Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ажырасу әдетке айналып барады

15.02.2024, 10:20 245

Жанұяң – жаныңның саясы. Қазақ жұрты осы бір «отбасы» деген ұғымды қашанда қадір тұтып, отының өшпеуі үшін барын салған. Дегенмен, заман ағымына қарай бәрі басқа арнаға бұрылып, киелі ұғымның титтей де қадірі қалмай барады. Кім кінәлі? Қай жерде қате қадам бастық?

Бұрын құлаққа түрпідей тиетін жағымсыз жаңалыққа ендігі етіміз үйреніп кеткен. Отбасындағы мәселе әркімнің өз шаруасы екені хақ. Бірақ әркім бір қиқым боп дегенін қыла берсе, қазіргі статистика тіпті өршуі мүмкін. Былтырдың өзінде елімізде арнайы мекемелер 130 мыңға жуық некені тіркесе, 45 мыңға жуық отбасының шаңырағы ортасына түскен. Кеше көтерген отаудың бүгіні бар  да, ертеңі – бұлыңғыр.

«Неге?» деген сұрақтың болуы өте орынды. Өзегін жоймаған бұл мәселені бүгінге дейін талдап, тарқатқандар жетерлік. Ел арасын­да  жиі  кездесетін пікірлер легін тізіп көрелік.

«Баласыз үй – мазар». Отау тігіп, үйлі болған кез келген отбасы­ның негізгі қалауы да, қызметі де – дүниеге бала әкелу, артында ұрпақ қалдыру. Десе де, белгілі бір себеппен бала көтере алмау проб­лемасы көптеп кездесетіні жасырын емес. Отбасының құлдырау­ына бұл да бір үлкен себеп екені бәріне аян. Қазақ­стандық репродуктивті медицина қауымдастығының деректері бойын­ша қазақстандық жұптарда бедеулік 12-ден 16%-ға дейін өскен. Яғни, әрбір алтыншы жұпта бұл мәселенің бары өтірік емес. Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары бедеулік деңгейі 15%-дан асса, ол мемлекеттік проблема екендігін айтады. Ажырасудың басты себебі осы мәселе деуге толық негіз бар.

Абьюз. Соңғы уақытта отбасыда көптеп кездесетін оқиғаның соңы қайғылы жағдайға да әкеліп жатыр. Бұл – нағыз жасыруға болмайтын жара! Қол көтеру, әлімжеттік, дөрекі мінез көрсету бақытты отбасы болуға апарады деп те ойлай алмайсың. Зорлық-­зомбылық фактілері жиі болып, назар аудармасқа амал қалдырмайды. Өзекті тақырыпқа айналған бұл мәселенің күрмеуі қиын. Өткен жылдың соңғы 6 айында отбасыдағы зорлық-зомбылық фактісі бойынша 50 000 өтініш қаралған. Ал жыл сайын әрбір алтын­шы әйел зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Бұл факті де отбасы­ндағы ері не әйелінің «от басуына» әсер  етпей  қоймайды.

Тұрмыс жағдайының төмендігі. Қаржы мәселесінің салдарынан отбасыда ұрыс-керістің болатыны жасырын емес. Ranking.kz экономика­лық мониторинг порталының мәліметінше, Қазақстанда табысы азық-түлік себеті құнынан аспайтын төмен отбасылар саны былтырғы жылмен салыстырғанда 3 есеге артқан. Жалақысы азық-түліктен артылмайтын отбасыларда қаражат мәселесі араздыққа, тіпті өзін-өзі өлтіруге әкелетін тақырыпқа айналып барады. Оған дәлел, 13 қаңтарда Атырау облысы Доссор кентінің 62 жастағы тұрғыны үстіне бензин шашып, өзін өртеп жіберген. Денесін 70 пайыз күйік шалған азамат 3 күннен соң облыстық ауруханан­ың жан сақтау бөлімінде жан тапсырған. Жұбайының айтуынша, күйеуі бұл қадамға жоқшылықтан ашынғаннан барған. Әкімдік берген жалдамалы үйіне керекті заттарды, азық-түлікті несиеге алып, осы мәселенің кесірінен ерлі-зайыпты араздасып та қалған. Азамат өндірісте қолын жарақаттап, 3-топ мүгедегі болғандықтан жұмысқа да орналаса алмапты. Марқұмның артында  2  ұлы, 4  қызы  қалды.

Бұл – біз бен сіз білетін бірнеше фактор ғана. Ажырасуға апара­тын себеп-салдар көп. Оттың басын өшіріп, өшігуге дейін апаратын түрткі жетіп жығылады. Бірақ шаңырақты шайқалтпау­дың бір ғана ережесі бар. Бұл – жауапкершілікті толық сезініп, толыққанды жетілгенде ғана шаңырақ көтеру.

Мерей  КӨШЕРБАЙ

Фото: ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: