Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бисен Жақыпов: «Қазір әскерде «дедовщина» деген ұғым жоқ»

15.07.2021, 16:00 634

HALYQLINE.KZ Қоғамда әскердегі әлім­жеттік әлі де сақталғаны жайлы пікірлер жиі айтылады. Оған кейде армия қатарында жүргенде өз-өзіне қол салатындардың кездесіп қалатыны отқа май құйғандай әсер ететіні бар. Ал офицерлер әлімжеттік азайғанын алға тартады. Алайда әскерде суицид мен әлімжеттік көріністері қандай деңгейде? Әскердегі тәртіп қалай бақыланады? Сондықтан біз Қазақстан Қарулы Күштері Бас штабы Тәрбие және идеологиялық департаментінің бағыттау аға офицері, полковник Бисен Жақыповпен сұхбаттасып, әскердегі суицид пен әлімжеттік мәселелері жайлы сұрадық.

– Бисен Жарылқасынұлы, әс­кер­­дегі суицидті түбегейлі жою мүм­­кін болмай тұр. Мамандар суи­цид жасаушылардың ортақ портретін жасай алды ма?

– Бүгінде суицид құбылысы адамзат үшін этикалық, әлеуметтік, медициналық және психологиялық проблема ретінде өзекті болып қала береді.

Қазіргі заманғы тұжырым­дама­ларға сәйкес, суицид ол бастан кеш­кен микрожанжалдар жағ­дайын­да адамның әлеуметтік-пси­хологиялық бейімделуінің салдары ретінде қарастырылады. Яғни, суицид – бұл төтенше, дағдарыстық жағдайдағы адам­ның мінез-құлқы түрлерінің бірі, сондықтан суицидшілердің жалпы портретін жасау мүмкін емес.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының стандарттарына сәйкес, өз-өзіне қол жұмсау саны 100 мың адамға арақатынаста өлшенеді. Егер өз-өзіне қол жұмсау саны 100 мың тұрғынға 20 адам­нан көп болса, онда бұл көр­сеткіш жоғары болып саналады.

Мәселен, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректері бойынша Қазақстан суицидтік белсенділік деңгейі жоғары елдердің қата­рын­да, өйткені жылына Қазақ­станда 100 мың тұрғынға шақ­қанда 22,8 суицид болып тұрады.

Республика бойынша өз-өзіне қол жұмсау жағдайына былтыр жасалған талдау көрсеткендей суицид жасағандардың жарты­сынан көбі (53%) ересек адамдар, яғни 30 жастан 54 жасқа дейін­гілер.
Бұл ретте, Қорғаныс министр­лігінде өз-өзіне қол жұмсайтындар – 18-29 жас аралығындағы әскери қызметшілер.

Республика бойынша 18-29 жас аралығындағы өз-өзіне қол жұм­сайтындар 100 мың адамға ара­қатынаста 14,05 құрайды, ал Қару­лы Күштерде өз-өзіне қол жұмсау саны 100 мың адамға арақатынаста 8,75 құрайды, яғни республика бойынша көрсеткіш­термен салыс­тырғанда әскерде өз-өзіне қол жұмсау деректері екі есе төмен.

Қазақстанның басқа да әскер­лері мен әскери құрылымдарына қарағанда Қорғаныс министр­лігіне қарасты әскери бөлімдерде адам саны 2-3 есе көп екенін де ескеру қажет. Пайыздық өлшем­мен алғанда Қарулы Күштерде өз-өзіне қол жұмсау саны ана­ғұрлым аз.

Енді Кеңес Одағы кезеңін еске алайықшы. 10 жылға созыл­ған Ауған соғысын бәріміз біле­міз. Ондай соғыстар болмай-ақ қойсын, балаларымыз бармасын ешқандай соғысқа. Дегенмен 18 жасқа енді толған жас жігіттер өздері сұранып кетіп жатты – сол Ауғанға. Әрине өкінішті, қаншама ағаларымыз интернационалдық борышын өтеуде мерт болды, жарақат алды. Мен бұл жерде олардың өз-өздеріне жауап беретін азаматтар ретінде, сол кезде патриоттық сезіммен, батыр болам деген арманмен (нағыз еркектік сезімдер ғой) өз өмірлерін қатерге тіккенін айт­қым келіп отыр.

