Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аудан дамуы Қоғамдық кеңес отырысында талқыланды

28.01.2026, 10:30 26

Кеше Қазалы аудандық Қоғамдық кеңес мүшелерімен өткен есептік кездесуде 2025 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер талқыланды. Жиын Руханият орталығында өтіп, оны аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Талайлы Бөріқұлақов ашып, жүргізді.

Кездесу барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, инфрақұрылымды жақсарту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жол жөндеу, білім, мәдениет, спорт және әлеуметтік салада жүзеге асырылған жобаларға кеңінен тоқталынды. Есепте тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты қадамдар мен алдағы уақытта іске асырылатын жоспарлар қамтылды.

Жиында 2025 жыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен және облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының басшылығымен өңір үшін маңызды кезең болғаны айтылды. Мемлекет басшысының Сыр өңіріне жасаған жұмыс сапары мен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысының Қызылордада өтуі облыстың ел өміріндегі рөлін айқындағаны атап өтілді. Президенттің облыстың даму қарқынына берген оң бағасы өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін көрсететіні айтылды.

2025 жылдың қорытындысымен ауданда негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерде өсім қалыптасты. Өнеркәсіп өндірісі 112,3 пайызды құрап, 32 млрд 863 млн теңгеге жетті. Өңдеу өнеркәсібі 112,8 пайызға өсіп, 28 млрд 863 млн теңгені құрады. Сауда көлемі 101,1 пайызға жетіп, 16 млрд 181,8 млн теңге болды. Ауыл шаруашылығында 103,6 пайыз өсім тіркеліп, өнім көлемі 30 млрд 869,4 млн теңгені құрады. Негізгі капиталға тартылған инвестиция 105,1 пайызға өсіп, 29 млрд 681 млн теңге болды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 145,6 пайызға жетіп, 20 млрд 726 млн теңгені құрады. Тұрғын үй құрылысы 105,7 пайызға артып, 67 093 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Кездесу барысында аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш пен Қоғамдық кеңес мүшелері пікірлерін білдіріп, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Кеңес мүшелері ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беріп, алдағы міндеттерді бірлесе жүзеге асыруға дайын екендерін жеткізді.

Жиын қорытындысында алдағы уақытта халық сенімін ақтау, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі арттыру бағытында Қоғамдық кеңеспен бірлескен жұмыс жалғасатыны айтылды. Кеңес мүшелері тарапынан көтерілген ұсыныстардың барлығы кезең-кезеңімен іске асатыны жеткізілді.

Айта кетейік, басқосуға Қоғамдық кеңес мүшелерімен қатар аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш, аудан әкімінің орынбасарлары, кент, қала және ауылдық округ әкімдері мен мекеме басшылары қатысты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: