HALYQLINE.KZ Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес аудан әкімі Нұржан Ахатов тоқсан сайын халықпен кездесулер өткізуде. Бұл жолы аудан әкімі Еңбекші, Жиделіарық, Жуантөбе, Бестам, Телікөл, Алмалы, Ақтоған, Керделі, Тұран, Ақмая ауылдық округі тұрғындарымен кездесті.
Кездесулер барысында аудан әкімі тұрғындарға әр ауылдық округ бойынша депутат болып сайланған аудандық мәслихат депутаттарын таныстырып, алдағы уақытта депутаттардың қолдауымен көпеген істер атқару жоспарланғанын айтты.Келесі кезекте, аудан басшысы биылға жылға 6 бірдей ауылға газ жүйесін тарту, 2 ауылға ауыз су жүйесін жүргізу, 2023-2024 жылдары 8 бірдей елді мекенде амбулаториялық ғимараттардың құрылысын жүргізу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Содан соң, тұрғындар тарапынан сұрақтар қойылып, Нұржан Сәбитұлы жауапты сала басшыларымен бірге шешу жолдарын талқылады. Мәселен, Еңбекші ауылдық округінде өткен кездесуде мемлекеттік балабақшаға көлік алып беру, Қосүйеңкі елді мекенінде жарық мәселесін шешу, монша салу мәселелері көтерілді.
Ал, Жиделіарық ауылдық округіндегі кездесуде тұрғындар егістік жерлердің айналасын қоршалау үшін қазып тастайын шаруа қожалықтардың іс-әрекеттеріне наразылық танытты, сондай-ақ, амбулатория ғимаратының көлемі кішкентай екендігі айтылып, реконструкция жасау ұсынылды.
Жуантөбе ауылдық округінде өткен халықпен кездесу барысында да біршама мәселе айтылды. Атап айтар болсақ, кіреберіс арканы жаңалау, ауыл ішілік көшелерге асфальт жабындысын төсеу секілді мәселелер айтылды. Бұл мәселелерге қатысты аудан басшысы «Расында, Жуантөбе ауылдық округінің көшелеріне асфальт жабындысын төсеу ісі басқа елді мекендермен салыстырғанда кенжелеп қалған. Алдағы уақытта осы мәселені шешу үшін аудандық бюджеттен қаржы бөлуге жұмыс жасаймыз», – деді.
Бестам елді мекенінде өткен кездесуде тозығы жеткен жарық бағаналарын ауыстыру, мәдениет үйін салу, мектеп ғимаратын толықтай жөндеуден өткізу секілді бірқатар мәселелер көтерілді. Тозығы жетіп, адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін бағаналарды аудан әкімі КРЭК мекемесінің басшысы Нұржан Ахметовке 2 тәулік ішінде ауыстыруды тапсырды.
Телікөл жұртшылығы болса, шаруа қожалықтары қазып тастаған орларды көму, медицина қызметкерлерінің қызмет көрсету сапасын көтеру, қазақша күрестен спорт үйірмесіне ғимарат беру мәселелерін айтты.
Мұнан соң, аудан әкімінің халықпен кездесулері Алмалы, Ақтоған ауылдық округтерінде жалғасып, ақтоғандықтар 1971 жылы салынған мектеп ғимаратының орнына жаңа мектеп салу мәселесін ортаға салды.
Керделідегі басқосуда тұрғындар мемлекеттік балабақша ғимаратын газға қосу, ауылдағы қоқыс полигонын жауып, жаңасын ашу мәселелерін жеткізді. Балабақша ғимаратын газға көшіру мәселесіне қатысты білім бөлімінің мамандары тиісті құжаттардың дайындалып, басқармаға ұсынылғанын айтты, ал қоқыс полигонына қатысты аудан әкімі полигонды толықтай тазартып, жабу керектігін мұнан соң тұрғындар тазалық мекемесімен келісім-шартқа отыру керектігін айтты.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!