Ал қазір әскерді балабақша сияқты жасап жібергендейміз. Оған қоғамның да әсері бар шы­ғар. Үйде, мектепте не бердіңіздер, сонымен балаларды алып жатыр­мыз. Қазіргі сарбаздардың көбі смарт­фонмен өсіп жатыр. Ауылда өскен балалар болмаса, қалада тұратындардың біразы қара жұ­мыс дегеннің не екенін білмейді. Егер «ата-аналар балаларын телефонға тапсырып қойған» десем, кім менің сөзімді теріске шығара алады екен?! Жыламаса, жұмыстан кейін мазамды алмаса болды деп баланың қолына телефон беріп қойып, ата-ана өзі де WhatsApp, Instagram қарап отырады. Бізге, әскерге сол телефонмен өскен бала келіп жатыр. Әрқайсысының миына, ойына кіруіміз керек. Бәрінің бірдей санасына жету мүмкін емес.

– Әскер өміріндегі құбылыс­тарды «сырт көз» – азаматтық сала маман­дарына зерттету, соның ішінде пси­холог, социологтерді тарту мәселені өзге қырынан тануға мүмкіндік беруі ықтимал. Әскерде мұндай бағытта зерттеулер жасала ма?

– Психологиялық қызметтің тиім­ді жұмыс істеуі үшін жыл сайын психолог мамандар жоғары оқу орындарында біліктілікті арттыру, қайта даярлау курс­тары­нан өтеді, сондай-ақ азаматтық сала мамандарымен психолог маман­дарының ой-өрісін, көз­қарасын кеңейту және тәжірибе алмасу үшін тар бейінді психолог мамандарын (суицидологтер, лудомания, психодиагностика, психологиялық консультация беру) тарта отырып, Қазақстан Қарулы Күштерінің тектері, әскер түрлері ауқымында жиын өткі­зіледі.

Ал Қорғаныс істері жөніндегі департаменттерде жастарды әс­керге шақыру кезінде медицина­лық комиссия құрамына сол облыс­тағы, қаладағы азаматтық саладағы білікті мамандар іріктеу арқылы шақырылады. Олардың ішінде тәжірибелі дәрігерлермен қатар азаматтық персоналдар қата­рынан психологтер де, социологтер де бар.

Осы жылдың маусым айының соңында телеарналардың бірі Қорғаныс министрлігі өкілімен сұхбат өткізді. Сол телехабарда ха­лық арасында өткізілген, жастар­дың әскерге бару-бармауы туралы сауалнама жүргізілді. Барлығы бір­ауыздан әрбір еркек азамат әскерге баруға, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеуге міндетті деп жауап берді. Бір әйел «Балам әскерге барса, адам болып келер еді» деп те айтып қалды.

Қорғаныс министрлігі жы­лына 13 мыңнан астам баланы әскер қатарына шақырады (Қазақ­стан Қарулы Күште­ріне, басқа да әскерлері мен әскери құрама­ларына жылына 32 мыңнан астам сарбаз шақырылады), Олар қолына қару ұстап, оны меңгеріп, балалық сезімді артқа тастап, ересек болып ел-жұртына орала­ды. Дегенмен әскери өмір кезінде жастардың мінез-құлқындағы, психо­логиясындағы өзгерістерді бақылап отырамыз. Алайда маман­дар кейде суицид жасаудың алдын алуға қауқарсыз болып қалатыны бар.

– Әдетте, әскер қатарына шақы­­рылатындар медкомиссиядан өтеді. Дәрігер-психолог, психи­атрлар суи­цидке баруы мүмкін азаматтарды болжауға қауқарсыз ба?

– Қорғаныс істері жөніндегі де­партаменттердің жиын пункт­терінде әскерге шақырылушылар бірінші кезекте жарамдылық дәре­жесі бойынша медициналық ко­миссиядан өтеді, тек содан кейін психолог мамандар әскерге шақы­рылушыларды психо­логиялық зерделеу (құжаттарды (жеке істе­рін) талдау, психо­логия­лық тес­тілеу, жеке әңгімелесу, байқау және сұрау) бойынша жұмыс жүргізеді.

Осы зерделеудің нәтижелері бо­йынша психологтер кандидат­тардың әскери қызмет өткеру үшін жарамдылық дәрежесі тура­лы «бірінші кезекте ұсынылады» деп бірінші санатта, «ұсынылады» деп екінші санатта шақы­рылатындарға ұсыным береді, «шартты түрде ұсынылады» деп үшінші санат бе­ріл­гендер қата­рына әскери бөлім­дерден әскер қатарына шақырылу­шыларды қабылдауға келген әске­ри қыз­мет­шілердің шешімімен алы­натындар жатады, яғни оларды қандай бөлімге, қандай маман­дыққа тағайындауға болатыны зерделенді, «ұсынылмайды» деп берілетін төртінші санаттағыларға жеке психологиялық тұрақты­лығы және жаңа жағдайға икем­ділігі төмен, сондай-ақ өз-өзіне қол жұмсауға бейім деп анық­талған адамдар жатады, олар әскер қата­рына шақырылмайды.

Ғылыми дәлелденбегенімен, өз-өзіне қол жұмсаушылықтың көбіне тұқымқуалаушылық тұстары бар екенін зерттеулер көрсетеді. Көп жағдайда суицидке барғандардың туыстары да өз-өзіне қол жұмсағаны белгілі болып жатады. Ол тіпті жақын арада емес, 10-15 жыл бұрын да болғаны анық­талып жатады. Мен мұны тек әскер ішін­дегілерге қатысты айтып отыр­ған жоқпын, жалпы халық арасын­дағы жағдай осындай екенін өздеріңіз де білесіздер. «Түс көрдім, түсімде бауырым (қайтыс болған жақыны туралы) шақырып жүр» деп айтып жүр еді, «асылып қалып­ты ғой» деген әңгімелерді жиі ести­міз. Осылай ести тұра, біле тұра қан­ша адамнан туыстары айыры­лып қалды. Ал үндемей, іштей ты­нып жүретіндерді қайтеміз?!

– Көп жағдайда әскердегі өлім-жітімді әлімжеттікпен бай­ланыс­тырады. Шынымен солай ма?

– Жоқ. Мұндай фактілер си­рек кездеседі. Кем дегенде, соңғы 7-8 жыл ішінде Қарулы Күштерде өзара қарым-қатынастың жарғы­лық ережелерін бұзу немесе қол жұмсау арқылы билікті теріс пай­далану салдарынан мерзімді қыз­мет әскери қызметшінің қаза болуы­ның бірде-бір оқиғасы бол­ған жоқ.

Бұрынғы Кеңес Одағы кезін­дегі­дей «дедовщина» деген жоқ. Өйткені мерзімді әскери қызмет бар болғаны бір-ақ жыл. Әскерге жастар жарты жыл сайын шақы­рылады. Осыған қарамастан жарты жыл сайынғы шақы­рылатындардың өзін, тіпті шама келгенше әр облыс жастарын бір-бірімен аралас­тырмаймыз. Бір жыл мерзімін атқарған сарбаздар кеткен соң ғана жаңа буын әскери бөлімге келеді. Ол бір жағынан жағымсыз «дәс­түрлерін» көрсетіп кетпесін деген оймен жасалады.

Әрине, 200-300 бозбала жи­нал­ған жерде, әрқайсысы өзінің үстем­дігін көрсеткісі келеді. Ол адам баласының табиғатына тән жағдай. Қаншалықты бақылап, қарап жүргеннің өзінде шекісіп қалып жатады. Оны әлімжеттік (дедов­щина) деп атауға бол­майды.

– Сіздер, офицерлер әлімжеттік азайғанын айтасыздар. Ал әскер қатарында болғандар оның фор­масы өзгергенін алға тартады. Қазір ұрып-соғу азайғанмен, психологиялық қысым, буллинг элементтері бар деседі. Сырт көзге ойын, қалжың тәрізді көрінуі мүмкін. Іс жүзінде әлімжеттік дейді. Шын ба?

– Әскердегі казармалық бұза­қы­лық құбылыстар толығымен жойылды деп айтуға болмайды. Өкінішке қарай, мұндай фактілер кейде кездесіп жатады, бірақ олар біртұтас және жаппай жүйелік сипатқа ие емес. Сонымен қатар таза ерлер арасында қақтығыстар туындауы мүмкін екенін түсіну керек, олар көбіне ауызша дау-дамай негізінде аздап басталады. Кейде мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің өздері мінез-құлқымен сержант немесе офи­цер­ді қатаң шара қолдануға итер­мелеуі мүмкін. Ешкім ешкімді қор­ламайды.
Кез келген жағдайда кінәлі лауазымды адамдар қатаң жазаға тартылады немесе Қарулы Күш­терден шығарылады.

Әлеуметтік желілерде, YouTube және тағы да басқа жерде сарбаздар арасындағы кикіл­жіңдер, офицер­лер мен сержант­тар тарапынан дөрекіліктер туралы бейне­роликтер тарап жатады. Оның көбі ескі бей­не­роликтер, яғни 8-10 жыл бұрын, тіпті десеңіз 15 жыл бұрын түсірілгендер, оған қоса басқа мемлекеттер әскерінде орын алған жағдай да бар. Қазақта «Атың шықпаса жер өрте» деген мақал бар. Кейбір азаматтар ана жерден, мына жерден ескі бейнероликтерді жинап алып, оны бөлшектеп, кесіп, қайта құрастырып, қазір болып жат­қандай етіп көрсетеді. Оны ел-жұрт көреді, ал әскерге бармаған, диванда отырған ком­мен­таторлар жағымсыз пікірлерін бұрқыратып жатады.

