ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес бірінші қыркүйектен бастап азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақырудың күзгі науқаны басталды, деп хабарлайды baq.kz.
Шақыру науқаны 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Жергілікті атқарушы органдардың шақыру пункттерінде 195 қалалық және аудандық шақыру комиссиялары жұмыс істейді.
Қазіргі шақырудың ерекшелігі ашықтықтың артуында. Демек әскерге шақыру комиссияларының жұмысына сарбаздар аналары мен қоғамдық комитет өкілдері қатысады.
Биыл күзде барлығы 19 мыңнан астам адам әскерге алынады деп отыр. Қарулы күштер қатарына 8 мыңның үстінде, Ұлттық ұланға – 6 мың, ҰҚК Шекара қызметіне – 3 мың, Мемлекеттік күзет қызметіне және Төтенше жағдайлар министрлігіне 300 азамат шақырылады.
Азаматтарды мерзімді әскери қызметке дайындау және оларды әскерге шақыру – үздіксіз жүргізілетін процесс. Әскерге шақыру учаскелеріне тіркелген сәттен бастап жергілікті әскери басқару органдары әскерге шақырылуға жататын азаматтарды жүйелі түрде зерделеуді бастайды. Ол үшін әскерге шақырылушының құжаттарын оқып қана қоймай, жас жігіттермен тәжірибе жұмыстары да жүргізіледі.
Шақыру науқанының басталуына қарай барлық өңірде шақыру комиссияларын басқаратын облыстар, қалалар және аудандар әкімдері орынбасарларының басшылығымен шақыру және медициналық комиссия мүшелерімен нұсқау-әдістемелік сабақтар өткізілді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қорғаныс ведомствосы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп мерзімді әскери қызметшілердің және олардың отбасы мүшелерінің әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталған мерзімді әскери қызметтің абыройын өсіру, беделін арттыру жөніндегі жұмысты жолға қойғанын айта кетелік. Бүгінгі күні мерзімді қызметке алынған сарбаздарға кредиттік каникулдар беру жөніндегі шаралар іске асырылды.
Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың оқу орталықтарында әскери қызметшілерге мемлекеттік үлгідегі куәліктер бере отырып, әскери-есептегі мамандықтарға даярлау жүргізіледі. Олар саласына қарай экономиканың нақты секторында қажет.
Қорғаныс министрлігі 70-тен астам жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелерімен мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтар үшін білім беру секторында қосымша жеңілдіктер беру туралы келісімге қол қойды. Бұл ретте жоғары оқу орындарында тегін білім алу үшін әскерде қызмет еткен 180-нен аса қазақстандық, ақылы түрде 400-ден астамы түсті.
Қазіргі уақытта әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды әскери есепке қою және шығару тұрғылықты жері өзгерген кезде автоматты түрде жүзеге асырылатынын білген жөн.
Сол сияқты жуырда шақыру учаскелеріне әскерге шақырылушыларды тіркеу туралы куәліктер беру және борышын өтемеген азаматтарға әскери билеттер беру процесі жойылады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!