Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Атажұрт» ұйымы белсенділерінің туыстары қамаудағыларға қысым жасалып жатқанын айтты

07.04.2026, 9:50 57

Алматыда тіркелмеген «Атажұрт» ұйымының қамаудағы белсенділерінің жақындары баспасөз мәслихатын өткізіп, тергеу изоляторында отырған туыстарына белгісіз адамдар қысым көрсетіп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы олардың сөзіне сілтеме жасап «Азаттық радиосы» жазды.

Жақындарының айтуынша, қамаудағы белсенділерге бейтаныс адамдар келіп, қандай да бір құжатқа қол қоюды талап еткен. Алайда әлгі құжаттың мазмұны нақты түсіндірілмеген.

Қамауда отырған белсенділердің бірі Бақытнұр Нұрмұқанның әкесі Нұрмақан Арыстанның сөзінше, ұлына екі бейтаныс адам келіп, құжатқа қол қоюды сұраған. Оның айтуынша, Бақытнұр құжаттың не үшін екенін түсінбеген соң қол қоюдан бас тартқан.

Ал Батылбек Байғазының анасы Назира Шаймұрат та осындай жағдайды алға тартты. Оның сөзінше, баласына келген екі бейтаныс адам құжатқа күштеп қол қойдырған. Сондай-ақ ол ұлымен ұзақ уақыттан бері кездесе алмай жүргенін айтты.

Назира Шаймұраттың айтуынша, ұлының денсаулығында да мәселе бар. Ол баласының көзіне операция жасату жоспарланғанын, сондай-ақ бүйрегі ауыратынын жеткізді.

Еске салсақ, тіркелмеген «Атажұрт» ұйымының 19 мүшесіне «ұлтаралық араздықты қоздыру» бабы бойынша айып тағылған. Іс Талдықорғанда жабық форматта қаралып жатыр.

Айыпталушылар былтыр 13 қарашада Қытай туы мен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің суретін өртеген. Олар Шыңжаңдағы қазақтарды босатуды талап етіп, Қытаймен арадағы визасыз режимді тоқтату қажеттігін айтқан.

Фото: Тіл кеспек жоқ Telegram арнасынан

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: