Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аудандық маңызы бар жолдарды жаңғыртуға басымдық берілуде

04.02.2026, 18:28 31

Қызылорда облысында аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жағдайын жақсарту және оларды кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстары жалғасуда. Осы бағыттағы өзекті мәселелер облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Gezhouba Shiely Cement Company LLP серіктестігінің бас директоры У Чжэньхуа­мен кездесуінде талқыланды. Кездесу барысында «Самара – Шымкент – Еңбекші» бағытындағы аудандық маңызы бар автомобиль жолының қазіргі жағдайы және оны жөндеу мәселесі сөз болды. Аталған жолдың жалпы ұзындығы – 6 шақырым. Өткен жылдың 1 тамызында оның 4,3 шақырымын серіктестікке тегін пайдалануға беру туралы келісімшарт жасалған.

Қазіргі таңда жол учаскесіне күрделі жөндеу жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынған. Жөндеу жұмыстарын биыл бастау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, «Шиелі – Тайқоңыр» автокөлік жолын жөндеу жұмыстары да қолға алынған. Бұл жоба «Kazatomprom» ұлттық атом компаниясының еншілес ұйымы – «KAP Logistics» серіктестігінің қолдауымен жүзеге асуда. Күрделі жөндеуге 2 млрд 555 млн теңге қаржы бөлінген.

Мердігер «PK Story Group» серіктестігі аталған жолдың 13 шақырымын жаңғыртуда. Жолдың ені 7 метрді құрайды. Қазіргі уақытта жол жамылғысы толық жаңартылып, жол белгілері мен қауіпсіздік инфрақұрылымы талапқа сай орнатылуда.

Айта кетейік, 2022–2025 жылдары өңірде 1600 шақырым автомобиль жолы мен 30 көпір өткелі салынып, күрделі жөндеуден өткізілді. Бұл жұмыстарға 150 млрд теңгеден астам қаражат бағытталған. Ал Қызылорда қаласының өзінде 270 көше қайта жаңғыртылды. Өткен жылы жол инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен 50 млрд 605 млн теңге бөлініп, 329 шақырым автомобиль жолдары, көшелер мен көпір өткелдері жөндеуден өтті. Нәтижесінде облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: