Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аралда ұлттық ойындар дәріптелді

20.03.2025, 23:08 88

Бүгін Арал ауданында Наурызнама онкүндігі аясында 20 наурыз – Ұлттық спорт күні еліміз бойынша аталып өтілуде.

Ұлттық спорт түрлерін дәріптеу, халықтың салт-дәстүрін насихаттау және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған айтулы мерекенің мәні зор, маңызы ерек.

Халқымыздың ұлттық рухын асқақтатып, бірлігін нығайтатын ерекше күнді аудан жұртшылығы жоғары деңгейде тойланды. Мерекелік шаралаға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев және аудандағы құқық қорғау органдары басшыларымен бірге қатысып, көнеден келе жатқан ұлттық спорт түрлері мен салт-дәстүрлерге куә болды.

Шара алдымен жастардың сүйікті дәстүрлі ойынына айналған «Алтыбақан» ойын-сауық кешімен бастау алып, «Ұлы дала елінің ұлттық ойындары» атты ұлттық спорт түрлерінен сайысқа ұласты. Сондай-ақ, көпшіліктің қызығушылығын оятқан «Қазан шегелеу» мен «Шеге шапан» театрландырылған қойылымдары көрермен назарына ұсынылды.

Олардың ішінде қазақ күресі, арқан тарту, асық ату, тоғызқұмалақ, ләңгі тебу, жамбы ату, бес асық, бестемше, тымақ ілу сияқты халқымыздың дәстүрлі спорт түрлері жұртшылықтың ерекше қызығушылығын оятты.

Жиналған жұртшылық ұлттық ойындарға белсене қатысып, өз күштері мен ептіліктерін сынап көрді.

«Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» атты тағылымды театрландырылған көрініс пен халқымыздың дәстүрі саналатын «Беташар» салты да көпшілік көңілінен шықты.
Ұлттық спорт күні халықтың салт-дәстүрге деген құрметін арттырып қана қоймай, салауатты өмір салтына баулуға үлкен септігін тигізді.

Кешкілік мәдени шаралар легі «Наурыз-Думан» атты мерекелік концертпен түйінделді. Кеште өз өнерлерін ортаға салған Жақсықылыш кенті мен Жіңішкеқұм ауылдық округіндегі білім беру ұйымдары мен ауылдық клубының өнерпаздары жұртшылықтың ерекше ықыласына бөленді.

Айта кетейік, Наурызнама онкүндігі аясында өтіп жатқан шаралар легі ертең де өз жалғасын табады. 21 наурыз – Ынтымақ күніне орай ауданда кең көлемде мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Бұл күні қазақ халқының тұрмысына тән сан түрлі салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар қайта жаңғырып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтеді. Сондай-ақ, мәдени мұралар, құнды жәдігерлер де көпшіліктің назарына ұсынылады.

Ынтымағы ұйысқан аудан жұртшылығының көңілін шалқытар шауақты шаралар сол күні кешлік мерекелік гала-концертпен түйінделеді.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: