Байқоңыр қаласында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Қалада жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, инженерлік желілер жаңартылып, елді мекендерді газдандыру мен сумен қамту мәселелері жүйелі түрде шешімін тауып келеді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, халықты баспанамен қамту – әлеуметтік саясаттың негізгі басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта Байқоңыр қаласында жаңа шағын аудан қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп келеді.

«Халықты баспанамен қамту әлеуметтік саясаттың басты бағыты. Байқоңырда жаңа шағын ауданның қалыптасуы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру жолындағы нақты нәтиже. Тұрғын үй мәселесін кезең-кезеңімен шешу мақсатында 2019 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 50 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде жаңа 7 «А» шағын ауданы бой көтерді. Ағымдағы жылдың қаңтар айында осы шағын ауданда тағы 50 пәтерлі 5 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды», – деді Қайрат Ырзақұлұлы.
Сонымен қатар қала аумағында инженерлік инфрақұрылымды жаңарту бағытында да кешенді жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда Байқоңыр қаласы толықтай табиғи газға қосылған. Бұдан бөлек, Төретам және Ақай елді мекендері де көгілдір отынмен толық қамтамасыз етілген.

Қаладағы өзекті мәселелердің бірі – ауызсу мен кәріз жүйелерінің тозуы. Осыған байланысты облыс әкімдігі тарапынан Байқоңыр қаласын сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта жаңарту жобасы іске асырылуда.
«Қазіргі таңда облыс әкімдігімен «Байқоңыр қаласын сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін қайта жаңарту» жобасын жүзеге асыруда. Жоба аясында 94,6 шақырым су құбыры және 84,6 шақырым кәріз желілері ауыстырылады», – деді Қайрат Нұртай.
Мамандардың айтуынша, аталған жұмыстар аяқталған соң қаланың коммуналдық инфрақұрылымы айтарлықтай жаңарып, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасы жақсарады. Бұл өз кезегінде Байқоңыр қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, халықтың тұрмыс деңгейін арттыруға ықпал етпек.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!