Байқоңыр қаласында 250 пәтерден тұратын бес тұрғын үй пайдалануға берілді. Жаңа баспаналардың кілтін табыстау рәсіміне Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин, облыс прокуроры Ризабек Ожаров, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер қатысты.
Салтанатты жиында аймақ басшысы өңірдегі тұрғын үй құрылысының қарқынына тоқталып, соңғы жылдары Сыр өңірінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобаларды атап өтті. Ол Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда Қызылорда облысының даму қарқынына оң баға бергенін еске салды.
«Кеше өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы: “Соңғы жылдары Қызылорда облысы заман талабына сай өсіп-өркендеп жатыр” деп, Сыр өңірінде атқарылған жұмыстарға жоғары баға берді. Мемлекет басшымыздың, Үкіметтің қолдауымен аймағымыз қарқынды құрылыс алаңына айналды. 2022 жылдан бері 200-ге жуық әлеуметтік нысан салынып, ел игілігіне берілді», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Облыс әкімі бірнеше жыл бұрын мердігердің салғырттығынан тоқтап қалған Байқоңырдағы тұрғын үйлердің құрылысы облыстық бюджет есебінен қайта жандандырылғанын атап өтті. Аталған бес үйді аяқтауға 2 млрд 433 млн теңге бөлініп, бүгінде пәтерлер толық дайын күйде тұрғындарға табысталды.
«Жаңа қоныс – игіліктің бастауы. Баспаналарыңыздың іргетасы берік, қабырғасы мығым, әр отбасының шаңырағы татулық пен берекеге толы болғай!» – деді аймақ басшысы.
Жиын барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ Қармақшы ауданы мен Байқоңыр қаласының өркендеуіне еңбегі сіңген ардагерлер мен тұрғын үйлерді салған мердігер мекеме қызметкерлеріне облыс әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Константин Бусыгин жаңа қоныс иелерін құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
Айта кетейік, Президент пен Үкіметтің қолдауымен Қызылорда облысының әкімдігі Байқоңыр қаласы әкімшілігімен бірлесіп, қала мен оған іргелес Төретам және Ақай елді мекендерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше мән беріп келеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!