Бүгін “Тағзым» алаңында Тәжік-Ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алу шарасы өтті.
Ардагерлер «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойып, қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етті.
Шараға арнайы қатысқан қала әкімінің орынбасары Ғалымжан Еркебай ардагерлерге ізгі лебізін білдірді.
- Отан алдындағы борыш-міндетін адал атқарып, кеудесін оққа тосқан жауынгерлердің алдында кімде-кім болмасын басын иіп, тағзым етеді. Қазақ қашан да «Ер – елдің қорғаны» деп, ер-азаматтың қоғам алдында биік бағасын асырып, мерейін тасыта білген. Сондықтан, азаматтық пен батырлықтың үлгісін көрсеткен сарбаздар ерлігі әрдайым ел есінде, – деді Ғалымжан Бақтығалиұлы.
Тағылымды шарада Қызылорда облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарына қатысушылардың РҚБ облыстық филиалының төрағасы Марат Орынбайұлы сөз сөйлеп, тілектерін білдірді.
Ескерткіш маңына жиналғандар қаза болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Құран бағышталып, «Тағзым» алаңының аумағына тал көшеттері отырғызылды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!