Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауыл тұрғындарымен кездесіп, мәселесін тыңдады

16.08.2022, 16:15 534

HALYQLINE.KZ Бүгін Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов Жаңадария ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, аудан көлемінде атқарылған жұмыстарды баяндап, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Аталған кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Гүлзат Құрманбаева, аудандық мәслихат депутаттары, аудандық салалық бөлім басшылары, ауыл тұрғындары және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

Өз кезегінде тұрғындар бірінші кезекте ауылға келетін жол мәселесінің қиындық тудыратынын, ауылдағы мектептің жөндеу жұмыстарының шешімін табуға ықпал жасауды сұрады. Аудан басшысы ауыл тұрғындарымен жүздесу барысында елді мекендегі кемшіліктерді назарға алып, салалық бөлім басшыларына нақты тапсырма берді.Айта кету керек, биылғы жылы «Есет батыр – Жаңадария» ауылы аралығындағы аудандық маңыздағы автомобиль жолының 17,1 шақырымын орташа жөндеуге республикалық бюджеттен 100 млн теңге бөлінді.№203 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін ЖСҚ әзірлеуге облыстық білім басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылды.

Асқарбек Темірбекұлының ауыл тұрғындарымен кездесуі Аламесек ауылдық округінде жалғасты. Есет батыр атындағы мәдениет Үйінде өткен кездесуде ауыл тұрғындары электр желілерінің жөнделуін, көшелердің асфальтталуын, жеке шағын қожалықтарды біріктірсе деген ұсыныс-пікірлер білдірді. Асқарбек Темірбекұлы тұрғын үй секторының электр желілерін қайта жаңғырту үшін демеушілердің көмегімен жобалау сметалық құжат дайындалып, республикалық бюджет арқылы шешілетінін, 5 көшеге жобалау сметалық құжат әзірленіп, сараптамаға ұсынылғанын атап өтті. Ауыл тұрғындары жасалған жұмыстарға ризашылығын білдіріп, батасын берді. Аудан басшысы кездесу соңында тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов жұмыс сапарымен Еңбек ауылдық округіне барып, ауыл халқымен кездесті. Аудан басшысы ең әуелі ауыл тұрғындарымен жүздесу барысында газдандыру, жайылымдық жер, көше жарықтандыру мәселесін назарға алып, салалық бөлім басшыларына нақты тапсырма берді.

«Ауыл тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыруға қажетті кез келген мәселені саралап, алдағы уақытта оңды шешім шығарамыз. Алдағы уақытта газдандыру, 3 көшені жөндеу, жарықтандыру мәселесін қолға алып, тұрғындардың көкейінде жүрген мәселелерді шешуге жұмыс істейміз», – деді аудан әкімі кездесуде.

Ауыл халқы әр ай сайын халықпен кездесіп, олардың мәселесін, мұң-мұқтажын тыңдап жүрген аудан басшысына алғыстарын білдірді. «Батыр аналар» ансамблінің аналары да ілтипат білдіріп, құрмет көрсеткен аудан басшылығына алғыстарын жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: