Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бәле-жаладан қорғаған – ананың таяғы

21.07.2025, 9:30 184

HALYQLINE.KZ

Анам, «Батыр ана» Орынкүл Мусақызының руы Қаракесек еді. Мұғалім, балабақша меңгерушісі, дүкенші қызметтерін атқарды. 2000 жылы Қазалы ауданының «Абзал әже» номинациясын иеленді.

Совет одағының саясатында көп баланы өмірге әкеліп, тәрбиелеген аналарға «Батыр ана» деген жоғары атақ пен алтын жұлдыз, куәлік беретіні кеңестің көзін көргендерге жақсы мәлім. Анамның да кеудесінде жарқырап шуағын шашып тұрған батыр ананың алтын жұлдызы қадалып тұрушы еді. Сонау Мәскеуде толтырылып, Подгорный, Георгадзе деп қолдары қойылған куәлігі әлі үйде сақтаулы тұр.

Жалған дүние. Уақыт неткен жылдам десеңші. Анамның өмірден өткеніне де ширек ғасыр болыпты. Бүгінгі таңда өзім де немере сүйген ата болсам да, әкем мен анамның жарқын бейнесі, олармен бірге өткізген қызыққа толы күндер бір сәтке де жадымнан өшкен емес. Бүгінгі жазу үстінде төмендегі мына оқиға санамда жарқ ете түсті.

… Анам ауыл дүкенінде жұмыс істеді. Арасында тетелес інімді ертіп, анамның дүкеніне барамын. Осындайда анамның рулас інілерінің әйелі (яғни Қаракесектің келіні) Гүлжан апаймен кездесіп қалсам…. бітті. Моншаға түсіп шыққаннан бетер борша-борша боламын. Ең қиыны, анасының қасында жіп-жіңішке бұрымын резеңкемен буып тастаған, менен бір жас үлкендігі бар Гүлсезім атты қызы үнемі еріп жүреді. Мені көргеннен Гүлжан апаның көзі оттай жайнап, қолыма шап ете қалады.

Анама бұрылып:

— Апа, мына қызымды осы қара балаңа берейін. Қалыңмалын осы бастан төлей бер… Әй, жиен, менің қызымды аласың ба?! — дейді төбемнен төне түсіп…

Менің мазам қашады…. Дәл сол жерде, тура дүкеннің ішінде беташар жасап, екеуміздің некемізді қиып жіберетіндей зәре-құтым қалмайды.

Мұрнымды бір тартып қойып:

— Гүлсезім менен үлкен ғой, — деймін жыламсырап.

Оны тыңдайтын апа қайда?!

— Немене, қызымды менсінбей тұрсың ба?! Үлкендігі ештеңе етпейді. Мен де шалымнан үлкенмін, — дейді Гүлжан апа нығарлап.

— Сабақ ше?! — деймін сылтау табылғанына қуанып.

Апа болса:

— Оның жарасы жеңіл. Екеуің мектепке бірге барасыңдар, — деп қысқа қайырады.

Жалтақтап анама қараймын. Ал ол мені қорғаудың орнына:

— Айналайын, келіннен сол… Сіңлімді алып, сүйек жаңғыртамыз. Менің төркін сыбағам болады, — деп мәз-мейрам болады…

Осыдан кейін Гүлжан апаның төбесі көрінгеннен қашып жүремін…

Арада жылдар өтті. Гүлсезім жоғары оқу орнын бітіріп, облыс орталығына тұрмысқа шықты. Үйлі-баранды, көпшілікке танымал мықты дәрігер атанды.

Біздің бала кезімізде шағын ауылда көше-көшеге, ауыл-ауылға, топ-топқа бөлініп төбелесу белең алды. Бәрі бір-біріне туыс, құда-жекжат болып келетін қазақы ауылдың балаларына не жетпейді дейсіз? Баяғы алаңғасар балалық сезімнің салдары да. Әскерге кетіп бара жатқан бір досым маған 20 патронымен шолақ мылтық (обрез) сыйға тартты. Мылтықтың дүмінен сүйіп, өзі келгенше сақтауға сөз бердім. Неткен ақымақтық десеңші?! Күнде майлап, тазалап тұрамын. Әлденеше мәрте көше жанжалына да алып шықтым. Алла сақтап, періште қаққан шығар, пайдаланудың реті келмеді. Кейін марқұм шешем біліп қалып, өзімді жыңғыл таяқпен (жүн сабайтын сабау) қуалап жүріп сабап, обрезді әжетханаға салдырып, көмдіріп тастады. Осылайша, досыма берген сертімде тұра алмадым. Бірақ, ешкімді атпағаным үшін әскерден оралғанда досым онша ренжи қоймады…

Егер сол тұста қолымдағы қаруды балалық ақымақтықпен біреуге жұмсап, орны толмас өкінішке соқтырса, зардабын ойлаудың өзі өте қорқынышты. Сол оқиға есіме түссе, көңілім құлазиды. Ауыр күрсініп, бәле-жаладан қорғаған Аллаға, қала берді анамның таяғына ризашылығымды жаудырамын.

Әкем Айдарбек Әбдірейімұлы Табынбаев 1922 жылы дүниеге келген. Әкеміз бен анамыз 11 перзент сүйді. Мен олардың жетінші баласымын. Марқұм әкем Ұлы Отан соғысының және Еңбек ардагері. Бұлтты, жауынды-шашынды күндері мазасы кетіп, қатты сырқаттанып қалушы еді. Біздер қосыла қиналатынбыз.

1975 жыл. Әкем ауруханаға ауыр халде түсті. Жарақаты ашылып кетіпті. Ота жасаған дәрігерлер қорғасын оқты денесінен алып шықты. Фашист оғы осыншама уақыт міні құрымай сақталғанына ақ желеңділердің қатты таңданғаны есімде. Әкем зейнеткерлікке шыққанша ауыл мектебінде ұстаз болып жұмыс істеді. «Ұстаздардың ұстазы» атанып, талай шәкіртті білім көгіне қанаттандырды. Жатқан жерлеріңіз жайлы болсын!

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданының  Құрметті  азаматы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: