Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аралдағы түйелер «некробактериоз» ауруына шалдыққан

08.07.2021, 18:20 768

HALYQLINE.KZ Осы жылдың 25 маусымынан бүгінге дейін Арал ауданының Жақсықылыш кентінде – 13, Аққұм ауылында – 1, Қарақұм ауылдық округінде 10 бас түйенің белгісіз ауруы тіркелген болатын. Ветеринар дәрігерлердің клиникалық тексерулерінен кейін түйе малының «некробактериоз» ауруы екені анықталды. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Әнуарбек Дәрмағамбетов мәлімдеді.

Некробактериоз жануарлар арасында болатын аса қауіпті аурулардың тізбесіне жатпайды. Дегенмен де жұқпалы болып табылады. Бактериялар жарақат болған жануарларда тарайды. Көбінесе ауырған түйелердің табанын зақымдалып, мазольді қабатын бұзып түсіреді. Аталған кеселмен жануарлардың барлық түрлері ауырады. Бұл ауру әсіресе қажетті жем-шөп қорегінің болмауынан, қыстан арық, көтерем болып шыққан малдарда көптеп кездеседі. Сондай-ақ, лайлы-шалшық жерлерде, көктемде қора-жайларға механикалық антисанитарлық жұмыстардың жүргізілмеуінен пайда болады.

Әнуарбек Шәкіратұлының айтуынша, қазіргі таңда ветеринар дәрігерлер ауырған түйелерді емдеу үшін түрлі антибиотиктерді қолдануда. Оның ішінде «Бициллин-3», «АСД фракция-3» ерітіндісі, «Ашокси», «Нитокс-200» ветеринариялық препараттарын малдарға егу жүргізілуде. Препараттар мал иесінің өз қаражаты есебінен егілуде.Қазірде ауырған түйе малдарының жағдайы қалыпты. 24 бас түйенің 14 сауықты. Бұдан бөлек қосымша лабораториялық қорытынды алу үшін түйелерден қосымша патологиялық сынама алынуда. Айта кету керек, түйелер арасында мұндай ауру соңғы рет өңірде 1990-жылдары тіркелген екен.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: