HALYQLINE.KZ Көпшілік 5-ші квартал атап кеткен аймақтың тұрғындары Құрбан айт мерекесін ерекше атап өтті. “Әли-муса” мешітінің жамағаты мен 5-ші аймақтағы ағайынның ұйымдастыруымен өткен “Құрбан айт – ұлық мереке” атты іс-шараға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев арнайы қатысып, жиналғандарды мерекемен құттықтады.
– Құрбан айт – сауапты істер жасайтын, құлшылық ететін қасиетті күндер ғана емес, ол адамдар арасында бауырмалдық орнатып, өзара достыққа, ынтымақтастыққа, сүйіспеншілікке шақыратын мереке. Алланың ақ жолына адалдық пен таза көңiлде бет бұрған болмысымыз бүгiнде ұлттық ұлағатқа ұласты. Үлкендi құрметтеу, кішіге iзет көрсету секiлдi сыйластық арта түстi.
Алла Тағала барлық дұға-тілектеріңізді, шалған құрбандықтарыңызды қабыл етсін! Әрдайым еліміз аман, жұртымыз тыныш, болашағымыз жарқын болсын!
Баршаңыздың дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін, – деген аудан басшысы игі істің өтуіне ұйытқы болған бірқатар азаматты аудан әкімінің “Алғыс хатымен” марапаттады.
Мереке аясында өткізілген іс-шарада “Әли-муса” мешіті жамағатының атынан Ұлттық біріңғай тестілеуден жоғары ұпай жинаған түлектер мен байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген 5-ші аймақтың жастарына арнайы номинациялар беріліп, сыйлықтар табысталды.
Мұнан соң аудан өнерпаздары жиналған көпшілікке арнап терме айтып, ән салды. Сонымен қатар, аталған аймақтың өнерлі жастары өз өнерлерін көрсетті. Артынша жиналған көпшілік жасөспірімдер мен ересектер арасындағы гір тасын көтеру, қой көтеру, асық ату және турникке тартылу сынды сайыстарға куә болды. Құрбан айт мерекесінде балғындарға ерекше көңіл-күй сыйлау үшін батуттар орнатылып, түрлі кейіптегі аниматорлар келді. Сондай-ақ, бүлдіршіндерге тегін тәттілер таратылды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!