!

Амантай  ТОЙШЫБАЙҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: