Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мерзімді қызмет әскери қызметшілерінің негізгі құқықтары мен міндеттері

30.06.2022, 16:05 1221

HALYQLINE.KZ

Өткізілген талдаулар соңғы жылдары Қызылорда облысында әскерге шақырылған жастар арасында мерзімді әскери қызметтен жалтару әрекеттерінің ұлғайғанын көрсетті.

Ел Конституциясында Қазақстан Республикасын қорғау оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті деп айтылған. Республика азаматтары заңда белгіленген тәртіп пен түрлер бойынша әскери қызмет атқарады (36-бап).

Әскери қызмет өткеру қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады, әскери қызметшілердің адамгершілігі мен моральдық-этикалық келбетіне жоғары талаптар қояды.

Мерзімді әскери қызметті өткеру тәртібі «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңмен (бұдан әрі – Заң) регламенттелген.

Жергілікті әскери басқару органдарының шақыру учаскелеріне тіркелген және мерзімді әскери қызметке шақырылуға жататын ер-азаматтар мерзімді қызметке шақырылады.

Заңның 24-бабына сәйкес мерзімді әскери қызмет мерзімі он екі айды құрайды.

Әскерге шақыру бойынша әскери қызметке сарбаздар құрамының мерзімді әскери қызметі жатады.

Сарбаздар мен мамандардың қызмет өткеру кезіндегі жалпы құқықтары мен міндеттері Қазақстан Республикасы Президентінің №364 Жарлығымен бекітілген «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары Ішкі қызмет Жарғысының» (әрі қарай – Жарғы) 143, 144, 145-тармақтарында көрсетілген.

Мерзімді қызмет әскери қызметшісі мерзімді қызмет өткерудің барлық уақыты ішінде әскери қызмет міндеттерін орындайды.

Әскери қызметшілер әскери қызмет міндеттерін (қызметтік міндеттерін) орындау кезінде мемлекеттік қызмет өкілдері болып табылады және мемлекеттің қорғауында болады.

Мерзімді қызмет әскери қызметшілердің басты міндеттеріне Қазақстан Республикасының Конституциясын және басқа да нормативтік құқықтық актілерін, сондай-ақ жалпыәскери жарғылардың талаптарын қатаң сақтау, белгіленген тәртіппен әскери ант қабылдауға, оған адал болуға, өз халқына шексіз қызмет етуге, Қазақстан Республикасын батыл, шебер қорғауға, әскери борышын өткеруге, әскери қызметтің қиындықтарын табандылықпен көтеру, өз Отанының патриоты болуға, өзінің іс-қимылымен мемлекеттік биліктің беделін нығайтуға, мемлекеттің мүдделерін қорғауға, әскери қызметшілер арасындағы достықты нығайту және адал, тәртіпті, ержүрек болуға, әскери борышын өткеру кезінде дұрыс бастама таныту жатады.

Мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілері казармаларда орналастырылады.

Мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілерінің фотоаппараттарды, аудио-, бейне-, радиоэлектрондық техника мен ұялы телефондарды сақтау және пайдалану тәртібі мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі заңнама талаптарымен айқындалады. Көрсетілген заттар ротаның қоймасында сақталады.

Әрбір әскери бөлімде әскери бөлімнің командирімен бекітілген «Демалыс күннің жоспарына» сәйкес мерзімді әскери қызмет әскери қызметшілеріне ата-анасымен, туысқандарымен хабарласу үшін ұялы телефондар рұқсат етіледі.

Мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілері әскери бөлім орналасқан жерде және гарнизон шегінде әскери бөлім орналасқан жерден шығарылған кезде еркін жүріп-тұруға құқылы.

Мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерінің гарнизон шегінен шығуына (демалысқа, емделуге және іссапарға кету жағдайларын қоспағанда) жол берілмейді.

Заңның 48-бабына сәйкес мерзімді қызметтегі əскери қызметшілер бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уəкілетті органмен келісу бойынша уəкілетті органдардың бірінші басшылары бекіткен нормалар бойынша заттай мүлікпен, тамақтандырумен қамтамасыз етіледі.

Демалысқа, каникулға кеткен кезде оларға демалыс, каникул өткізу орнына дейін бару кезеңіне азық-түлік үлесі беріледі.

Қысқа мерзiмдi демалысқа барған жəне керi қайтқан кезде мерзімді қызметтегі əскери қызметшілерге, каникулдық демалысқа жəне тағылымдамаға барған кезде, сондай-ақ керi қайтқанда темiржол, автомобиль жəне ішкі су көлiгiмен мемлекет есебiнен жол жүру құқығы берiледi.

Мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді көтермелеу әскери қызмет міндеттерін адал және мұқият орындайтын және әскери борышын орындау кезінде ерекше көзге түскен әскери қызметшілерге қатысты қолданылады.

Көтермелеудің түрлеріне келесілер жатады:

1) бұрын қолданылған жазаны алып тастау;

2) алғыс жариялау;

3) әскери бөлімнің орналасқан жерінен немесе корабльден жағаға кезектен тыс сейілдемеге шығуға рұқсат ету;

4) туған жеріне немесе бұрынғы жұмыс (оқу) орнына әскери борышын үлгілі орындауы туралы және алған көтермелеулері туралы хабарлау;

5) грамотамен, бағалы сыйлықпен наградтау;

6) әскери қызметшіні әскери бөлімнің жазылып қойылған Жауынгерлік Туы (Әскери-теңіз жалауы) жанында түскен жеке суретімен наградтау;

7) қатардағы жауынгерлерге (матростарға) «ефрейтор» («аға матрос») әскери атағын беру;

8) Қарулы Күштердің ерекшелік төсбелгісімен наградтау;

9) әскери бөлімнің (корабльдің) Құрмет кітабына енгізу;

10) қысқа мерзімді демалыс беру – демалысты өткізу орнына барып-қайту үшін уақытты есептемегенде 10 тәулікке дейін.

Сондай-ақ, әскери қызметшілер әскери атағы мен лауазымына қарамастан, заң алдында тең және өзінің құқықтық жағдайының ерекшеліктерін ескере отырып, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін белгіленген жауаптылықта болады.

Әскери қызметшілер тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін Тәртіптік жарғыда белгіленген реттілікпен тәртіптік жауаптылыққа тартылады.

Әскери қызметшілер қылмыстық, әкімшілік және өзге де құқықбұзушылықтар жасағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес қылмыстық, әкімшілік, азаматтық-құқықтық және тәртіптік жауаптылықта болады.

Әскери қызметшiлер әкiмшiлiк қамаққа алуды гауптвахталарда өтейдi.

Жарғының талаптарына сәйкес, әскери қызметші командирлердің (бастықтардың) бұйрықтарын дәлме-дәл және мерзімінде орындауға, оларға мүлтіксіз бағынуға міндетті деп көрсетілген.

Мысалға, Қызылорда гарнизоны бойынша ағымдағы жылдың өткен кезеңінде командирдің бұйрығын орындаудан ашықтан-ашық бас тартқаны үшін 1 мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметші 3 тәулікке гауптвахтқа әкiмшiлiк қамаққа алу түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Әскери қызмет әрбір жас адам үшін ерлік мектебі болып табылады. Онда денсаулықты нығайтудан, мінез бен тәртіпті шынықтырудан басқа, сарбаздар жауынгерлік жағдайда әрекет етуді, атуды, жауынгерлік машиналарды басқаруды үйренеді. Жұмыстан босатылғаннан кейін олар әскери дайындық резерві ретінде резервте тұрады.

Заңға сәйкес, техникалық және кәсіптік жоғары білімі бар және 6 ай қызмет өткерген мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге құқылы, осылайша өзінің жұмысқа орналасуы мәселесін шешеді.

Сарбаздар мерзімді әскери қызметті өткеру уақытында заңдылықтың сақталуын қадағалауды Қазақстан Республикасының әскери прокуратура органдары жүзеге асырады.

Қызылорда гарнизонының барлық әскери бөлімдері мен мекемелерінде, әскери қызметшілер үшін қолжетімді орындарда «Қызылорда гарнизоны әскери прокуратурасының Құқықтық бұрышы» стендтері орналастырылған, онда қандай да бір құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында әскери прокуратураның сенім телефондары бар.

Сонымен қатар, Қызылорда гарнизоны әскери прокуратурасымен қадағалаудағы әскери бөлімдерде қызмет атқарып жатқан жас сарбаздардың арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «Прокурор сағаты» тұрақты түрде өткізіледі. Әскери қызметшілермен кездесулер аясында анонимді сауалнама, әрбір әскери қызметшімен жеке кездесу жүргізіліп, кенеттен тыс дене тексерістері өткізіліп, қауіпсіздік сақтау, заң талаптарын орындау және барлық заңсыз әрекеттер бойынша гарнизонының әскери прокуратурасына жедел хабарлау туралы түсіндірме жұмыстары атқарылады.

Мерзімді әскери қызметті өткеруге байланысты мәселелер туындаған кезде азаматтар (ата-аналар, әскерге шақырылушылар, әскери қызметшілер) Қызылорда гарнизонының әскери прокуратурасына Қызылорда қаласы, Нұрмақов көшесі, 2А мекенжайы бойынша және телефон нөмірлері бойынша жүгіне алады: 8 (724)2-27-77-37, +7 705 433 9499.

Н. Кишкенебаев,

Қызылорда гарнизоны әскери прокуратурасының прокуроры,

әділет капитаны        

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: