HALYQLINE.KZ Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің 30 жылдығының аясында Қазақстан Республикасы Қорғаныс Министрлігі «Әскери-техникалық мектебінің» Қызылорда қаласындағы филиалының курсанттары мектеп көрмесімен танысты.
Ерте кездердегі Ел батырлары мен жауынгерлерінің көрсеткен ерліктерін осы көрмелер арқылы көз алдыңнан өткергендей боласың. Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысы сияқты қайғылы беттер туралы тарихи жадыны сақтауда көрмелердің маңызы зор.
Сол мақсатта әскери мектептің жас сарбаздарымен санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен нормаларды сақтай отырып, осы мектепте орналасқан қазақ елінің соғыс жылдарындағы ерлік көрсеткен батырларына арналған Әскери көрмені тамашалау ұйымдастырылды. Мекеме тәрбиешілерінің жетекшілігімен курсанттарға соғыс тарихы, аталарымыздың жасаған ерліктері мен өмірбаяндары айтылып, майдандағы қолданған қару-жарақ түрлері таныстырылды. Сонымен қатар, қазақ жауынгерлері мен батырларының қаламынан туған шығармалары, нақылға айналған ұтқыр сөздері және батырлық жайлы айтқан пікірлері де баяндалды.
Қызылорда қаласындағы әскери-техникалық мектебінің директорының орынбасары Қайраддин Баймаханов барлық кезеңдегі курсанттармен ұйымдастырылатын Әскери көрмені аралау жас жауынгерлердің жауынгерлік сабақтарды өту алдындағы рухани күш пен серпін алуында және әскери тәртіпке бейімделуінде өзіндік орны бар екенін атап өтті.
«Бүгін жауынгер достарыммен әскери-техникалық мектептің көрмесін тамашаладық. Тарихи сәттерді көз алдымыздан өткергендей болдық. Әскери ант қабылдау алдында Отанымыздың тарихи өмірінен таныс болғаныма қуаныштымын. Түлектердің атынан ұстаздар мен басшылық ұжымға алғысымды айтамын», – деді әскери-техникалық мектебінің түлегі Мағжан Сайлау.
Танымдық орындардың, яғни, көрмелердің курсанттарға әскери тәрбие берудегі, ата-бабалардың ерлігін есте сақтаудағы рөлі зор. Бейбіт еліміздің жас жауынгерлері үшін патриоттық тәрбиені қалыптастыру мақсатында әскери-техникалық мектепке қабылданған жас курсанттармен оқу алдында осындай көрмемен танысу ұйымдастырылады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!