Барлық казармаларда сарбаз­дардың жүріс-тұрысын қарап отыратын бейнекамералар бар. Жергілікті жерлерде Әскери поли­ция өкілдерінің қатысуымен күн сайын, Қорғаныс министр­лігінің, әскер түрлерінің жоғары басшы­лықтары іссапармен бар­ғанда сар­баздарды ішкиімге дейін шешін­діріп, дене бітімдерін тексереді, оның ешқандай әбестігі жоқ. Ата-аналары бізге сеніп тапсырған соң, денелеріне бір дақ түсірмей, үйлеріне аман-есен қайтару па­рызымыз.

Сарбаздар аптасына 4 рет ата-аналарына, туыстарына телефон шалып отырады. Олар әрқайсысы қалтасына ұялы телефон салып жүрмейді, әскерде болған соң оған тыйым салынған. Бірақ әрбір ротада немесе қандай да бір бөлімшеде телефон сақтайтын темір шкаф (сейф) бар. Әскери бөлімнің командирі, оның орынбасарлары ата-аналармен әрдайым хабарда отыру үшін чат құрып қойған. Ата-ана баласымен сөйлескенде оның дауысынан көңіл күйінің болмай жүргенін байқаса, командирлеріне, олар­дың орынбасарларына уақытында айтып отырса, құба-құп болар еді. Дер кезінде шара қабылдап, келеңсіз оқиғаларға жол бермес едік.

– Әлімжеттік себептерін іздеу­де мектептегі, отбасындағы қарым-қатынас, қоғамдағы стереотиптер қарастырыла ма? Айталық, қоғамда криминалдық «понятие» дейтіннің жастар арасында әлі де болса жойылмағаны, «тоқылдақ» деп айдар тағу, интернет арқылы буллинг жасау дегендей.

– Батыр бабамыз Бауыржан Мо­мышұлы: «Тәрбие бесіктен басталады» деп айтқан еді. Сар­баз­дар әскерге айдан келген жоқ. Әскерге дейін тәрбиені ел арасында жүріп алды. Әркімге өз баласы ең момын, ең ақылды, ең ұқыпты. Кейбіреулері бала­лары­ның сыртта не істеп жүргенінен бейхабар. Әбден бұзақылық жасалып, болары болғаннан кейін, «қайдан білейік?» деп жатады.

Тентек балаларын «әскерге барсын, адам болып келеді» деп жүргендерді қанша рет естідік, көрдік. Сонда өздері 18-20 жасқа дейін тәрбиелей алмаған баласын әскер тәрбиелеу керек пе? Иә, әскери тәртіп барлығына жуығын бірізге салып береді. 99,9% пайызы айтқанды тыңдауды үйре­не­ді, қасын­дағы­лар­мен жолдас­тыққа, бір шаңы­рақтың астында (казармада) ер­кектер ұжымының ауызбір­шілігіне қалыптасады деп айтар едім. Дегенмен әскерге дейін көрген-білгенін сарбаз болып жүргенде қолданғысы келетіндер ішінара табылады.

Өткен кезең (отбасы, мектеп, тәрбие, оқыту) әскерге шақырыл­ғаннан кейін жауынгердің одан әрі мінез-құлқына белгілі бір із қалдырады. Бірақ бейімделуден кейін барлық осы бейресми ұғым­дар әдетте жойылады. Біз әрқа­шан осы бағытта жұмыс істейміз. Адамдардың белгілі бір санаты динамикалық бақылау тобына кіреді, онда оларға күшейтілген бақы­лау, психологиялық әсердің профилактикалық және тәр­бие­лік құқықтық шаралары жүзеге асы­рыла­ды. Мысалы, «Жауын­герлік дос» жүйесі тәжірибеде өзін жақсы жағынан көрсете білді, біз оны үнемі жетілдіріп отырамыз.

– Әлімжеттіктің әлі де сақ­талуы­на келісімшартпен қызмет ету жүйесінің енгізілгені қан­шалықты әсер етті? Бірнеше жыл бұрын зас­тавадағы мерзімді әс­кери қызмет­шілерді келісімшартпен жұмыс істеп жүргендер қуып жібергені жайлы мәлімет тарап еді.

– Келісімшарт бойынша әскери қызметтің енгізілуі әс­керде «дедовщина» түріндегі жарғылық емес қатынастардың сақталуына ешқандай әсер етпеді. Сонымен қатар қазір әскерде «дедовщина» деген ұғым жоқ деп айтар едім. Жоғарыда айтып кеткендей бұл өткеннің қалдығы, Кеңес уақы­тында өмір сүрген адамдардың сана­сында қалып қойған стерео­тип.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Амангелді ҚҰРМЕТ,

Aikyn.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: