Шоқан Уәлиханов атындағы Қорғаныс министрлігі әскери колледжінің өкілдері оқу орнына түсу жолдары жөнінде Қызылорда қаласы мен Жаңақорған, Шиелі аудандарында кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізді. Онда еліміздің Қарулы Күштерінің қатарына алынатын кәсіби сержанттар даярланады.
Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірлерінде жергілікті әскери басқару органдарының қолдауымен колледж өкілдері кездесулер өткізіп, оқу орнына қабылдау ережелері мен тәртібі түсіндірілуде. Аталған оқу орны құрылғаннан бері республиканың Қарулы Күштері мен басқа да күштік құрылымдарында қызмет атқарып жүрген 3500-нан астам кәсіби сержантты дайындады.
9-11-сынып оқушыларының арасында жоғарыда аталған әскери оқу орнына түсу, әскери қызмет пен әлеуметтік қамтамасыз ету, тұрғын үй, өтемақы төлеу, медициналық көмек және зейнетке шығу сияқты жеңілдіктер жайында түсіндірілді.
– Бұл оқу орнын тәмамдаған кадеттер әскери бөлімдерде бөлімше командирлері лауазымдарынан бастап, Қарулы Күштердің бас сержанты лауазымына дейін мансаптық жолмен өсе алады. Колледжге түсуге ниет білдірген азаматтар оқуға түсер жылы 17 жасқа толып, 22 жастан аспауы керек. Мерзімді әскери қызметін өткерген және келісімшартпен әскери қызметтегілерді 24 жасқа дейін қабылдайды. Колледжде оқу тегін, сондай-ақ кадеттер тұратын орынмен, тамақпен және заттай мүлікпен қамтамасыз етіледі, – деп түсіндірді әскери колледж өкілі 2-сыныпты сержант Азамат Жакупов.
Қорыта айтқанда, Щучинск қаласында орналасқан Қорғаныс министрлігінің Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжін бітірген түлектерге техникалық және кәсіптік білім туралы мемлекеттік үлгідегі диплом, «В», «С» санатты автокөлік жүргізушінің сертификаты және 3-сыныпты «БМП механик-жүргізушісі» біліктілігі беріледі.
Оқуға түсу үшін тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органдарына жүгіну қажет.
Мұхит ҚОНАРОВ,
Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы, лейтенант
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!