Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ардагерлерге  құрмет  көрсетілді

29.12.2025, 15:40 51

HALYQLINE.KZ

Бүгін Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков Жаңа жыл мерекесі қарсаңында ауданның қоғам өміріне елеулі үлес қосқан ардагерлерді арнайы барып құттықтап, облыс әкімінің мерекелік құттықтауын және сый-сияпаттарын табыстады. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Қайраткерлік еңбегімен елге танылған тұлғалар қатарында Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», әлеуметтік сала ардагері, 78 жастағы Айдарбек Сәрсенбаев, қаржы саласының майталманы, 78 жастағы Тұңғышбай Жетпісбай, ауыл шаруашылығы, ветеринария және экология саласында ұзақ жылдар бойы үздіксіз қызмет еткен, 82 жастағы Жамалхан Баетұлы, сондай-ақ мемлекеттік қызмет саласының ардагері, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Рахым Мәуияұлы бар.

Кездесу барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмайл мен аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Исабек Сәрсенбайұлы да өз құттықтауларын жеткізіп, ел дамуына сүбелі үлес қосқан ардагерлерге құрмет көрсетті.

Аудан әкімі ардагерлердің ел үшін еткен еңбегін ерекше атап өтіп:

— «Сіздердің өнегелі өмір жолдарыңыз кейінгі ұрпаққа үлгі. Біз сіздердің тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңізге әрқашан зәруміз. Жаңа жыл сіздерге денсаулық, отбасыңызға амандық, өміріңізге береке мен шаттық алып келсін!», — деп ізгі тілегін білдірді.

Кездесу барысында ардагерлер көрсетілген құрмет пен қамқорлық үшін аудан әкімі мен облыс басшылығына ризашылықтарын білдіріп, баталарын берді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: