Биыл Байқоңыр ғарыш айлағын салу туралы шешімнің қабылданғанына 70 жыл. 12 сәуір — Халықаралық авиация және ғарышкерлер күні қарсаңында Kazinform тілшісі әлемдегі ең алғашқы әрі ең ірі ғарыш айлағы жөнінде мәлімдеді деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі.
КСРО КОКП Орталық комитеті мен Министрлер кеңесінің бірлескен қаулысына сәйкес алғашқы отандық құрлықаралық баллистикалық зымыранның ұшуын пысықтау мақсатында жаңа әскери полигон құрылатын болды.
«Полигонды қайда саламыз?» деген мәселеде төрт нұсқа таңдап алынды. Олар — Дағыстан, Астрахан облысы, Марий Эль аймағы мен Қызылорда облысы.
Елді мекендерден алыс орналасуы, экватор жазықтығына жақындығы, зымыран ұшырудың қауіпсіздігі, қайтып оралатын ғарыштық объектілер үшін қолайлы аймақтың болуы секілді критерийлерге осы төртеуінің ішінен Қызылорда облысы дөп келді.
1955 жылы 12 қаңтар күні Төретам елді мекенінде ішіне пеш орнатылған екі вагон пайда болды. Оған әскери құрылысшылар тобы жайғасты. «Байқоңыр» ғарыш айлағының құрылысына дайындық, міне, осылай басталған еді.
Ресейге еңбегі сіңген құрылысшы, аты аңызға айналған Гагарин атындағы старт алаңының прорабы, отставкідегі полковник Сергей Алексеенко «Российская газета» басылымына берген сұхбатында бұл құпия объект болғанын келтірген.
“Бәрі қорғаныс министрлігі өзінің шекарасын қорғау үшін, соғыс болған жағдайда АҚШ-қа жауап ретінде ядролық соққы жасау үшін зымыран базасын салып жатыр деп ойлады. Оны «Стадион» деген атаумен бүркемеледі. Алғашқы құрылысшылар Төретамға 1955 жылы қаңтарда келіп орналасты. Жұмыс тек қыркүйекке қарай котлован қазудан басталды. Алғашқыда техника тапшы болды, небары бес скрепер, екі бульдозер, сонша экскаватор, бес самосвал ғана болды”,-деп еске алады Сергей Алексеенко.
Құрылыстың аса құпия болғаны сонша, жұмысшылар стадион, ал әскери офицерлер шекараны қорғау үшін әскери база салып жатқанына сенімді болған.
Мұның полигон екенін ешкім білмес үшін айналасына сарбаздарды жинап, жұмысқа салған.
“1956 жылы қала үлкен қарқынмен, әлемдік ракета қондырғылары орналасқан қалашықтарға қарағанда бұрын-соңды болмаған шапшаңдықпен дамыды. Үйлер дайын болғанша офицерлер отбасы Төретамдағы жеркепелерде, вагондар мен жергілікті тұрғындардың үйінде өмір сүрді”, — делінген Қызылорда облыстық мемлекеттік архиві қоғамдық-саяси тарихы филиалының дерегінде.
1955 жылы 2 маусымда КСРО Қарулы күштерінің бас штабы Байқоңырды ресми түрде әскери полигон деп таныды.
Облыстық архив қорының мәліметіне сүйенсек, 1957 жылы 4 қазанда ғарыш айлағынан тұңғыш ғарыш зымыраны сәтті ұшырылды. Ал 1961 жылы 12 сәуір күні адамзат тарихында алғаш рет Юрий Гагарин «Восток» кемесімен ғарышқа сапарға аттанды.
Содан бері 500-ден астам ғарышкер аспан әлемінде саяхаттап, ғылыми зерттеу жүргізді. Олардың арасында елімізден Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетов бар.
Еске салсақ, 2025 жылдың 2 маусымында «Байқоңыр» ғарыш кешені өзімен аттас қала және ғарыш айлағымен бірге құрылғанына 70 жыл толу мерейтойын атап өтеді. Негізінде ғарыш айлағының Қазақтанда орналасатыны жөніндегі шешім одан ертерек шыққан еді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!