Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу жалғасуда

18.01.2023, 11:45 390

Сыр өңірінде Қазақстан Республикасы «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 16-шы бабы және Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 24 қаңтардағы «Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке алу қағидаларын бекіту туралы» № 28 бұйрығының 17-бабы негізінде осы жылы он жеті жасқа толатын ер азаматтарды әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу жүргізілуде.

Жергілікті атқарушы органдар азаматтарды әскерге шақыру учаскелеріне тіркеуді жергілікті әскери басқару органдарымен бірлесіп, жүргізеді. Іс-шаралар ауданның қорғаныс істері жөніндегі басқармалары мен қалалық бөлімдерінде тұрақты немесе уақытша тұруы бойынша өткізіледі.

Әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу азаматтарды есепке алу, олардың санын, әскери қызметке жарамдылық санатын айқындау, білім деңгейін, алған мамандығын және дене шынықтыру даярлығы деңгейін белгілеу мақсатымен жүргізіледі.

Жергілікті әскери басқару органдарының қызметшілері аталған мәліметтер негізінде Қарулы күштеріне, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарына алдын ала бөледі және Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орындарына түсетін кандидаттарды іріктейді.

Тіркеу барысында жастармен әңгімелесу, қажетті құжаттарды тексеру және емделуге немесе медициналық бақылауға мұқтаж жастарды анықтау мақсатымен медициналық тексеру жүргізіледі.

Жоғарыда аталған барлық тексерулерден өткен жастарға шақыру учаскесіне тіркеу куәлігі жазылып, Қазақстан азаматының алғашқы жеке есепке алу-әскери құжаты берілетін болады.

Айта кетсек, он жеті жасқа толатын жасөспірімдерді шақыру учаскелеріне тіркеу елімізде жыл сайын, қаңтар айынан наурыз айына дейін жалғасады.

Мұхит ҚОНАРОВ,

Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы

лейтенант

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: