Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әскерге шақырылушыларды зерделеу жалғасуда

12.08.2022, 11:00 365

HALYQLINE.KZ Қызылорда қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқармасы мен аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімдерінде күзде әскер қатарына шақырылатындарды алдын-ала зерделеу жұмыстары жүргізілуде.

Қызылорда гарнизонындағы күзде әскерге шақырылатындарды зерделеу және іріктеу жұмыстары 2022 жылдың 10 шілдесі мен 28 тамызы аралығына жоспарланған. Биылғы жылдың күзгі шақырылымы алдында Сыр өңірінде 18 бен 27 жас аралығындағы екі мың үш жүзге жуық азаматтар зерделеуге жатады. Қазіргі таңда мыңға жуық шақырылушымен зерделеу жұмыстары аяқталды. Оның ішінде екі жүзден астамы әскер тектеріне іріктелініп отыр.

Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде жылына екі рет, көктемде және күзде өтеді.

Зерделеу жұмыстары негізінен екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде шақырылушылар және олардың ата-аналарымен, оқитын немесе жұмыс істейтін орындарының өкілдерімен әңгімелесу жүргізіліп, жеке істері тексеріледі. Әңгімелесу барысында денсаулық жай-күйі, моральдық сапасы, жалпы білім беру мен арнайы дайындығы және отбасы жағдайы анықталады. Әскерге шақырылушылардың жеке ісін зерделеу ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ҚР Ішкі істер органдарының және денсаулық, халықты әлеуметтік қорғау органдарының өкілдерімен бірлесе сапалы түрде жүзеге асырылады.

 – Көктемде, күзде жүргізілетін зерделеу жұмыстары арқылы шақырылушылардың көптеген мәліметтері анықталады. Әскерге шақырылушылардың әскерге шақырылғанға дейін алған мамандықтары ескеріледі, – деді Қызылорда қаласының ҚІЖБ бастығының тәрбие және идеологиялық, әскери-патриоттық жұмыстары жөніндегі орынбасары аға лейтенант Бағдат Ахимбеков.

Іс-тәжірибе жүзінде жалғасатын екінші кезеңде әскерге шақырылушылар қалалық және аудандық медициналық комиссиядан өтіп, қай әскери бөлімдерге баратындығы белгілі болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: