Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тәубеге берік тұлға

01.05.2025, 7:40 639

Рухани жаңғыру дүмпуі кейінде қалған қадірмендерді және бір қайтара түгендеуді еске салғандай. Омыраулары орден, медаль тағынуға жаралғандай аға буын қатары барынша селдіреп қалғаны жүректі шым еткізеді. Көбісі дәріптелмеді. Олар Отан үшін жасалған ерлікті саудаға салмады. Соғыс көргендер бірін-бірі аман-сау көргенін қанағат тұтты. Бейбіт күн берекеті алдында ажалмен айқасқандарын бетперде тұтпады.

Қаншасы қалды жат жерде, қаншасы оралды туған жерге?! Сірә, әрбір майдангер тәубеге берік тұлғалар десек, әділ байлам сол шығар. Бір ғана Арал өңірінен Жеңіс күнін жақындатуға ерлік шашуын ұсынған қаһармандар мыңдап саналады. Солардың бірі Сексеуілдің сайыпқыраны, бірінші дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденінің иегері Ахметжан  Бижанов  болатын.

Қырқыншы жылдар қай шаңыраққа ауырлық артпады?! Иса ақсақалдың да жан-жағы қусырылды. Баласы Бижан мен келіні Кенже ел қатарлы тірлік кешті. Табыс талқаны болат жолдан бұйырды. Соғыс өртінің жалыны бұларды да шарпыды. Сексеуілді ауызсумен қамтамасыз  ету құрылымындағы Бижан  еңбек майданы жауынгеріне айнал­ды. Есесіне, екі бірдей ұлына шақырту келді. Мұхамеджан әскер киімін бір ай тұтынар-тұтынбастан, Краснодар маңында оққа ұшты. Бауырластар зиратында  жерленгені  кейін  белгілі  болды.

Араға ай салып, майданға аттану кезе­гі Ахметжанға да жетті. 1942 жылдың 7 маусымынан  бастап 1944 жылдың 4 желтоқсанына дейін Қызыл Армия  сапында  айбынды жорық жолынан өтті. Ол нағыз қызыл қырғын шайқас шеңберінде жүрді. Атышулы Сталинград майданы, Орёл, Курск доғасындағы жойқын ұрыстарда 28-армияның 52-атқыштар бригадасында минометті зіркілдетті.

Мектепте математикаға жүйріктігі, теміржолдағы табельші дағдысы оны нысана көздеуде еш қателестірмеді. Тұянадай артиллерист мұзқаракөк темірге желімдей жабысып, есептеу құрылғысымен біте қайнасып кетті. Командование сан мәрте алғыс жария­лады. Жауынгерлік медальдар тізбегі омырауын  қыздырды.

Украин майданы Ахметжан Бижановқа қатерді үйіп-төкті. 4-Сталинград техкорпусының 14-мехбригадасында атқыштар батальонының 3-бөлімшесінде жау шебіне мина жаудырған жанкешті сәттерде толас болмады. Ұшақтан тасталған  бомба, зеңбірек пен минометтен зымыраған снаряд пен мина соғыс даласының астан-кестенін шығарғанда, шабуылдың берекеті кетіп, екі жақ та күтпеген шығынға ұшырайтын. Бұл арада нысананы дәл көздеуге айрықша мән берілетін. Осы талапты ойдағыдай атқаратын қырағыларды снайпер деп атасақ та артықтық етпес еді. Ахметжан аға атқаны мүлт кетпеген миномет мергені  еді.

Украинаның көкпен көмкерілген тау­лы, қыратты өлкесі, асау өзендері Ахмет­жанды терең тебіреніске түсірді. Есіне Аралда айдаулы жылдарын өткізген Тарастың тағдыры оралды. Шевченко қаламынан туындаған отты жырлар мен салған суреттері жадында қайта жаңғырды. Кобзарь табынған Днепр үшін қан төкті. Корсунь-Шевченко бағытындағы кескілескен шайқастарда неміс басқыншыларының үрейін  ұшырған артиллериялық атқылаудың бел ортасында жүрді. Нешеме қоршауды сетінетіп, аса маңызды плац­дармдарда жеңіс туын желбіретуге өлшеу­сіз үлес қосты.

Соғыс  атаулының  шарты біреу: жеңу не өлу! Тыныштықта тұщы етіне ащы   таяқ  тигендегі тән ауырсынуы тауда  ойнағанмен бірдей жеңіл сынақ екен. Оңнан-солдан бораған оқ, қапе­лімдегі қопарылыс қу жанды шүберекке түйген әскерді  болаттай  шыңдады. Ең ғажабы, төрт жылға созылған қан майданда бірде-бір жауынгердің басы ауырып, балтыры сыздайтын кәдуілгі ауру-сырқаудан ада болғаны таңғал­дырады. Жақсы көретіні – өмір мен Отан, жек көретіні – жау мен зұлымдық болғаны тәтті сезімнің ащы дәмін татқан­мен  бірдей  екіұдай  құбылыс  еді!

«Қырық  жыл  қырғын болса да ажалды өледі» дейтін ежелгі тәмсіл рас екен. Ахметжан соғыс қасіретінің небір төбе құйқаң шымырлайтын көрініс­теріне куә болды. 1942 жылдың алты айынан дін-аман өтті. Зеңбіректердей емес, алдыңғы шепке ұрымтал тұстан орын тебетін миномет маңы қашанда қарбаласқа  толы. 1943 жылдың 17 тамызында сол аяқтан ауыр жараланды. Далалық госпитальда бойын әзер тіктеді. Араға екі ай салып, қарашада оң аяқтан қайталап жеңіл жарақат алды. «Көз­деушіге жанары мен қол сау болса, аяққа тәуе­кел» деп тас-түйін күйге көшті. 1944 жылдың 14 қаңтарында дәл түскен бомбадан төңкерілген минометпен бірге қансырап жатты. Орман ішіндегі жедел ота оң аяқты тізеден төмен кестіріп, алғы  шептен  біржолата  алыстатты.

Жеңіс күнделігін әскери дәрігерлік оңалту орталығында жалғастырған Ахметжан Бижанов бейбіт күн қажетіне бейімделудің ұсынылған маман­дану мүмкіншілігіне аса сергек қарады. Екінші топтағы соғыс мүгедегінің бұдан былай қолынан не келеді деген сауалға жауабы әзір тұрды. Фотограф, аяқкиім жөндеуші, есепші кәсібінің алғышартын алғырлықпен меңгерді. Теміржолда табель жүргізуші болғаны есеп қыз­метіне ықыласын арттырды. Елге таңсықтау суретке түсіру, аяқкиім жөндеу  машығына  да  кәдімгідей  төселді.

Теміржолмен тыныстас қауым, әдетте, қалпелсіз тәртіпті қалайды. Бір әулеттің баскөтерері Ахметжан да ретсіз шалқуды, қажетсіз босаңсуды қолай көрмеді. Пайда  қуаламай, әкесі мен анасының  жүзі  жарқын  болуын  аңсады. Жеті ағайындының бесеуін қызылша жалмады. Ағасы Мұхамеджанның майданға түсу бойына қаза тапқаны өзегін өртеді. Ол өзінің сұрапыл соғыстан тірі қалғанын тағдыр аманатына балады.

Сексеуілдегі іс басындағылар Бижа­новтың болашағына үмітпен қарады. Қалаған қызметіне тартты. Жұмыстан қол үзбей жүріп алдымен Орынбордағы бухгалтерлік техникумды тамамдады. №423 орта мектепке бас есепші болғаннан кейін, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетін 1961 жылы бухгалтерлік есеп және қаржы қызметін талдау мамандығы бойынша бітірді. 1974 жылы Мәскеуде басшы қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру институтында іскерлігін  пысықтады.

Ахметжан аға үй мен түздің береке­тін таразы басында тең ұстады. Ата-ана­сының қолын жылы суға малдырған келіншегі Мінәқас ерінің еліне елеулі болуын өмірлік ұстанымға айналдырды. Дастарқанды, мейірбанды азаматтың төңірегі достар мен тілеулестердің мызғымас тізбегін құрады. Ағайынның айбаты, ұжымдастар ақылгөйі бала тәрбиесіне келгенде тіптен елгезек, қарапайым болатын. Мойнына ілген фото­аппараты құдды майдандық коман­дирдің бинокліндей сәулелі нысана іздейтін. Жанұялық альбомды жайнатып жіберген сол сарғайған суреттер әлі күнге көзге оттай басылады. Ал, әкенің әр маусымға лайықталған аяқкиімді жаңаға бергісіз етіп жөндеуі балаларын  еңбекқорлыққа теліді.

Бижановтың беделі мен білігі темір­жол құрылымы бойынша да, аудан көлемінде де құрмет жарнамасынан түспеді. Еңбек кітапшасындағы сараң жазбалар мінсіз қызметті нұсқаса, ұстаздар мен шәкірттер қауымының Жеңіс мерекесінде гүл шоғымен көмкеретіні соншалықты жарасатын. Былайғы жұрт майдангер жүрегінің нәзік те сыршыл екендігін қайдан білсін?! Соғыс көрген қаламгер Әбу Сәрсенбаевтың өз тағды­рын жанай өтпейтін жыр жолдарын іштей  күбірлеп  жұбанатын.

Сен құрметте оны,

Түсіндің бе, қарағым?!

Ол ақшаға сатқан жоқ,

Тізеден кесіп аяғын!

Тағы бір жорықтас сырбойылық ақын Әбзәли Егізбаевтың «Майданнан бір қайтып ем жараланып, әзірмін кек алуға және барып» дейтұғын жұп жолы Отан  үшін от  кешкен  күндердің  өтеуін­дей  көрінетін.

Шүкір, Бижановтар әулеті абырой мен алғыстан кенде емес. Ахметжан  ағаның  сүйікті ұлы Бақтыбай – атақты хирург. Қалғандары да құрмет қиясынан ізделеді. Қарашаңырақтың иесі немересі Наурызбек – теміржол топжарғаны. Ахмет­жан әулетінің мирасқорлары әр тарап­тан ұшқан ұяда бастары қосыл­ғанда, тіл ұшына түсетін аманат наз өте орынды.

Қайран Ахметжан аға бар-жоғы 55 жаста  Жер-Ана құшағына енді. Жеңістің 30 жылдығын ғана мерекелей алды. Артына ауыр жүк қалдырған жоқ. Бауыры Мұхамеджанның қаза тапқан орнын анықтап, туған жер топырағын табыстап аялады. Өзі көріп үлгірмеген ұрпақ бақытын жұбайы Мінәқас тоқсанға иек  артқанша  қызықтады.

Асыл әкенің рухына бас иген сәттерде, майдангер мерейін ұлықтау дүр­кін-дүркін ойға оралады. Сөйткен­дейін, Ұлы Отан соғысының қаһарманы, ел қамқоры Ахметжан Бижановтың есімі­мен Сексеуілдегі өзі тұрған Степная көшесі­не еншіленгені қандай әділеттілік десеңші?! Үш қайтара жараланып, қайтадан Жеңіс үшін аттандаған майдангер минометшіге бұл да бір ерлік салютінен кем соқпады! Әмісе, солай болғай!

Жаңабай  КЕМАЛ,

Қазақстанның  құрметті  журналисі,

Арал  ауданының  құрметті  азаматы.

Арал  қаласы

Суретте: Ахметжан аға ұлдары Төребек және Болатбекпен

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: