Осыдан 78 жыл бұрын тігілген жеңіс туы бүгінгі бейбіт заманның негізі екені ақиқат. Жеңіске жету жолында қан майданда от кешіп, қасық қаны қалғанша жаумен күрескен қазақ аз емес. Бір ғана Сыр өңірінен 150 мыңдай жерлесіміз аттанып, оқ пен оттың ортасында ерліктің шынайы үлгісін көрсеткені тарих беттерінде сақтаулы. Шын мәнінде, ерлігімен елге танылып, елім деген ерлердің есімін ардақтау – кейінгі ұрпаққа артылған аманат әрі жауапкершілік. Сол аманатты арқалап, өзімнің жерлесім, соғыс ардагері, шиелілік Есіркеп Ескенеұлының өмір жолын, отты жылдардағы тағдыр тармағының қалай өрілгенін қағаз бетіне түсіруді жөн санадым. Себебі, ардагер есімін ардақтау арқылы жас ұрпаққа өнеге, ұлтжандылық, өрлік пен азаматтық секілді қасиеттерді бойына сіңіре аламыз.
Есіркеп Ескенеұлы 1914 жылы Шиелі ауданына қарасты қазіргі Алғабас ауылында дүниеге келген. Ол бес жасында әкесінен айырылып, анасымен қалады. Кейін нағашыларының қолына көшіп, сонда тәрбиеленеді. Аздап хат таныған. Нағашылары ортақол шаруа адамдары болғандықтан күн кешуі қиындап, көршіліс Өзбекстан мемлекетіне көшкенде, бала Есіркепті өздерімен ала кетеді. Сол жақтан 1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанып, майдан даласында түрлі ұрысқа қатысады. Одесса қаласы үшін болған шайқаста жараланып, госпитальға түседі. Емделіп, жазылып шыққаннан кейін қайта ұрыс даласына аттанады.
Сұрапыл соғыста елді жаудан азат ету жолында ерлікпен шайқасқан азаматтың бейбіт күнде де ел үшін жасаған еңбегі ерен. Ол көзін ашқалы колхоз жұмысын атқарып, ел ішінде талай жыл қызмет еткен. Соғыс жылдарының зардабы болар, әлде еңбеккеш жанның басына жазылғаны болар, елге келіп, еңбекке араласып жүріп ерте өмірден озды. Алдымен колхоз малын бақты, қысқы аяз бен жаздың ыстығына қарамастан тынымсыз еңбек етті. Ол туралы көзі тірісінде әкем, соғыс ардагері Яхья Сатбай былай дейтін: «Отан соғысынан кейін Есіркеп 1944 жылы Прагадан елге қайтты. Кеуде толы медаль, орден. Соғыстан оралған соң колхоз малын бақты. Жан аямай еңбек ете жүріп, кешке жұмыстан келе тілге келмей зорығып қайтыс болды. Зейнетке шығып, еңбегінің жемісін, я көзге көрінген балаларының қызығын да көріп үлгермеді. Иығынан кетпені, аяғынан керзі етігі, үстінен көнетоз киімі түспеді. Той-думанды білмеді, шаршағанда шарап ішіп көңіл де көтермеді. Өте қарапайым тұрмыс кешсе де, адамдығы мен адалдығын жоғалтпады» деп есіне алып отыратын. Ардагер майдандағы еңбегі үшін түрлі дәрежедегі «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған.
Ардагер отбасында бір ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіреді. Әйелі Ақлима екеуі ұрпақтарының білімді болуын қалаған, сауатын ашып, мамандық алуын мақсат еткен. Ұлы шахта инженері, бір қызы мұғалім, екіншісі теміржол механигі, келесісі есепші қызметтерін атқарған. Бүгінде ұл-қыздары – бейнетінің зейнетін көріп отырған жандар.
Қарапайым шаруа адамы, соғыс ардагері, арда азамат – туған жерінің мақтанышы. Тағдыр тауқыметімен қан майданда ерлік көрсетіп, жеңіс күнін жақындатуға атсалысқан Есіркеп Ескенеұлының есімі келешек ұрпақтың жадында сақталуы – біз үшін үлкен қуаныш. Отан үшін от кешкен ерлердің есімі ұмытылмауы тиіс. Сондықтан батыр есімі мәңгі ұмыт болмауы үшін өзінің балалығы мен тұтас ғұмыры өткен Шиелі ауданындағы Алғабас ауылының бір көшесін ардагер атымен атаса екен деген тілек бар. Әрине, біздің ниетіміз көптің тілеуімен орындалары хақ.
Айжан САТБАЙ,
Шиелі ауданы,
Алғабас ауылы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!