Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тәжік-ауған шекарасында қаза тапқан жауынгерлерді еске алды

07.04.2026, 17:00 70

HALYQLINE.KZ

Бүгін Тәжік-Ауған шекарасынан қазақстандық әскерилердің шығарылғанына 25 жыл толуына және 7 сәуір – «Ерлік күніне» орай Қызылорда қаласындағы «Тағзым» алаңында әскери қақтығыстарда қаза тапқан жауынгерлерді еске алу шарасы ұйымдастырылды. Бұл туралы Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы ақпарат таратты.

Еске алу рәсімінде ардагерлер, әскери қызметшілер мен қатысушылар арнайы ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ел тыныштығы жолында жанын қиған батырларды терең құрметпен еске алды. Олардың қайсарлығы мен табандылығы, Отан алдындағы адалдығы – бүгінгі бейбіт өмірдің берік іргетасы екені атап өтілді.

Іс-шараға арнайы қатысқан қала әкімінің орынбасары Ділмұхамед Абизов жиналған жұртшылыққа ізгі лебізін білдіріп, ел қорғаған ерлердің есімі мен ерлігі ұлт жадында мәңгі сақталатынын жеткізді.

– Отан алдындағы қасиетті борышын мінсіз атқарып, кеудесін оққа тосқан ержүрек жауынгерлердің алдында әрдайым бас иеміз. Қазақ халқы қашанда «Ер – елдің қорғаны» деп, батырлық пен азаматтықтың қадірін жоғары бағалаған. Сондықтан ел қорғаған ерлердің өнегелі жолы ұрпақ жадында мәңгі сақталады, — деді Ділмұхамед Мнуарбекұлы.

Сонымен қатар, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірбек Шәменов пен Ардагерлер одағының «Тәжік-Ауған шекарасында жауынгерлік қимылдарына және әскери қақтығыстарына қатысуышлардың» Қызылорда облыстық қоғамдық бірлестігі және Облыстық «Ерлік» үйлестіру кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Марат Орынбайұлы сөз сөйлеп, бейбіт өмірдің бағасын ұғындыру, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу – баршамызға ортақ міндет екенін атап өтті.

Жиында сондай-ақ денсаулығына байланысты қатыса алмаған Ермек Бекжановтың анасы сөз алып, жүрек тебірентерлік естеліктерімен бөлісті. Өз кезегінде Марат Орынбайұлы батыр анаға құрмет көрсетіп, иығына ақ жаулық жауып, құрмет көрсетті.

Іс-шара соңында қаза болған жауынгерлердің рухына Құран бағышталып, олардың есімдері құрметпен еске алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: