Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚОРҒАНЫС ЕМЕС, ҚОРҚЫНЫШ. Жастар неліктен әскерден жалтарады?

30.10.2025, 11:40 272

Күз уақыты, тиісінше жастарды жаппай әскерге шақыру үрдісі де жалғасын тауып жатыр. Расын айту керек, бүгінде «әскерге барып, Отан алдындағы борышымды өтеймін» деуші жастарға қарағанда, керісінше тартыншақтап, бармаудың бүкіл амалын жасаушы өрен көп. Негізінде объективті, құқықтық көзқараспен қарасаң, әр ер-азаматтың әскерге аттануы – заңдылық һәм парыз. Десе де, дәл осы әскери саланың төңірегінде болып жатқан жағымсыз әрі түсініксіз жайттарға көз жүгіртсең, «зумерлердің» борышкерліктен ат тонын ала қашатынына түсіністікпен қарамасқа амал жоқ та секілді. Не себепті? Талдап көрдік.

Жалпы, күзгі шақырылымның жалғасып келе жатқанына бір айдан астам уақыт болды. Міндетті әскери қызметке шақырту келгенде әр ер баланың тұла бойына қорқыныш ұялайтыны анық. Әрине, өздігінше әскер қатарына талпынып тұратын жүрек жұтқан жігіттер де жоқ емес. Бірақ, жасөспірім не жастардың басым көпшілігі әскерден қорқады. Оның үстіне бізге дейін әскери борышын өтеген ағалар тек жақсы дүние­лер айтатын. Екі жыл болса да, көбіне Қазақстанда емес, қыр асып, басқа мемлекетте қызмет қылған. Ал қазір елімізде әскер дегенде көпшіліктің көзіне тәртіп пен талап, жақсы естеліктерге қарағанда, өлім-жітім, физикалық және психология­лық қысым елестейтінін қайтсек те жасыра  алмаймыз.

БИЫЛҒЫ  ШАҚЫРЫЛЫМДАҒЫ  ТЫҢ  ӨЗГЕРІСТЕР

Күзгі әскерге шақырту науқанына бір айдан асқанын жоғарыда атап өттік. Биыл аталған үрдіс бұрынғыға қарағанда басқаша сипат алды. Сәйкесінше, мемлекеттің де мерзімді әскери қызметке деген көзқарасы жаңаша бағытқа бұрылған көрінеді. Атап айтқанда, бұрынғыдай емес, енді әр шақырылымның уақыты төрт ай болып бекітілді. Бұл – өткен жылдарға қарағанда бір айға ұзақ мерзім. Десе де, ең басты, ауыз толтырып айтатындай өзгеріс шақырту қағазының  берілу тәсілі болып отыр.

Бұған дейін болашақ сарбаз қол қойып алатын қағаз түріндегі шақыру басты құрал болып саналса, биыл бұған замануи өзгеріс енгізілді. Яғни, биылдан бастап электронды шақыру жүйесі іске қосылды. Енді шақыру туралы хабарлама SMS не болмаса eGov порталындағы электронды ескерту ретінде келеді. Аталған жүйе қағаз құжаттың баламасы түрінде заңдық  құжатқа  ие  есептеледі.

Тағы бір айта кететін жайт, шақырту енді тек азаматқа ғана емес, онымен бірге тұратын туыс-тумасына, тіпті жұмыс берушісіне де табыс­талуы ықтимал. Бұл өзгеріс арқылы мемлекет тарапынан әскерден жалтару амалдарына тосқауыл қоюға бағытталуда.

Бұдан бөлек, медициналық тексеруге келмеген шақыртушыларға қатысты шаралар да қатаңдатылмақ. Енді шақыру пунктіне келмеу жай ғана ескертумен шектеліп қалмай, әкімшілік жауапкершілікке тарты­латын құқықтық заңбұзушылық са­нала­ды.

Бір сөзбен қорытқанда, мемлекет биылдан бастап «жалтарушылармен» күресті қатты күшейтті. Ша­қыру қағазын алмау арқылы әскерден құтылу  енді  артта қалды десек те  болады.

ЖАСТАР  ӘСКЕРДЕН НЕ  ҮШІН  ҚОРҚАДЫ?

БАҚ-та «әскерден тірі қайтпаған жастар» жайлы мақалалар өріп жүр. Бастапқы резонанс Ербаян Мұхтар­дың жағдаятынан басталды. Оқиға бәрімізге мәлім. 2023 жылдың соңында борышын өтеген Ербаян әскерден сау оралмады. Басынан қатты зақым алған ол жүріп-тұрудың өзінен мақұрым қалған. Ал ол болған гвардия Ербаянды әжетханада құлады деп, істің бетін жапқан. Бірақ, анасы және оның айналасындағылар бұл тұжырымға налиды. Анасының айтуынша, Ербаянды кемі 6-7 адам ұрып-соққан. Бүгінде Ербаян бірте-бірте қалыпқа келіп жатыр. Халық осы оқиғадан соң кенет көтеріліп, резонанс тудырды. Жалпы, әскердегі әлімжеттік пен қоқан-лоқы жайлы бұрындары да айтылған. Бірақ та, осы Ербаянның оқиғасы көпшіліктің көзін одан ары ашты деуге негіз бар.

Алысқа барып не керек, әскерде көз жұмғандар Қызылордада да жоқ емес. 2006 жылы дүниеге келген Нұрасыл тура биылғы шақырту кезінде Алматыға жол тартқан. Бірақ араға көп уақыт салмай, белгісіз себеппен мерт болды. Ал себеп жоғарыдағыдай. Дәрігерлер баланы менингомекциядан қаза болды деп шешім шығарыпты. Алайда, Нұрасылдың жақындары бұл диагнозға сенімсіз. Нұрасылдың ағасы оның өзара әңгімеде «әскер мен ойлағандай емес екен» деп ренішін білдіргенін алға тартады. Соған қарағанда бұл қазаның  астарында ешкімге белгісіз  біраз  құпия  жатқан  секілді.

Өкініштісі сол, бұл – тек БАҚ-тың  қолына  түскен,  резонанс ту­дыр­ған жағдайлар. Мәжіліс депутаты Константин Авершин 2021 мен 2024 жыл аралығында әскерде 40 суи­цид тіркелгенін  айтады.

Ал депутат Нартай Аралбай­ұлы­ның депутаттық сауалындағы сандар тіпті  адам  шошырлықтай.

– Біз өз балаларымызға өзіміз зиян келтіріп отырмыз, оларды әскерге жібе­ру арқылы. Бейбіт уақытта біздің сарбаздар түрлі дене жарақатын алады, кейбірі тіпті көз жұмады. Мұндай жағдайлар бір рет емес, бірнеше мәрте қайталанып келеді. Ешкім де өз баласын өмірімен қоштасатын әскерге жібергісі келмейді. Соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қыз­метші қаза тапқан, ал соңғы төрт жылда  әскер қатарында 86 суицид  тіркелген, — дейді  ол  өз  сөзінде.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы өз Жолдауында сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне ең алды­мен әскер басшылығы мен құқық қорғау органдарының жетек­шілері жауапты екенін қадап айт­қан. Алайда, өкініштісі сол, қазіргі жағдай  бұл  талапқа  сай  емес.

– Өткен жылы Қорғаныс министр­лігі әскерилердің өмірі мен қызметін бақылау үшін 50 мыңнан астам бейне­бақылау орнатылғанын мәлімдеді. Сонда  сол  жазбалар қайда кетті? Ербаян  Мұхтар  сияқты  сарбаз жара­қат алған сәттерде сол камералар неге  «қарамай» қалды? Әлде  бұрылып  кеткен  бе?, — деді  депутат.

Сөзінше, 2022 жылы әскердегі әлеуметтік жағдай мәселесін алғаш болып «Amanat» партиясы көтергенімен, содан бері жағдай жақсармақ  түгілі,  керісінше  нашарлаған.

– Сарбаздар жарақат алуды, тіпті қаза табуды жалғастырып келеді. Сондықтан біз еліміздің қарулы күштерінде болып жатқан тәртіпсіздік пен немқұрайдылықты тоқтату, сондай-ақ әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты шаралар қабылдауды сұраймыз, — деп жалғады Нартай  Сарсенғалиев.

Ал Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидің бұл мәселеде пікірі мүлде бөлек. Ол қазіргі жастарды әскер қатарына қосылу үшін тым әлжуаз, тиісінше жарамсыз деп есептейді. Оның айтуынша, әскердегі жастардың  өліміне  қоғам  да  кінәлі.

– Қазір әр отбасында екі-үш бала­дан артық жоқ. Ал жалғыз баласы бар ата-ана, әдетте, оны еркелетіп өсіреді. Бірақ сол баланы Отан қорғау­ға жіберу – заң бойынша әр азаматтың борышы. Соған қарамастан, көпшілік бұл міндеттен жалтарудың амалын іздейді. Әлемде түрлі қауіп-­қатер көбейіп жатқан тұста, жылы үйде өсіп, бар жағдайы жасалған бала әскерге баруға қаншалықты дайын? Ол автоматтың құрылысын біле ме? Мектептегі бастапқы әскери дайын­дық сабағын шындап меңгерді ме? Әскерге  қызмет  етуге  жігері  бар  ма? — дейді Ермұрат  Бапи.

«Бұл сұрақтардың барлығының жауабы бірдей емес, бірақ олардың бәрі  бір  түйінге келіп тіреледі: қазіргі  ұрпақтың әскери ортаға бейім­делуі қиынға соғып тұр» деп түйіндеді  депут­ат.

ӘСКЕРГЕ  ЖАСТАРДЫ  ҚАЛАЙ  АЛЫП  КЕТІП  ЖАТЫР?

Бір кезде қаланың көшесінде жүрген жас жігітті тоқтатып, әскери комиссариатқа күштеп жеткізу көп­шіліктің көз алдында қалып­тасқан үрейлі көрініске айналған еді. Кафе­лерде, ойын клубтарында, тіпті аялда­маларда жүрген бозбала­лардың қолын қайырып, көлікке отыр­ғызған сәттер қоғамда ашу мен қорқыныш тудырған. Осындай «рейдтер» жастардың сана-сезімінде әскерді емес, қауіп-қатерді елес­тететіні  жасы­рын  емес.

Биылғы  күзгі  шақырылым – жаңа тәртіп енгізілген алғашқы нау­қан. Ресми мәліметке сүйенсек, енді мұндай  жаппай  ұстау  әрекеттері  болмайды. Алайда, мемлекет өкілдері «болмайды» деген сайын, көпшілік «бірақ…» деп күмәнданатыны да рас. Қыркүйек басында Бас штабтың ұйым­дастыру-мобилизациялық жұмыс департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбаев «жастарды көшеден ұстау – адам құқықтарын бұзу» екенін атап өтті. Оның айтуынша, президент мұндай әрекеттерге тыйым салған, ал жо­ғары басшылықтың бұйрығы тал­қылауға  жатпайды.

Бірақ бұдан бірнеше ай бұрын Қорғаныс  министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Камалетди­нов мүлде басқа үн қатқан еді. «Өкініш­тісі сол, мұндай фактілер бар» деген ол да сөзінің соңына өз «бірағын» қосқан. Оның пайымынша, Конс­титуцияның 36-бабында азамат­тардың әскери борышы заңмен реттеледі, демек мемлекет бұл салада өз талабын  қоюға  құқылы.

Иә, биыл әзірге жаппай рейдтер байқалмаған. Дегенмен, қоғамды мазалайтын сұрақ көп: бұл тыныш­тық ұзаққа созыла ма? «Жаппай ұстау тоқтайды» делінгенмен, жеке, нысаналы шақырулар жалғаса бере­тін сияқты. Себебі енді қағаз емес, SMS-хабарламалар мен eGov ескертулері де заңды шақырту деп есептеледі. Яғни, электронды формат мемлекеттің қолына қосымша құрал берді, яғни «повестка жетпеді»  деу  енді  себеп  болмайды.

Басқаша айтқанда, бұрын көшеден ұсталғандар енді «электронды түрде табылатын» болады. Тек айыр­машылығы – енді бәрі заң аясында жасалғандай көрінеді. Ал шын мәнінде, жағдайдың түбі сол күйінде қалуы  ғажап  емес.

Осы орайда Елдос есімді жігіт өзінің ағасын әскерге мүлде адам түсініксіз жағдайда алып кеткенін айтады.

– Көпшілікке күлкілі көрінуі мүмкін, бірақ, менің ағам 26 жасында әскерге аттанды. Жасыратыны жоқ, ол оған дейін әскерге бармаудың бар амалын жасаған еді. Бірақ, бір күні, кешкісін жолдастарымен бір ауылдан басқа ауылға жолға шығып, жолай тоқтап, көлік алдында әңгімелесіп тұрған тұсында белгісіз, қызметтікке ұқсамайтын көлік келіп, сол күйі алып кеткен. Қолға түскен соң қайтуға  мүмкіндік  болмады.

Әскерге қандай да жолмен алып кетуді заңдылық деп есептеймін. Бұған көз жұма қарауға болатын да шығар. Бірақ, анаммен әңгімесінен әскерге кету барысында неше түрлі жаға ұстатарлық жайт болғанын естідім. Ағам кетпес бұрын сағат, құлаққап секілді заттарын қабылдау кезінде қойып кеткен. Сол зат­тары сол күйі қайтқан жоқ. Және сол сәтте 400-500 мың теңге шамасында ақша ұсынғандар жауап­кершіліктен құтылып кетіп жатыпты. Оны қойшы, бір әскерге жарамсыз, «ақ» куәлігі бар ауру жігіттің өзін бір күн ештеңесіз, ашқұрсақ ұстап отырғанын  да  естідім, — дейді  ол.

ТҮЙІН. Осы  шамадағы  жағдайлар мен  мысалдар,  саладағы  олқылық тап  қорғаныс  шебінің  символы саналатын әскерде кездесетіні шынымен қынжылтады. Егер де біздегі әскери жүйе Канада немесе Скандинав елдерімен қарасты, бір бағытта болса, әр қазақ баласы Отан алдындағы борышын өтеуге асық болатынына күмән болмас па еді. Неде болса, күллі қорғаныс, ішкі істер саласы  толықтай  реформаны  талап  етіп тұрған   секілді.

А.ЖАЙШЫЛЫҚ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: