ҚР Әскери-теңіз күштерінің вице-адмиралы Жандарбек Жанұзақов Adal ADAM youtube арнасына берген сұхбатында Сәкен Жасұзақов, Нұрлан Ермекбаевтардың Қорғаныс министрі ретіндегі жұмысына кезінде көңілі айтарлықтай толмағанын жеткізді.
«Менің көзқарастарым, ұстанымдарым белгілі бір адамдарға ұнай бермейтін. Қарулы күштер, қорғаныс саласындағы өз пікірі бар офицер, генералдардың санатында болатынмын. Егер заңды, дұрыс деп тапқан мәселелер болса, министрге ашық айтатынмын. Мысалы, министр Сәкен Жасұзақовтың идеяларымен келіспеген кезім болды. Министр Нұрлан Ермекбаеатың министрліктің құрылымына қатысты ойларына қарсы шықтым. Министрдің шешімі дұрыс емес екенін көбі біледі, бірақ қолдайды. Неге? Өйткені ол Қорғаныс министрінің көзқарасы. Оның құрған департаментін келесі министр келіп, жауып тастайды. Негізі, о баста қажет емес екені белгілі болған еді. Осындай жағдайларға ешкім анализ жасамайды. Бір министрдің шешімін екінші министр келіп бұзады. Әрқайсы өзіне ыңғайлы құрылым жасайды. Он жыл өтеді, баяғы жартас, бір жартас. Министрлік бір орнында дамымай тұрады», – деді Жандарбек Жанұзақов.
Вице-адмирал Қорғаныс министрі болған Даниял Ахметов, Иманғали Тасмағамбетов және Серік Ахметовтер қорғаныс саласына елеулі үлес қосқанын, құрылымның жұмысын жақсы үйлестіре білгенін жеткізді.
«Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетовтың жұмысына көңілім толады. Онымен жұмыс істеу өте оңай. Өзі ісін білетін білікті адам жауап беретін мәселелерге араласпайды. Айына бір рет барамын, жұмыстың мән-жайын айтамын, ол сенім білдіреді. Жауапшілік қой бұл, ертең ұят болмасын деп жұмыс істейтінбіз. Иманғали Тасмағамбетов майдаланбайды, тар ойламайды, ойлау ауқымы кең, стратегиялық масштабта, мемлекеттік масштабта пайым жасайды. Қорғаныс министрі осындай болу керек. Ал кейбір министрлер жұмыстың байыбын білмейді, өзі білетін керегі жоқ идеяларды қарамағындағы бөлімшелер мен адамдарға тықпалайды», – деді вице-адмирал.
Жандарбек Жанұзақовтың айтуынша, Иманғали Тасмағамбетов үлкен саясаткер ғана емес, жаны жайсаң, кең адам.
«Ол үшін ұсақ-түйек деген мәселе жоқ. Қарапайым ғана мысал, 8 наурызда жұмыста отырасың, көмекшісі хабарласады да «жарыңызға 8 наурызға құттықтау, сыйлық бар» дейді. Қорғаныс министрлігінде мұндай жағдай бірінші рет кездесіп отыр. Ол жұмыс істегенде бастықтарды үлкен-кіші деп бөлмейді. Сосын іс-шараларды, жобаларды біге-шігесіне ойластырып, ұйымдастырады. Қарулы күштер музейін жабдықтау, экспонаттармен толтыру, ашу – Иманғали Тасмағамбетовтің еңбегінің арқасы», – деді Жандарбек Жанұзақов.
Сонымен қатар, вице-адмирал Қорғаныс саласын басқарған Даниял Ахметов пен Серік Ахметовтің еңбегін жоғары бағалады.
Айта кетейік, Жандарбек Жанұзақов ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы болып тұрғанда 2020 жылы 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сот оны конкурс өткізбестен кемелерді байлау қызметтерін сатып алғаны үшін кінәлі деп тапты: бірінші сатыдағы үкімге сәйкес, вице-адмирал өз әрекеттерімен мемлекетке 30 млн теңгеге жуық шығын келтірген. Үкіммен келіспеген Жанұзақов 42 күн аштық жариялады. Ал 2023 жылы ақпанда Жоғарғы сот оған ақтау үкімін шығарды. Вице-адмиралға әскери шені, ордендері қайтарылды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!